Accessibility links

"Қара қар" шуынан кейінгі экология жоспары


Теміртау қаласы, көрнекі сурет
Теміртау қаласы, көрнекі сурет

Қарағанды облысы әкімдігі мен Әлия Назарбаева басқаратын "Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы" Теміртау экологиясын жақсартатын жоспар ұсынды. Жобаның таныстырылуына қатысқан кейбір экологтар мен жергілікті белсенділер "ұсыныстарымыз сол күйі ескерілмеді" дейді.

Теміртауда таныстырылған қоршаған ортаны жақсарту мен жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі кешенді жоспар сынға ұшырады. "Қара қар" проблемасын көтерген экологтар мен белсенділер сауықтырудың жедел тәсілдерін ұсынады. Олар қаладағы "жасыл белдеуді" ұлғайтып, Теміртауда көбірек ағаш егу керек деп санайды. Бірақ жоспарды таныстыру жиынында жаппай көгалдандыру жұмыстары биыл жүргізілмейтіні белгілі болды.

Бастамашыл топ мүшесі Наталья Высоцкаяның "Біздің ұсыныстар кешенді жоспарға енбей қалған" деген сөзіне Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов:

- Бұл - түпкілікті нұсқа емес, жоспар әлі бекітілген жоқ. Оны сіздермен бірге пысықтаймыз, - деп жауап берді.

Жергілікті белсенділер мен экологтардың пікірінше, қаладағы өнеркәсіп орындарының тазарту жабдықтарын дереу жаңарту қажет. Олар жабдықтардың ескіруі, қолданыстағы шаң-тозаң мен газдан тазарту қондырғыларының кінәратынан өнеркәсіп қалдықтары көбейіп жатыр деп есептейді. Бұған қоса, кәсіпорындардың тұрғын үйлерге тым жақын орналасуы және қаладағы ағаштарды оңды-солды отау да зиянын тигізіп отыр.

50 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ ЖОСПАРЫ

Өнеркәсіп орындары көп Теміртаудың экологиясын жақсарту жобасы таныстырылған жиынды Қарағанды облысы әкімдігі мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева басқаратын "Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы" ұйымдастырған. Жиынды өткізуге "қара түсті қарға қарсы" петиция мен жергілікті тұрғындардың құзырлы орындарға экологияның нашарлауына қатысты жолдаған көптеген шағымдары түрткі болған.

Тұрғындар "қара қарға" қатысты петицияға қол қойып жатыр. Теміртау, 10 қаңтар 2018 жыл.
Тұрғындар "қара қарға" қатысты петицияға қол қойып жатыр. Теміртау, 10 қаңтар 2018 жыл.

Қала тұрғындары мен экологтар құрған бастамашыл топ бұл мәселені былтыр көтере бастаған. Белсенділер мұндай ауқымды шараны ұзақ күткен әрі Теміртауға арналған экологияны жақсарту жобасын жасағанда билік тұрғындар мен тәуелсіз экологтардың ұсыныстарын ескерер деп үміттенген.

Оқи отырыңыз: "Қара қардың" себебін "Теміртаудың өз ішінен" іздейді

Экологияны оңалту жоспары Теміртауда наурыздың 27-сі күні ұзаққа созылған дөңгелек үстел кезінде таныстырылды. Кешенді жоба үш жылдық кезеңге бөлінген және 2020 жылға дейін жоспарланған. Жоспарда қоршаған ортаның ахуалына мониторинг жүргізу, көгалдандыру шаралары, өндірістік жабдықтарды жаңарту мен өндіріс қалдықтарын азайту қарастырылған. Есеп бойынша, жоспарды іске асыру үшін 50 миллиард теңге (шамамен 156 миллион доллар) қажет. Әкімдік жоба республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен, инвестициялар мен кәсіпорындардың өз қаражаты, ПРООН (БҰҰ-ның даму қоры – ред.) несиелері мен гранттары есебінен қаржыландырылады деп болжайды. Биліктің есебінше, мұндай іс-шаралар өнеркәсіптік қаланы тазартуға және тұрғындар денсаулығы үшін қауіпсіз етуге септесуі тиіс.

Теміртаудағы қарайған қар. 26 қаңтар 2018 жыл
Теміртаудағы қарайған қар. 26 қаңтар 2018 жыл

Теміртаудағы қоршаған ортаны негізгі ластаушы саналатын металлургиялық комбинат сияқты өнеркәсіп нысандарының иесі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы үш жылда табиғатты қорғау шараларына 6,5 миллиард теңге инвестиция құюды жоспарлайды. Тазарту жабдықтары мен бірқатар қондырғыларды жаңарту, ауаны ең көп ластайтын қазандықтардың электр сүзгілерін жөндеу қарастырылған. Қала тұрғындары "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатуы тиіс деген мәселені талай көтерген. Бұл жүйе арқылы ауаның ластану деңгейін онлайн режимде бақылап отыруға болады.

- Кейінгі 20 жыл ішінде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар азайды. Осы уақыт ішінде көптеген экологиялық жобалар жасалып, атмосфераға бөлінетін эмиссия азайып келеді. Қазіргі кезде қоршаған ортаның ластануын азайтатын жобаларды іске асырып жатырмыз. Комбинатымыз табиғи газсыз жұмыс істейтінін, ал негізгі отын көздері - көмір, мазут, қорытқы газ, домна газдары екенін білесіздер. Кем-кетік тұстарымыз, проблемалар барын жасырмаймыз, оларды шешуге әзірміз. Ал жұрт айтып жүрген жүйеге келсек, ондай жүйені орнатамыз. Жыл аяғына дейін үлгеретін шығармыз, - дейді "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин.

Бірақ бастамашыл топ өкілдері тоғыз айдың ішінде мұндай қондырғы орнатылады деген уәдеге сенбейді.

Теміртаудағы металл комбинаты. 10 қаңтар 2018 жыл.
Теміртаудағы металл комбинаты. 10 қаңтар 2018 жыл.

Жергілікті билік Теміртаудағы тұрғын үйлер пайдаланатын энергияны үнемдеу технологияларын енгізу, жер үйлер мен ғимараттарды газдандыруды өз мойнына алды. Бұған қоса, жиында қоғамдық көлікті газға көшіру туралы уәде берілді. Әкімдік "Автоматты жылу пункттерін орнату арқылы Теміртау оқу орындарындағы жылу жүйелерін жаңарту" және қаладағы көп қабатты екі ғимараттың жылу жүйесін жаңарту да жоспарлайды. Кешенді жоспар жобасына көгалдандыру, жылжымалы экологиялық зертхана сатып алу да енген. Тұрғындар мен экологтардың пайымдауынша, бұл жоспарларды жүзеге асуы тым ұзаққа созылады әрі лас ауаны тазартуға көмектеспейді.

ЭКОЛОГТАР ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТУДІ ҰСЫНАДЫ

Эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, ақша мен жетілдірілмеген заңдарға тірелетін жүйені өзгертпей экологиялық проблеманы шешу мүмкін емес.

Өйткені топырақта ойнайтын балалар - ең көп қатер төнетін топ.

- Бұл проблеманы шешудің алғашқы амалын қылдық. Яғни халық енді үнсіз отырғысы келмейді. Қаланың ауасы өте лас екенін және оны тазартуға мүлде аз ақша бөлінетінін қазір жұрттың бәрі түсінді. Өкінішке қарай, қала экологиясын жедел жақсарту ұсынысымыз жобаға енбей қалыпты. Біз балалар ойнайтын алаңдар мен мектеп аулалары, қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үй аулаларындағы ластанған топырақ қабатын алып тастауды ұсынғанбыз. Өйткені топырақта ойнайтын балалар - ең көп қатер төнетін топ. Топырақтың беткі 10 сантиметр қабатын алып, оны қалдықтар полигонына шығарып тастаса жеткілікті. Еуропада, АҚШ-та және Ресейде өнеркәсіптік қалаларда топырақ қабатын осылай тазарту сияқты тамаша тәжірибе бар. Орнына жасанды шөп төсеуге болады. Бұл ластанған топырақтан арылтады. Қоғамдық ғимараттарда желдеткіштеріне сүзгілер орнатып қойса, ішке шаң-тозаң кірмейді. Бұған қоса, біз қалада қурап тұрған ағаштарды тамшылатып суару жүйесін жасауды ұсынғанбыз. Мұны Түркіменстанға барғанда көрдім. Ашғабадтың бір жағы жартасты тау, ал екінші жағында - шөл дала. Бүкіл қаланы айналдыра шырша, қарағай егіп тастаған. Әр ағашқа су баратын құбыр тартып қойған. Ағаштарды күтудің қарапайым жүйесі деген осы емес пе? - дейді "Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы" қоғамдық қорының директоры Дмитрий Калмыков Азаттық тілшісіне.

Жиында өнеркәсіп орындарынан бюджетке кететін экологиялық төлемдер мен айыппұлдан түскен қаржы қалаға берілсе, Теміртаудың экологиялық проблемаларын шешуге жұмсалса деген мәселе тағы қозғалды.

Николай Радостовец.
Николай Радостовец.

- Теміртаудағы экологиялық жағдай қиын. Қара түсті қар жауады, тұрғындардың көбі қаладан кетіп жатыр. Кеткендер саны өткен жылдардан көп. Экологияны әбден бүлдіріп алдық. Ал оны жақсарту үшін тұшымды ешнәрсе істеп жатқан жоқпыз. Компанияларға экологиялық төлемдерді төлеп отыра беру тиімді болып тұр. Мұны дұрыстап шешу керек. Премьер-министрге әлгі төлемдерден түскен қаржы кезең-кезеңмен ластану көзінде қалса деген ұсыныспен жүгінбекпіз. Бірақ бізде экологиялық төлемдер – бюджеттің кіріс бөлігі. Бұл қаржы республикалық бюджеттен өтелсе деген ұсыныс білдірмекпіз. Сонда ғана бұл қаржы экологиялық проблемаларды реттеуге жұмсалады, - деді Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары ассоциациясының директоры Николай Радостовец.

Депутат Айгүл Соловьева жоспардың кейбір тармақтары көзделген мақсатқа сай келмейді деп мәлімдеп, кешенді жоспарды сынады әрі оны қайта жасауды өтінді. Соловьеваның сөзінше, Теміртаудың экологиясына қатысты алдағы уақытта өзге де жиындар өтеді. Ал қала тұрғындары жоспар жасағанда теміртаулықтардың да ұсыныстарын ескеруді талап етеді. Олар өз ұсыныстарын орындауға оңай әрі ақылға сыйымды деп санайды.

Теміртаудағы "қара түсті қар". 7 қаңтар 2018 жыл.
Теміртаудағы "қара түсті қар". 7 қаңтар 2018 жыл.

Кейінгі бірнеше жыл бойы Теміртауда ауа қатты ластанып, желсіз тымық күндері ауадағы зиянды заттардың шамадан тыс артып кеткені байқалған.

XS
SM
MD
LG