Accessibility links

АҚШ "Шығыс Түркістан Ислам қозғалысын" террорлық ұйым тізімінен шығарды, Қытай "бұл қатені дереу түзеуге" шақырды


Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданындағы Қашқар қаласы. 2017 жыл.
Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданындағы Қашқар қаласы. 2017 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданында әрекет етеді делінген "Шығыс Түркістан ислам қозғалысын" террорлық ұйым тізімінен шығарып тастады.

АҚШ-тың жаңа заңдары мен ережелері жарияланатын "Федералдық реестрдегі" түсіндірмесінде бұл ұйымның терристер қатарынан алынатынын мемлекеттік хатшы Майк Помпео жазған.

Оған себеп - "соңғы он жылдан астам уақыт ішінде "Шығыс Түркістан Ислам қозғалысының" бар екені туралы сенімді дерек болмаған". Мұны мемлекеттік департаменттің өкілі Guardian басылымына айтқан.

Кейде "Түркістан Ислам партиясы" деп те аталатын топты террористік ұйымдардың қара тізіміне 2004 жылы АҚШ президенті Джордж Буш әкімшілігі енгізген. Ол тұста АҚШ "террормен күрес" операциясын жүргізіп жатқан.

Бірақ ғалымдар "Шығыс Түркістан Ислам қозғалысының" басы бүтін ұйым екеніне және оның Шыңжаңда болған шабуылдарға қатысы бар екеніне ешқандай дәлел жоқ дейді. Вашингтонда орналасқан Ұйғырлардың құқықтарын қорғау жобасы "көп кешіккен" шешімді қолдайтынын және бұл "Қытайдың айыптауларын нақты жоққа шығаратын" шешім болғанын айтты.

"Қытайдың ойлап табылған "Шығыс Түркістан Ислам қозғалысын" пайдаланып істеген зарарлы әрекеттерінің салдары шынайы, 20 жылдық мемлекеттік террор ұйғырларға қарсы бағытталған" деді ұйымның атқарушы директоры Омер Қанат.

Шыңжаңдағы ұлттық саясатын негіздегенде Қытай билігі "Шығыс Түркістан Ислам қозғалысын" жиі айтады. Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының айтуынша, аймақта 1 миллионнан астам мұсылман "қайта үйрету лагерлерінде" заңсыз отыр.

Қытай Шыңжаңда лагерлердің бар екенін мойындаған, бірақ Пекин оларды Ислам радикализмін бәсеңдету үшін ашылған үйрету лагерлері деп атайды.

Белсенділер Қытай билігі Шыңжаңдағы түркі халықтарын күшпен ассимиляциялап жатыр деп жиі айтады.

Вашингтонға бірден жауап қайтарған Қытай АҚШ-тың бұл шешіміне "мүлде көңілі толмайтынын әрі онымен түбегейлі келіспейтінін" мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың CGTN арнасы хабарлады.

- Терроризм деген – терроризм. АҚШ қателігін дереу түзетіп, террорлық ұйымдарды "ақтауды" және халықаралық терроризммен күрестегі ынтымақтастықта кері кетуді тоқтатуы тиіс, – деді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь жұмада өткен күнделікті баспасөз мәслихатында.

"Шығыс Түркістан Ислам қозғалысы террористік және зорлық-зомбылық әрекеттерге ұзақ жылдан бері қатысып келеді. Соның кесірінен көп адам шығыны болып, мүлік қирады, ол Қытайдың ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр" деді Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG