Accessibility links

Беларусьте 13-ші жексенбі қатарынан наразылық шеруі өтеді


Минскідегі 1 аурухана маңындағы медицина қызметкерлері наразылығы. 7 қараша, 2020
Минскідегі 1 аурухана маңындағы медицина қызметкерлері наразылығы. 7 қараша, 2020

Бүгін Беларусьте Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап ететін наразылық шарасы тағы өтпек. 9 тамыздағы президент сайлауына алтыншы рет қатысқан Лукашенко жеңімпаз деп жарияланған. Содан бері нәтижемен келіспеген халық толассыз наразылық өткізіп жатыр. Әсіресе демалыс күндері Минск және басқа қалалардың көшелеріне мыңдаған адам шығып тұрады. Наразылық шеруі осымен 13-ші жексенбі өткізілмек.

Қауіпсіздік күштері 1 қарашада наразылыққа шыққан 200-ден астам адамды ұстаған. Шеруге шыққандарға қарсы құлақ тұндыратын граната, жас ағызатын газ және резеңке шоқпар қолданған.

Кеше, 7 қарашада, елде медицина қызметкерлерінің Лукашенкоға қарсы наразылық жиыны өткен. Полиция ондаған медицина қызметкерін қамауға алды.

"Вясна" құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, 60-қа жуық дәрігер мен денсаулық саласының басқа қызметкері қамалып, полиция бөлімшелеріне жеткізілген.

Азаттықтың Беларусь қызметінің мәліметі бойынша, дәрігерлер арасында алғаш болып Юлия Ярмак ұсталған. Оның айтуына қарағанда, полиция бір журналистен басқалардың барлығын 7 қарашада босатуға уәде берген.

Беларусьте сайлаудан бері күн сайын дерлік наразылық болып жатыр. Батыс елдерінің басшылары президент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын айтып, Беларусь басшылығына, соның ішінде Александр Лукашенкоға санкция салды.

Сайлаудан соң өзіне және отбасына қауіп төнгендіктен, Литваға кетіп қалған оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская наразылығын білдіріп, батылдық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді және пандемия тұсында денсаулық саласы мамандарына қысым жасап жатқан билікті сынға алды.

Наразылыққа және ереуілге қатысқаны үшін бірнеше дәрігер жұмыстан шығарылған. Тихановская "билікте қалу үшін адамдардың өмірін қиюға барып отыр" деп Лукашенконы сынға алды.

Коронавирус пандемиясын тоқтату үшін локдаун енгізу қажет деген медицина қызметкерлері мен қарапайым халық биліктің індетпен күрестегі саясатын өткір сынап келеді.

Лукашенко көктем-жазда пандемияның маңызын төмендетіп келді де, вирустың екінші кезеңі басталған 1 қарашада құрлықтағы шекара арқылы шетелдіктердің кіруіне шек қойды.

Сондай-ақ, Тихановская билік пандемияның елдегі салдарын жасырып отыр деп санайды.

7 қарашада Беларусьте коронавирус жұқтырған 997 адам тіркелді, бұл – рекордтық көрсеткіш. Елде вирус жұқтырған 105 283 адам тіркеліп, 1 004 кісі осы дерттен көз жұмған.

7 қарашада Минскіде өткен әйелдер маршында және 14 адам ұсталған деп хабарлайды "Вясна" ұйымы.

Алдыңғы сенбідегі сияқты бұл жолы да гүл ұстаған әйелдер Лукашенкоға қарсылық білдіріп, Тәуелсіздік даңғылымен жүріп өтті.

Бұған қоса, Тихановская Лукашенконы халықтың келісімін сұрамастан, Литва шекарасына жақын жердегі Островец қаласы маңында атом электр стансасын салғызғаны үшін сынады.

Беларусьтегі алғашқы атом электр стансасы қоршаған орта мен қауіпсіздікке зиян деп, оны Литва өткір сынап келеді.

7 қарашада АЭС-ті ресми түрде ашқан Лукашенко "Беларусь ядролық держава болады" деді.

"Островец атом электр стансасы – мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, болашаққа жасалған жаңа қадам" деді Лукашенко.

Мәскеу берген 10 миллиард доллар несие негізінде Ресейдің мемлекеттік "Росатом" компаниясы салған бұл АЭС Литва астанасы Вильнюстен 50 километр жерде орналасқан.

Электр стансасы реакторларды Вилия өзенінің суымен салқындатады, Литва халқы ауыз суға осы өзен суын пайдаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG