Accessibility links

Теміртауда ауаны ластайтын зиянды қалдықтарды азайтуға уәде берді


"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны ғимаратынан шыққан түтін. Қарағанды облысы, 26 ақпан 2018 жыл
"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны ғимаратынан шыққан түтін. Қарағанды облысы, 26 ақпан 2018 жыл

Қоғам тарапынан ауаның ластануына байланысты шағым көбейгендіктен Теміртаудағы металлургия комбинаты сүзгі қоятынын мәлімдеді. Сол кезде ауаға шығаратын тозаң мөлшері жылына 200 тоннаға азаяды деседі.

Тәуелсіз экологтың есебінше, атмосфераға шығатын қалдық мөлшері 100 мың тоннаға азайса ғана ауа тазарып, "қара" түсті қардан арылуға болады.

ШАҢ-ТОЗАҢҒА АРНАЛҒАН СҮЗГІ

Экологтар мен экобелсенділер тарапынан Теміртау экологиясының нашарлығына байланысты шағым көбейіп келеді. Соңғы кезде оған билік те қосылып, аймақтағы экологияны тазартуды талап ете бастады.

Сондықтан өңірдегі ең ірі өнеркәсіп "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) жабдықтарын заманауи талапқа сай жаңартатынын мәлімдеді. Бірнеше күн бұрын компания Теміртауда атмосфераға шығаратын зиянды қалдықты жылына 200 тоннаға азайтамыз деген ақпарат таратты. Ол үшін металлургиялық кәсіпорын жақында орнатылған "жеңдік фильтрлерді" қолданады.

Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына өтініш жасап, цехта болып, қалдықтарды азайтатын жабдықты өз көзімен көріп, оның жұмысымен танысуға ниет білдірді. Алайда тілшінің цехқа кіруіне рұқсат етілмеді. "Кәсіпорында пресс-тур өткіземіз, сол кезде міндетті түрде шақырамыз" деген желеумен құтылды. Алайда олар ақпарат беруден бас тартпады.

Табиғатты қорғау мақсатында құрастырылған жабдық кокс-химиялық өндірістің көмір дайындау цехы мен агломерациялық цехында орнатылыпты. Компания советтік кезеңде орнатылған, "тазалау деңгейі төмен" жабдықты ауыстырып жатқандарын айтты.

"Жеңдік фильтр атмосфераға шығаратын зиянды қалдықты жылына 200 және одан да көп тоннаға азайтады деп үміттенеміз. Аспирациялық жабдық қала ауасын бұзудың алдын алып қана қоймай, жұмыс орнында санитарлық норманы сақтауға мүмкіндік береді. Тазалау жабдығы ретінде заманауи жеңдік сүзгілерді, электрсүзгілерді орнатуға тырысамыз; олар 20-50 мг/м3 құбырда тозаң жинайды, солайша жағдайды жақсартады" делінген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының экология жөніндегі департаменті жіберген хабарламада.

Теміртау қаласындағы түтін шығарған ғимараттар
Теміртау қаласындағы түтін шығарған ғимараттар

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының бас директоры Парамжит Калон жақында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына сапары кезінде "кәсіпорынның ауаға, су мен жерге тигізіп отырған әсері жергілікті тұрғындар ғана емес, бәріміз үшін маңызды мәселе" деп айтқан.

"Компания көрсеткіштерді жақсартуға тырысады, қалдықтарды азайтып, кәсіпорынның қоршаған ортаға ықпалын жақсартады" деген Калон.

"ҚАРА" ҚАРҒА ҚАРСЫ ЭКОЛОГТЫҢ "РЕЦЕБІ"

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Теміртау қаласының тұрғындары зиянды қалдықтың жылына 200 тоннаға азайғанын көзбен байқай алмайды. "Бұл - алып металлургия кәсіпорны шығаратын қалдықтың аз бөлігі ғана" дейді. Бірақ қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына ықпалы болады. Ауа ластаушы заттар азаяды.

Калмыковтың пікірінше, өзгерісті бірінші болып фильтр орнатылған металлургия комбинатының жұмысшылары байқауы керек.

- Ең бастысы, қондырғы зиянды қалдық бөлінген жерден оны дұрыс тазартуы керек. Комбинат қоғам өкілдерін сонда шақырып, жағдайды көрсетсе ғой. Бұған дейін көргенімде тозаңнан көз аша алмайсың, тыныстайтын ауа жоқ. Қалдықты жылына 200 тоннаға азайту – жақсы қадам. Бірақ әлі көп жұмыс істеу керек, қысқа жел соқпаса, тағы қар қарайып кетеді. Жағдайды түбегейлі өзгертіп, "қара" қардан құтылу үшін жалпы қалдық көлемін жылына шамамен 100 мың тоннаға азайту керек, - деді Азаттық тілшісіне "Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков.

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков

Өткен қыста теміртаулықтар қаладағы қардың түсі қарайып кеткенін айтып, шағымданған еді. Сол кезде Теміртаудың барлық кәсіпорындарын тексеру үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамына облыс пен қала әкімдігі өкілдері, экологтар, метеорологтар, прокуратура өкілдері кірді.

"АрселорМиттал Теміртауды" тексере келе, кәсіпорын шығаратын зиянды қалдық рұқсат етілген шектік мөлшерден асатыны анықталды, қоршаған ортаға келтірілген шығын ақшаға шаққанда 495 миллион теңгені құрады. АМТ анықталған тәртіп бұзушылықтарды жою туралы тапсырма алды. Кәсіпорын цехында "жеңдік фильтр" орнату – сол табиғат қорғау шараларына қатысты жоспарды орындаудың бір тармағы.

Теміртаудағы "қара қар"
Теміртаудағы "қара қар"

"ЖАСЫЛ КЕҢЕС" ҚҰРЫЛАДЫ

Экологтар мен экобелсенділерден құралған бастамашыл топ металлургиялық комбинат қана емес, жергілікті билік те қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, қалдықтан "тазарту" жұмыстарын шұғыл түрде жүргізуі тиіс деп санайды.

Экологтар атаған негізгі проблемалар арасында ағаштарды отырғызу мен күтім жасаудың жеткіліксіздігі, қала аумағын рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі, қалдықтар, қауіпті заттармен ластау, табиғатты қорғау шараларын жеткілікті қаржыландырмау, қоршаған ортаны қорғауға жиналатын төлемнен түскен шығын үлесінің төмендігі және жасыл желектерді шабу сияқты мәселелер бар.

Қыркүйекте Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді шара қабылдау" туралы тапсырмасынан кейін экологиялық мәселені шешу үшін экологтармен бірлесіп "Жасыл кеңес" құруды ұсынған.

Теміртау қаласының әкімдігінде облыс әкімі мен өзге де шенеуніктердің қатысуымен өтіп жатқан экология мәселесі бойынша жиын. Мұрағаттан алынған
Теміртау қаласының әкімдігінде облыс әкімі мен өзге де шенеуніктердің қатысуымен өтіп жатқан экология мәселесі бойынша жиын. Мұрағаттан алынған

Экобелсенділердің айтуынша, бұл билік тарапынан қоғам өкілдерімен ынтымақтас болуға жасалған алғашқы кесімді қадам. Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков Азаттық тілшісіне "Жасыл кеңеске" қоғам атынан кіретін экологтар мен экобелсенділердің тізімі жасалғанын жеткізген.

Жұмыс тобының экологиялық мәселені шешуге қашан кірісетіні әзірге, белгісіз. Президенттің қыркүйек айында Қарағанды облысына келген сапарында жыл сайын аймақта "атмосфераға 600 мың тонна зиянды зат" бөлінетіні айтылды. Қарағанды облысындағы зиянды шығарындының жартысына жуығы Теміртаудың үлесінде болып тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG