Accessibility links

Жамбыл облысы: Күрдтер тұратын Қасқабұлақтағы шабуылға байланысты 10 адамның үстінен сот өтіп жатыр


Жамбыл облысы Талас ауданы Қасқабұлақ ауылы. Тамыз айы, 2020 жыл.
Жамбыл облысы Талас ауданы Қасқабұлақ ауылы. Тамыз айы, 2020 жыл.

Жамбыл облысы Талас аудандық сотында тамыз айының ортасында Қасқабұлақ ауылында болған шабуылға байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Биыл 11 тамызға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Жамбыл облысы Талас ауданындағы негізінен этникалық күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылында тәртіпсіздіктер болғаны, "ауылдағы үйлердің бүлініп, тұрғындардың бас сауғалап қашқаны" туралы хабар тараған еді. Осыған дейін тұрғындар түнде белгісіз топтың ауылға шабуыл жасап, үйлерге тас лақтырғанын, соның кесірінен үйлер бүлінгенін хабарлаған. Кейбір ақпарат бойынша, оқиғаға "Қасқабұлақта тұратын ер адамның бір әйелді сабағаны жайлы" ақпарат себеп болған.

Ізінше оқиғаға байланысты "Бұзақылық" бабы (Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 1,2 тармақтары) бойынша қылмыстық іс қозғалып, 14 адамның ұсталғаны хабарланды.

Ал қазір айыпталушылар санының 10-ға дейін қысқарғаны белгілі болып отыр. Олардың барлығы 1990-96 жыл аралығында туған: Еламан Дәулетәлі, Тимур Берденов, Мақсат Сергебаев, Айдар Мүсілім, Қуаныш Әбдіразақов, Қылышбек Бөрібаев, Данияр Бердияр, Дархан Абдуллаев, Ғалымжан Жүзжасаров, Данабек Мырзаханов. Олардың құқықтарын сотта 5 адвокат қорғап отыр.

9 адам жәбірленуші ретінде танылған: 7-і - Қасқабұлақ ауылының тұрғындары, біреуі - оқиға кезінде терезесі шағылған мәдениет клубының директоры, біреуі - ішкі саясат бөлімінің қызметкері. Істі судья Гүлмира Әлімқұлова жүргізіп жатыр. "Бұзақылық" бойынша айыпталып отырған Қаратау қаласының 10 тұрғыны осыған дейін кепілмен босатылған.

Жұма, 6 қараша күнгі екінші сот отырысында айыпталушыларға сөз беріліп, олар өздеріне тағылған айыптарды толық мойындады. Айыпталушылардың сөзіне қарағанда, 10 тамызда WhatsApp желісі арқылы "күрд жігіттің қазақ қызын зорлағаны туралы" хабарлама келген. Сол күні кешке өзара жиналып "сыбысты" талқылаған Қаратау жігіттері Қасқабұлаққа барып, "мәселені анықтағысы келген". Олар сотта "ашуға беріліп, үйлерге тас лақтырып, терезелерін шаққанын" айтты.

Сотта айыпталушылардың бүлінген барлық мүлікті өтегені, жәбірленушілердің оларға кешірім берілгені айтылды.

Осыған дейін жергілікті полиция шабуыл болмай тұрып ауруханаға "бетінде қанталаған ісік" (гематома) бар 62 жастағы әйел адамның түскенін, күдікті ретінде Қаратау қаласының 46 жастағы тұрғыны мас күйінде ұсталғанын хабарлаған еді. Бұл оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру" бабы бойынша іс қозғалған. Дәл осы оқиға "ақыры шабуылмен аяқталған сыбыстың тарауына түрткі болуы" мүмкін.

1200-ге жуық тұрғыны бар Қасқабұлақ ауылы Талас ауданы орталығы Қаратау кентінен 20 шақырым жерде, тау ортасындағы өзен жағасында орналасқан. Негізінен этникалық күрдтер тұратын ауылда әкімдік, орта мектеп, медициналық пункт, полиция учаскесі мен кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар бау-бақша салып, мал бағып күн көреді.

Қазақстанның оңтүстігінде этникалық ұлт өкілдері топтасып тұратын елді мекендер аз емес. Мемлекет басшылығы Қазақстанды "жүз ұлт пен ұлыс" пен сан түрлі діни конфессиялар өкілдері тату-тәтті тұратын ел ретінде көрсетуге тырысады. Әйткенмен мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан бергі өткен уақыт ішінде елдің әр тұсында азшылық ұлт өкілдері тұратын елді мекендерде жаппай қақтығыстарға ұласқан жанжалдар болған.

Биыл 21 шілде күні Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасындағы кикілжің жаппай қақтығысқа ұласып, бірнеше үй мен көлік бүлінген. Түнгі оқиға кезінде үш тұрғын, бір полицей жараланды. Ауылға полицияның арнайы жасағы кіргізілді.

Ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында этникалық дүнгендер шоғырланып тұратын бірнеше ауылда қазақтар мен дүнгендер арасында болған қақтығыста 11 адам қайтыс болды. 140 тұрғын және 20 полицей жараланған. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қирап, 342 адам жәбірленуші деп танылған.

Қазақстан билігі мұндай оқиғалардың барлығын "тұрмыстық жанжал" деп сипаттайды.


  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG