Accessibility links

"Бұл катастрофа". Демалыс күндері Алматы ауасының қатты ластанғаны хабарланды


Airkaz.org сайтынан алынған скриншот.

8 қарашада кешке эко-белсенділер мен қолданушылар ауа сапасының ластану деңгейін көрсететін Аirkaz.org сайтындағы мәліметке сүйене отырып, Алматы қаласы ауасының қатты ластанғанын хабарлады.

Азаттық тілшісі кешкі сағат 19:45 шамасында Алматының кейбір аудандарында PM2.5 көрсеткішінің (ауа құрамындағы қауіпті бөлшектер) 495-ке жеткенін көрді.

Аirkaz.org жобасының авторы, алматылық эко-белсенді Павел Александровтың айтуынша, жексенбі күні кешкі сағат 21.00 шамасында кейбір аудандарда РМ2.5 көрсеткіші тіпті 550-ден асып кеткен.

- Жексенбі күні кешке қаланың төменгі бөліктерінде: Қарасуда орташа көрсеткіш - 560, Шаңырақта - 552 болды. Бұл катастрофа. Қазір құдайға шүкір, жаңбыр жауып жатыр. Біз тас ғасырында өмір сүріп жүрген адамдар сияқты табиғатты медет тұтып, жаңбыр жауып, жел соқса дейміз. Олар болмаса, бәріміз тұншығып, демала алмас едік, - дейді Павел Александров Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай нәрсе жыл сайын қайталанып отыр. Эко-белсенді қаншама адам аллергиядан зардап шегіп, тұншығып жатса да, азаматтардың үні әлсіз, ал шенеуніктер мәселеге қажетті дәрежеде назар аударып отырған жоқ деп санайды.

Павел Александров 8 қарашада кешке Facebook-тағы парақшасында "Мұржалар мен көліктер түтіндетіп жатыр, далада өрт, ауыл тұрғындары жолда өртенетін нәрсенің бәрін жағып жатыр. Барлық жерде тұман, ыс, дем алатын ауа жоқ. Қаланың іші-сырты тұтас түтін. Бүгін тағы Қарасу алға шықты. Орташа ПДК (рұқсат етілген мөлшер) 12 есе көп. Масқара" деп жазды.

​Эколог-мамандардың айтуынша, Алматы ауасының ластануына бірнеше фактор әсер етеді: көліктен бөлінетін улы газ, жылу электр станциясы мен көмір және өзге де отын жағатын жеке сектордан шығатын түтін.

Алматы қаласын жылу және электрмен қамтамасыз ететін үш жылу-электр орталығы (ТЭЦ) бар. Осыған дейін жергілікті БАҚ "Самұрық-Энерго" холдингі таратқан ақпаратқа сүйене отырып, қаладағы барлық ТЭЦ-тің газға өтетінін хабарлаған еді. 2017 жылы ТЭЦ-1 газға көшірілген. Компания мәліметінше, екіншісін газға көшіру туралы шешім қабылданған, ал үшіншісін көшіру жобасының талдау-есептеу құжаттары аяқталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG