Accessibility links

Жанжал болған Шорнақ ауылына арнайы жасақ кіріп, күзет күшейді


Түркістан облысы Шорнақ ауылына кіреберістегі блокпост. 23 шілде 2020 жыл.
Түркістан облысы Шорнақ ауылына кіреберістегі блокпост. 23 шілде 2020 жыл.

Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы қазақтар мен өзбектер тұратын Шорнақ ауылындағы жанжалдан кейін елдімекеннің кіреберісіне полиция блокпост қойып, ауылды арнайы жасақ күзетіп жүр. Полиция ауылға адамдарды, көліктерді тексеріп кіргізіп тұрды. 23 шілдеде Азаттық тілшісі ауылға барып қайтты.

Тұрғындар тілшіге төбелес қазақ және өзбек жастары арасында болғанын айтқан.

Азаттық тілшісінің сөзінше, ауылда адам аяғы аз. Шорнақта ондаған арнайы жасақ жүр, бірнеше автобус, өрт сөндіргіш машина байқалады. Ауыл шетіне әскери палатка құрылған. Тілші екі үйдің терезесі сынғанын, төрт көліктің бүлінгенін көрген. Тұрғындар бұл мүліктер жергілікті өзбектерге тиесілі екенін айтты.

Шорнақ ауылында жүрген арнайы жасақ. 23 шілде 2020 жыл.
Шорнақ ауылында жүрген арнайы жасақ. 23 шілде 2020 жыл.

Ауыл сыртында тұрған полиция, ішінде жүрген арнайы жасақ та жанжалға не себеп болғанын айтпады. Ал ауылдықтар Азаттық тілшісіне 20 шілдеде кикілжің бір-бірінен сіріңке сұраған ауылдағы екі жігіттің арасында шыққанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, кейін 21 шілдеге ауған түні бірнеше жігіт келіп, ауылдағы үйлерге тас лақтырған.

Шорнақтықтар оқиға жайлы ашылып сөйлей бермейді, тек бірі "мұндай жанжалдар ауылда бұрын да болғанын" айтты.

Бірнеше азамат жараланған, 80 адам ұсталған. Шорнақта не болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

Түркістан облысы әкімнің орынбасары Сәкен Қалқаманов Азаттық тілшісіне жанжалға байланысты облыс әкімдігі арнайы штаб құрғанын, оқиғаның жай-жапсары тексерілетінін мәлімдеді.

- 23 шілдеде 40 шақты жас жігіт жиналып, "біздің жігіттерді босатыңдар" деген. Бірақ ол әңгіме тоқтады. Ауыл ақсақалдары келіп, полиция және облыс, аудан әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бәрін реттедік. Енді бәрін сот шешеді. Қазір жағдай тұрақты, ауыл тыныш. Ешқандай ұлтаралық қақтығыс жоқ, тек тұрмыстық қақтығыс, - деді ол.

Қалқаманов тілшіге ауыл сыртындағы блокпост коронавирустың тарауына байланысты қойылғанын, Шорнақта вирус жұқтырғандар барын айтты. Әкім орынбасары Азаттық тілшісінің "ауылға арнайы жасақ не үшін кірді?" деген сауалына "бұл жердегі [оқиғадан соң] төрттен көп адам ұсталып, оннан астам адам қатысқаннан кейін соларды табу үшін полиция осындай шешім қабылдады" деп қысқа қайырды.

Терезесі сынған үй мен бүлінген көлік. Шорнақ ауылы, 23 шілде 2020 жыл.
Терезесі сынған үй мен бүлінген көлік. Шорнақ ауылы, 23 шілде 2020 жыл.

Шорнақ ауылында жанжал болғаны жайлы ақпарат 23 шілдеде тараған. Осы күні Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы төбелестен 22-23 жастағы үш адамның жараланғанын хабарлады. “Олардың бірі көзінен ауыр жараланып, ауыр халде” деп мәлімдеді.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Шорнақ ауылында "ер адам мен ауылдастарының арасында түсінбеушілік болып, соңы бұзақылыққа ұласқан". Полицияның айтуынша, "жәбірленушінің үйіне көлікпен келген бірнеше адам оның және көршілерінің үйіне тас лақтырған". Үш адам жарақаттанған. Оқиға орнына барған учаскелік полицейге де тас тиіп жарақаттанған.

Шорнақ ауылындағы терезесі сынған үй. 23 шілде 2020 жыл.
Шорнақ ауылындағы терезесі сынған үй. 23 шілде 2020 жыл.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде полиция формасын киген ер адамның иегі мен кеудесінде қан бары көрінеді. Оның жанында тұрған тұрғындар "тас лақтырғандардың әрекетін" айыптайды. Департамент мәлімдемесінде "полицейдің тұрғындардың қару қолдануына жол бермегені" де жазылған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Шорнақтағы оқиғадан соң төрт адам ұсталғанын, екі адам сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеді. "Бұзақылық бабы бойынша сотқа дейін тергеу жүріп жатыр" деп жазылған министрлік сайтындағы мәлімдемеде.

ІІМ хабарламасында "әлеуметтік желідегі видеоларда арандатушылық фактісі бар-жоғы тексерілетінін", "жалған ақпарат таратқан алты адам ұсталғанын" айтылған. Ведомство интернетте ескі видео тарап, онда заңға қайшы және зорлыққа шақыратын әрекеттер бар деп мәлімдеді.

24 шілдеде ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі жақтанда жанжалға қатысқан адамдар ұсталғанын, төрт адамның қамалғанын айтты. Сөзінше, тергеу Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және денесі жараланған полицияның оқиғасы бойынша "Билік өкіліне күш көрсету" бабымен жүріп жатқанын айтты.

Интернетте тараған видеоларда "жергілікті қазақтар мен өзбектер төбелескені, мұндай оқиға бұрын да болғаны" айтылады.

ІІМ мәлімдемесінде "Шорнақ ауылында полицияға өзбек қлтының өкілдері шабуылдады деген сөз тарап жүр. Бұл жалған және шындыққа жанаспайды" деп жазылған.

Қазақстанда жергілікті қазақтар мен өзге ұлт өкілдері арасында кикілжіңдер ара-тұра болып тұрады. Биыл 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелестен 11 адам қайтыс болған. Қазір осы оқиғаға байланысты елуден астам адам жауапқа тартылып жатыр.

Билік мұндай жағдайлардың барлығын “тұрмыстық жанжал” дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG