Accessibility links

АҚШ-тағы президент сайлауы: Дауыс санын есептеу басталды


Демократ Джо Байден (сол жақта) және республикашыл Дональд Трамп.
Демократ Джо Байден (сол жақта) және республикашыл Дональд Трамп.

АҚШ-тағы президент сайлауында дауыс санын есептеу басталды. Америка ақпарат құралдары біртіндеп алғашқы нәтижелерін де жариялап жатыр.

Президенттіктен республикашыл Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент, демократ Джо Байден үмітті.

Қай кандидаттың жеңетіні бұлыңғыр болып тұрған штаттарда атап айтқанда, Джорджия, Флорида, Солтүстік Каролина, Огайо, Пенсильвания, Мичиганда сайлау учаскелері жабылған. Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 5-те (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңертеңгі сағат 8) - Висконсин, Аризона, Техас, таңғы сағат 6-да - Айова, 7-де Калифорнияда сайлау учаскелері жабылады.

Associated Press агенттігі сайлау нәтижесі біршама айқын делінген штаттарда нақты кім жеңетінін болжай бастады. АР агенттігінің мәліметінше, Мәскеу уақытымен таңғы сағат 4-те Байден 9 штатта жеңіске жеткен. Ал Трамп 7 штатта басымдыққа ие болған.

Сайлауда жеңіске жету үшін кандидатқа электорлар алқасының 270 дауысы керек.

Әдетте жеңімпаз сайлаудың ресми қорытындысы жарияланғанға дейін белгілі болады. Ақпарат құралдары жекелеген учаскелердегі дерек негізінде болжам жасайды.

Алайда биыл 97 млн сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс берген. Көптеген бюллетень пошта арқылы жөнелтілгендіктен кейбір штаттарда дауыс санау бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Бұл жолғы сайлауда сайлаушылар белсенділігі соңғы 100 жыл ішінде болмаған деңгейге жетейін деп тұр.

Жалпыұлттық сауалнама Байденнің жеңетінін көрсеткен. Алайда АҚШ-та сайлау қорытындысы бірқаттар штаттардағы дауыс беру барысына байланысты анықталады.

Оқи отырыңыз: Праймериз, кокус, электоралды жүйе. АҚШ-тағы президент сайлауын қарапайым тілмен түсіндіреміз

Америка сайлаушылары осы сайлау аясында өкілдер палатасындағы 435 орын мен сенаттағы 100 орынның 35-ін кім иеленетінін де анықтайды, 11 губернатор мен жергілікті билік тармақтарындағы түрлі қызмет иелерінен үмітті кандидаттарға дауыс береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG