Accessibility links

Теміртау тұрғындары экологиялық апат жайлы айтады


"АрселорМиттал" компаниясы метталургия комбинатының мұржаларынан тараған түтін. Теміртау, Қарағанды облысы, 12 қараша 2019 жыл.

Қазақстандағы ауасы ең лас қала деп танылған Теміртауда қоғам өкілдері экологиялық апат мәселесін қайта көтеріп, қажет шаралар қабылдауды сұрады. Билік қоршаған ортаны ластайтын заттарға қарсы күреске көмектеседі деп әлі қабылданбаған жаңа экологиялық кодекске үміт артады.

БЕЛСЕНДІЛЕР ТАЛАБЫ

Теміртаудың ауасын 765 стационарлық көз ластайды. Қаланың айналасында өндірістік кәсіпорындар көп. Аспанды торлаған тұман, қолқаны қабатын жағымсыз иіс пен терезенің алдына тұрып қалатын қара шаң – Теміртауда қалыпты көрініске айналған. Бұған сырттан келгендер ғана таңғалады. Жергілікті тұрғындар экологиялық апат мәселесін қайта көтеріп, әлеуметтік желіде ластанған ауаның қорқынышты суреттері көбейді. Экобелсенділер қала тұрғындарын улауды тоқтатуды талап етіп, шағым жазды. Тәуелсіз экологтар биыл қыста тағы да жел болмаса, қаланы қара қар басатынын айтады.

Қоғам өкілдері қоршаған ортаны онлайн мониторингілеу жүйесін орнату туралы бастаманы қайта көтерді.Белсенділер өңірде қоршаған ортаның ахуалын бақылауда ұстап, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға жауап беретін арнаулы қызмет құруды талап етіп отыр. 305 мың тонна өндірістік қалдық немесе Қазақстан бойынша шығарылған қалдықтардың 24 пайызы Теміртаудың үлесіне тиеді. Қалдықтардың басым бөлігі немесе 80 пайызы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинатынан бөлінеді.

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыковтың пікірінше, жағдайды реттеу үшін қоғамдық бақылау, ластану деңгейін онлайн-мониторингілеу, санитарлық-қорғаныс зонасы мен қалдық шығару көздеріне (қарапайым тілмен айтқанда, құбырларға) арнайы аспап (датчик) орнату керек. Бастысы, бұл жүйелерден түскен деректер күнделікті барлық адамға қолжетімді болғаны жөн.

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков. Теміртау, 31 қазан 2019 жыл.
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков. Теміртау, 31 қазан 2019 жыл.

- Видеомониторинг те жасалуы керек. Өйткені халық түнде қалдық көбірек бөлінеді деп санайды. Мониторинг жүйесіне міндетті түрде метеорологиялық қолайсыз жағдайды тұрақты бақылау да кіруі қажет. Осындай арнаулы режим бар. Оған сәйкес, жел жоқ кезде, кәсіпорын жұмыс қуатын төмендетуі керек. Қазақстанда көп жылдан бері бұл норма сақталмай келеді, ешкім аталған режимді енгізуді қолға алған жоқ. Ал онлайн-режимде ешкімге ештеңе жариялаудың қажеті жоқ, онда бәрі жазылған. Компьютер бірден ластану деңгейін көрсетіп, оның қай тұрғын үйлерге дейін жететінін шығарып береді, - дейді Дмитрий Калмыков.

Ресми деректерге сүйенген Калмыковтың сөзінше, 2018 жылы "Арселор" компаниясына тиесілі әлемдегі барлық зауыттар ауаға 55 мың тонна шаң шығарған. Олардың 26 мың тоннасы Теміртау қаласында бөлінген. Тағы 20 мың тоннадан артық қалдық – украиналық Кривой Рог қаласында тіркелген. "Ақша жұмсалып, тазарту құрылғылары салынып жатқаны" хабарланғанымен, әзірге нәтиже көрінбейді. Үкімет ластанудың жоғары деңгейін газ тазарту құрылғыларының тиімсіздігі және қоршаған ортаны қорғау шараларының уақытылы жүргізілмеуінен көреді. Қоғам өкілдері жағдайдың ушығуын үкімет тарапынан қатаң шаралардың қолданылмауы және экологиялық төлемдер мен салықтардың өңірдің басқа қажетіне жұмсалуымен байланыстырады.

ҚАУІПТІҢ ҚЫЗҒЫЛТ САРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙІ

Шаң бөлшектерінің деңгейі арқылы ауаның құрамы туралы күнделікті біліп отыру үшін жергілікті "Отражение" экологиялық қоғамдық ұйымы АҚШ елшілігінің қаржысына Теміртаудың әртүрлі бөлігінде ауа мониторингін жүргізетін үш аспап орнатқан. Ауаның сапасын қауіп деңгейі бойынша: қалыпты сары деңгейден қауіпті қызыл деңгейге дейін арнайы сайттан көруге болады.

"АрселорМиттал" металлургия комбинатының мұржаларынан шыққан түтін қала жаққа тарап жатыр. Теміртау, 12 қараша 2019 жыл.
"АрселорМиттал" металлургия комбинатының мұржаларынан шыққан түтін қала жаққа тарап жатыр. Теміртау, 12 қараша 2019 жыл.

Қараша айында осы аспаптар бірнеше рет Теміртауда қауіптің қызыл деңгейін анықтаған. Тұрғындардың айтуынша, сол күндері тыныс алу қиындаған. Қауіп деңгейінің түсіндірмесінде осылай ластанған ауа "кез келген адамның денсаулығына кері әсер етіп, респираторлық аурулары және демікпесі бар адамдарды қиын жағдайға қалдыруы мүмкін" делінген. Мұндай кезде тұрғындардың даладаұзақ уақытқа қалмағаны дұрыс.

Көбіне әлі аспаптар қалада сезімтал адамдарға кері әсер ететін сары және қызғылт сары қауіп деңгейін көрсетеді. Осындай ластану деңгейі тіркелген күндері далада жүретін уақытты шектеген жөн. Бірақ бұл аспаптар жеткіліксіз.

Біздің деректер "Қазгидромет" деректерімен сәйкес келмейді.

- Біздің деректер "Қазгидромет" деректерімен сәйкес келмейді. Менде "қауіптің қызыл деңгейін" көрсетіп тұрса, "гидромет" "жасыл" деңгейді көрсетеді. Мендегі аспаптарға ешкім сенбейді, өйткені олар тек шаң бөлшектерін ғана есепке алады. Қандай да бір шара қабылдап, шағым түсіру үшін Менделеев кестесінде кездесетін барлық улы заттарды жеке-жеке есептеп шығу керек. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Кез келген дамыған елде онлайн-мониторинг жүйесін федералды қызмет орнатады. Мемлекет қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүдделі болса, бұл жүйе шынайы картинаны көруге, кінәлілердің әрқайсысын жауапқа тартуға мүмкіндік берер еді, - дейді "Отражение" қоғамдық бірлестігінің директоры Елена Варганова.

Тәуелсіз экологтар, белсенділер мен жергілікті тұрғындар қоршаған ортаны ластайтын компаниялардың экологиялық төлемі мен айыппұлы облыстық бюджетке кетпей, Теміртаудың экологиялық мәселелерін шешуге жұмсалуы керек деп есептейді. Қоғам өкілдері шенеуніктерге жаңа экологиялық кодекске "кәсіпорын қалдықтарды қысқартып, мұны нақты тонна мен килограмм сияқты өлшемдермен растаса, экономикалық преференция беріледі" деген жолдарды қосуды ұсынды.

Эколог Дмитрий Калмыков кодекске қалдықтарды тонна мен нақты өлшем бірліктерге дейін азайту жоспарын енгізу керегін, Теміртауда бір дана өнімді дайындау кезінде бөлінетін шаң бүкіл әлемдегі "Арселор" компаниясына қарасты өндіріс орындарындағы көрсеткіштен 10 есе көп екенін айтады. Ол сондай-ақ агломерациялық өндірісте түзілетін диоксин сияқты қауіпті заттарды бақылауда ұстауға шақырды. Шенеуніктер бұл ұсынысты назарға алуға уәде берді.

ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУ – ҰЗАҚ ӘРІ ҚЫМБАТ ПРОЦЕСС

Экология министрлігі компанияларды жаңа технологиялар енгізіп, сүзгілер орнатуға ынталандыратын жаңа экологиялық кодекс дайындап жатқанын хабарлады. Билік өкілдері тепе-теңдікті сақтап, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаппай, олардың экономикаға үлес қосуын жалғастырып, сонымен қатар халықтың өмір сүруіне жақсы жағдай қалыптастыратынын айтады. Экологиялық кодекс 2020 жылы қабылданады деп жоспарланып отыр. Бірақ ұсынылған шаралар бірден күшіне енбейді.

Теміртаудағы электр метталургия комбинатының мұржаларынан тараған түтін. Қарағанды облысы, 12 қараша 2019 жыл.
Теміртаудағы электр метталургия комбинатының мұржаларынан тараған түтін. Қарағанды облысы, 12 қараша 2019 жыл.

- 2021 жылдан бастап, қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың технологиялық ерекшелігін ескеретін ұлттық анықтамалар дайындауға үш жыл уақыт береміз. Осыдан кейін 10 жыл ішінде жақсартылған қолжетімді технологияларға көшу құқығын жариялаймыз. Мұның қымбат тұратын ұзақ процесс екенін түсінеміз. Кәсіпорын жаңа технология енгізбей, бүгінгідей ауаны ластауды жалғастыра берсе, қазіргіден көп төлейтін болады. Әр жолы талапты ғана күшейте берсек, пайда болмайтынын білеміз. Кешенді экологиялық шешімдер мен қолжетімді технологияларға көшкен кәсіпорындар қоршаған ортаға бөлінген қалдықтар үшін төлемнен босатылады. Экономикалық ынталандыру шаралары мен салықтық жеңілдіктер қарастырылып жатыр, - деді Теміртауда өткен жиын кезінде экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Жаңа экологиялық кодекс аясында, Қарағанды облысында қоршаған ортаға бөлінген қалдықтар үшін жиналған төлемдер өңірдің мәселелерін шешуге жұмсалатын болады. Яғни, бұл ақша жергілікті бюджетте қалып, жауапкершілік те жергілікті билік өкілдеріне жүктеледі. Экология министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жақсартылған қолжетімді технологияларға бірінші кезекте көшуі керек 50 кәсіпорынның тізімі жасалған. Бұл тізімге соңғы үш жылда қоршаған ортаға ең көп қалдық шығарған өндіріс орындары кірген.

Металлургия комбинатынан бөлек, Қарағанды облысындағы шахталарға да иелік ететін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өкілі кәсіпорын қалдықтарды азайту мақсатында жұмыс істеп жатқанын, бірақ жақсартылған қолжетімді технологияларға көшуге шамамен 13 жыл керегін айтты.

- Тазарту құрылғыларын ауыстырып жатырмыз, газ тазарту аппараттарын жетілдіреміз. Күнделікті металл рудасы, кокс, әктастың мыңдаған тоннасы өңделеді. Шаң шығаратын негізгі көздер – аглоөндіріс, Қарағанды металлургия комбинатының жылу электр станциясы және ЖЭС-2. Күкірттің көп мөлшері бар мазуттан табиғи газға көшкіміз келеді. Біз Қарағанды көмір бассейнінің шикізатымен жұмыс істейтінімізді ұмытпаған жөн, ал оның күлі көп, - дейді "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин.

Теміртау қаласы. 12 қараша 2019 жыл.
Теміртау қаласы. 12 қараша 2019 жыл.

Теміртауда "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинатынан басқа да қоршаған ортаны ластайтын өндіріс орындары бар. Қазақстандағы ең ескі су электр станциясы да ауаны ластауға қатысады. Өйткені су электр станциясында Екібастұздың күлі көп көмірін жағады. Станция қаланың өндірістік кәсіпорындарын жарықпен, тұрғындардың бір бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Ауаны ластап отырған кәсіпорындар тізімінде Теміртау электр металлургия комбинаты да бар. Аталған кәсіпорындардың барлығы тұрғын үйлерге жақын орналасқан. 2018 жылы тұрғындардың шағымы мен мыңдаған қол жинаған "қара қарға қарсы" петициядан кейін, аталған кәсіпорындар Теміртауды сауықтырудың кешенді жоспарына қатысуға міндеттелген. Бірақ тұрғындар мен Нұр-Сұлтандағы шенеуніктердің айтуынша, қала ауасының тазарғаны байқалмайды.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG