Accessibility links

Қазақстанда тағы 46 адам коронавирус пневмониясына шалдықты


Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.

8 қарашада Қазақстанда 46 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 44 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрі бойынша адам өлімі тіркелмеген.

Қазақстан билігі ПТР-тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың басынан 8 қарашаға дейін 39 104 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 29 мыңнан астамы адам жазылған, 409-ы қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 8 қараша аралығында 116 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1899-ы қайтыс болған.

Қазір 7 030 адам коронавирустан емделіп жатыр, 375-і - бала. 2 813 науқас стационарда ем қабылдап жатыр, 190 науқастың ахуалы нашар, 20 адамның жағдайы - өте ауыр, 27 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар ресми мәліметте көрсетілгендей 116 мың емес - 156 мыңға жуықтайды.

Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

9 қарашадан бастап Қазақстанның төрт облысында (Павлодар, СҚО, Қостанай және Ақмола облыстары) карантин шаралары күшейіп, блокпостар қойылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG