Accessibility links

"Қара түтін жұтып отырмыз". Жастарға арнап салынған үйлер зиянды аймақта тұр ма?


Алматыдағы №2 жылу электр орталығына жақын жерде жаңадан салынған 13-ықшамаудандағы көппәттерлі тұрғын үйлердің маңында жүрген балалар. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.
Алматыдағы №2 жылу электр орталығына жақын жерде жаңадан салынған 13-ықшамаудандағы көппәттерлі тұрғын үйлердің маңында жүрген балалар. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.

Алматыда жас азаматтарға арналған жеңілдетілген несие бағдарламасымен пәтер алған кей тұрғын жылу электр орталығынан шыққан түтінге тұншығып отырғанын айтады. Экология департаменті бұл үйлер салынған кезде заң талаптары "өрескел бұзылған" деп санайды. Әкімдік айтылған уәждермен келіспейді.

Алматылық Әлия Байбөлекова қала әкімдігінің "Алматы жастары" жеңілдетілген несие бағдарламасымен Алатау ауданындағы 13-ықшамауданнан жаңа салынып біткен үйден осыдан үш ай бұрын пәтер алған. Бірақ жас отбасының қуанышы ұзаққа бармаған. Әлияның айтуынша, олар тұратын үйдің ауасы лас, үнемі түтін болып тұрады. "Таңертең және кешкісін, әсіресе желді күні түтінге көміліп қаламыз" дейді ол.

– Баламызды бірауық таза ауаға шығарғымыз келеді. "Таза ауа" деп шығарып та жүрміз. Алайда [қара түтін] бала денсаулығына қаншалық зиян тигізіп жатқанын бір Алла біледі. Үй алғанымызға қуандық. Бірақ қара түтіннің астында тұрып жатқанымыз жабырқатады. Үйді күн сайын жуамыз. Еден қап-қара болып тұрады, – дейді Әлия.

Аулада немересін ойнатып жүрген тағы бір тұрғын Мұхамедәлі Бейсенбаевтың сөзінше, түтіннен шыққан иістен демалу қиын.

Жаңадан салынған 13-ықшамауданның тұрғыны Мұхамедәлі Бейсенбаев. Алматы, 21 қазан 2020 жыл.
Жаңадан салынған 13-ықшамауданның тұрғыны Мұхамедәлі Бейсенбаев. Алматы, 21 қазан 2020 жыл.

– Кейбір желді күндері есік-терезені күндіз де аша алмай қаламыз. Немерелер күндіз үйге кіргісі келмейді. Кіргізбейін десең, ауадан иіс шығып тұрады. Бізді қойшы, асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой. Балаларға обал, – дейді қария.

Ықшамаудандағы әр үйдің алдындағы ойын алаңында оншақты бала асыр салып ойнап жүр.

Қазақстандағы ең ірі қала – Алматының әкімшілігі жаңа өнеркәсіп және мәдениет ошағына айналады деп жариялаған Алатау ауданында орналасқан бес қабатты жаңа үйлер қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2018 жылдан бері салынып жатыр.

Әкімдіктің жоспарлау және урбанистика басқармасының Азаттыққа берген мәліметі бойынша, жоба аясында мұнда барлығы 740 пәтерден тұратын 23 үй болады. Қазір 19 үй салынып, пайдалануға берілген. Қалған үйлерде құрылыс жүріп жатқаны байқалады. Экскаватор топырақты қопарып, жақын маңдағы жолды жасап, ауланы көгалдандырып жатыр.

13-ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңында жүрген балалар. Үйлердің арт жағында №2 ЖЭО-дан тараған түтін көзге шалынады. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.
13-ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңында жүрген балалар. Үйлердің арт жағында №2 ЖЭО-дан тараған түтін көзге шалынады. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.

Аулаға шыққан адам қарсы алдында қара түтінін будақтатқан екі мұнараны көреді. Бұл мұржалар – миллионер-қала Алматыға жылу мен жарық беретін үш жылу электр орталығының бірінікі. Совет кезінде салынған екінші жылу электр орталығы (ЖЭО-2) мен бұл үйлердің арақашықтығы 1 километрге жетпейді.

"МҰНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ТҮГІЛІ САЯБАҚ БОЛМАУЫ ТИІС"

Алматы қаласы бойынша экология департаментінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, бұл үйлер салынған кезде бірнеше ереже "өрескел бұзылған".

Соның ішінде ең бастысы – тұрғындар айтқан қара түтін мәселесі. Департамент дерегі бойынша, тұрғын үйлер мен жылу электр орталығы санитарлық қорғау аймағының ара қашықтығы – 940 метр. Ал Қазақстан ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №237 бұйрығына сәйкес, көмір мен мазут қолданатын, 600 мегаватт және одан жоғары электр қуатына тең жылу электр орталығының санитарлық қорғау аймағы 1000 метрден кем болмауы тиіс. Қазақстанның "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 заңына сәйкес, санитарлық қорғау аймағында жүздеген адам тұратын мұндай көпқабатты тұрғын үй түгілі демалыс аймағын, саяжай салуға, тіпті бау-бақша егуге болмайды.

Алматыдағы №2 жылу электр орталығы. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.
Алматыдағы №2 жылу электр орталығы. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.

ЖЭО-2 күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді, көміртегі оксиді және бейорганикалық шаң сияқты ластаушы заттар бөліп шығарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенген экология департаменті жүрек пен өкпе аурулары, инсульт пен рактың көп кездесуіне ауаның ластығы себеп болатынын еске салады. Зиянды заттар тыныс алу жолының қабынуына, астма, бронхит сияқты созылмалы дертке апарып соқтыруы мүмкін деп ескертеді құзырлы орган.

"Ластаушы заттар ұзақ әсер еткенде балалардағы бронхит белгілері күшейетіні анықталды. Ол тыныс алу жүйесіне және өкпенің жұмысына әсер етіп, көздің тітіркенуін тудыруы мүмкін. Тыныс алу жолдарының қабынуы жөтелге, шырыштың пайда болуына, астма мен созылмалы бронхиттің асқынуына әкеледі және адамдарды респираторлық инфекцияларға бейім етеді" делінген Алматы қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Данияр Әлімсейітовтің Азаттық сауалына берген жазбаша жауабында.

Мәселе тек тұрғын үйлердің жылу электр орталығына жақын орналасқанында ғана емес. Экология департаментінің айтуынша, бұл үйлер магистральдық газ құбырының күзет аймағында ішінара жатыр. Осы саладағы стандарт бойынша, бұл жерде ешқандай тіршілік ету нысаны болмауы керек.

Ол аздай, тұрғын үйлер қала көшесінің құрылыс салуға болмайтын "қызыл сызығы аумағына ішінара кіріп кеткен" деген ресми органның тұжырымы және бар. Яғни, экология департаментінің уәжі бойынша, бұл үйлерде тұру денсаулыққа зиян ғана емес, адам өміріне қауіпті.

"ЖОБАНЫ МАҚҰЛДАҒАН ЖЕР КОМИССИЯСЫ"

Бақытжан Сағынтаев басқаратын Алматы әкімдігіне қарасты жоспарлау және урбанистика басқармасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайтын департаменттің уәжімен келіспейді. Урбанистика басқармасының басшысы Төлеуқан Исмаиловтың Азаттыққа берген жауабына сенсек, Алматыдағы Алатау ауданы, Мөңке би көшесінің солтүстігі, Момышұлы көшесінің батысындағы 740 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы "ведомостводан тыс сараптамадан өтіп, бекітілген".

Ал экология департаменті дәл осы сараптаманың өзінде олқылық бар дейді. Ондағылардың айтуынша, аталған сараптамада "ЖЭО-2 және оның салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты орналасуы туралы ақпарат жоқ. Бұл – өрескел қателік".

Алматыдағы №2 жылу электр орталығына жақын жерде жаңадан салынған 13-ықшамаудандағы көппәттерлі тұрғын үйлер. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.
Алматыдағы №2 жылу электр орталығына жақын жерде жаңадан салынған 13-ықшамаудандағы көппәттерлі тұрғын үйлер. Алатау ауданы, 21 қазан, 2020 жыл.

Исмаиловтың айтуынша, урбанистика басқарамасының көппәтерлі тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу туралы 2018 жылғы мамырдағы өтінішін Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясы қарап, мақұлдаған. Қазақстан "Жер кодексінің" талаптарына сәйкес, бұл комиссия "депутаттардан, уәкілетті органның, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдерінен құралады".

Экология департаментінің магистральдық газ құбыры мен көшенің "қызыл сызығы" туралы уәжіне урбанистика басқармасының берген жауабы да қысқа да нұсқа болды. "Эскиздік жобаға сәйкес, тұрғын үйлер магистральдық газ құбырының қорғау аумағынан және көшенің сызығынан тыс орналасқан" делінген Исмаиловтың жауабында.

Осы негізде Алматы қалалық экология департаменті "мемлекеттік органдардың әрекетін және шешімін даулау" туралы талап арызбен қала әкімінің аппаратын және басқа да мекемелерді сотқа берген. Бірақ биылғы 30 шілдеде Алматы қаласы ауданаралық экономикалық соты бұл істі қараусыз қалдырды. Сот төрағасы Мұхамеджан Ерзақов Азаттық сауалына жауабында "талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамады және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаған" деген негіздемемен істі қараусыз қалдыруды ұйғарғанын айтты.

САҒЫНТАЕВТЫҢ "КӨПТЕН КҮТКЕН" ЖАҢАЛЫҒЫ

Әзірге дауды реттеу бойынша екі мекеме арасында қандай келіссөз жүріп жатқаны белгісіз.

Жалпы сметалық құны 2018-2019 жылғы баға бойынша 10 миллиард 436 миллион теңгеге бағаланған құрылыс аяқталып, барлық тұрғын үй бітуге таяу. Көпшілігі баспанаға әзер қол жеткізген тұрғындар зиянды қалдыққа да, магистральды газдан төнеді деген қауіп-қатерге де көндіккен тәрізді.

Есесіне, мегаполис әкімшілігі бес жыл ішінде ЖЭО-2 көмірден газға көшірілетінін қуана хабарлады. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы ресми парақшасында "Алматыдағы ЖЭО-2-ні газдандыру туралы көптен күткен шешім қабылданды. Қолданыстағы қазандық агрегаттарын қайта құру арқылы қоршаған ортаға күкірт тотығы мен күлдің бөлінуіне жол берілмейді. Ауаға бөлінетін азот тотығы мен көмірқышқыл газының мөлшері де едәуір азаяды. Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады" деп жазды.

Биыл Алматыда жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталды. Жылу электр орталықтары енді көмірді жаздағыдан да көп жағады, зиянды қалдықты да көп таратады.

"Алматы жастары" қалалық жеңілдетілген несие бағдарламасы арқасында баспаналы болған 13-шағынауданның Әлия Байбөлекова сияқты тұрғындары жылыту маусымы басталмай тұрғанда "қара түтінге қақалып жүрміз" деген. Олар ЖЭО-ның газға көшкенін күте тұра ма, әлде мемлекеттік мекемелер халық денсаулығы мен қауіпсіздігін ойлап, өзгеше бір шешім шығара ма, әзірге беймәлім.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG