Accessibility links

Назарбаевтың жастық шағы өткен қаладағы "жұтаң аудандар"


Теміртау қаласындағы орталықтандырылған жылу жүйесі мен ыстық су желісі жоқ көпқабатты тұрғын үйлердің бірі. 26 ақпан 2018 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған қала ретінде мақтанышпен атайтын Теміртаудағы кей ауданның тұрғындары өздерін жергілікті билік "ұмыт қалдырды" деп санайды. Ал билік қордаланған проблемаларды бір күнде шешу мүмкін емес деген уәж айтады.

КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДЕГІ БУРЖУЙКА

Тұрғындар мен билік "металлургтер кенті", "президент қаласы" (1960 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын осындағы металлургиялық комбинатта бастаған) деп атайтын Теміртаудың бірнеше ауданына биліктің көңіл бөлмегеніне ондаған жыл болған. Тұрғын үйлер орналасқан кей аудандарда орталық жылу жүйесі, су құбыры желісі 1990 жылдардан бері жоқ.

Теміртаудың Оң жағалау деп аталатын, жергілікті халық "өлмелі" аудан санайтын шеткі аймағында жер үйлер де, көпқабатты үйлер де бар. Оң жағалаудағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары адам тұрғысыз жағдайда – орталық жылу жүйесі мен ыстық суы жоқ пәтерлерде өлместің күнін кешіп жатыр. Ал суық суға тұрғындар жылдар бойы талап етіп жүріп, осыдан бірер жыл бұрын ғана қол жеткізген.

Көпқабатты үйдегі пәтеріне көмір кіргізіп жатқан тұрғын. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл
Көпқабатты үйдегі пәтеріне көмір кіргізіп жатқан тұрғын. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл

Көпқабатты үйлердің жағдайы тым мүшкіл. Теміртаулықтар орталық жылу жүйесі мен су құбырына жалғануы тиіс көпқабатты үйлерде тұрғындардың баспананы 21 ғасырда көбіне қолдан жасалған жылытқыш құралдармен және жуынатын бөлмеге орнатып алған буржуйка пештермен жылытып отырғанын "жабайылыққа" теңейді. Буржуйка пешке тамызық қылатын картон қораптар, газеттерді дәлізге үйіп, отын мен көмірді де сол жерге кіргізіп қояды.

Зейнеткер Милита Екель даладағы сарайдан үйдің бірінші қабатына көмірді қиналып, әрең таситынын айтады. Қария биыл қыста көмір әкеле жатып бірнеше рет құлап қалғанын, қазір денесі, аяқтары ауыратындығына шағымданды.

- Көмірді төрт қабатты үйіміздің жанындағы арнайы сарайларда сақтаймыз. 21 ғасырда әрі қалада мынадай жағдайда тұрып жатқанымыз жабайылық қой. Бұған қоса, биыл көмірдің бағасы тіпті шарықтап кетті. Төрт тонна көмір үшін 54 мың теңге төледім! Билік ақыры орталық жылу жүйесін тартып бере алмайды екен, тым болмаса көмір жағынан қарайласса қайтер еді. Бұрын үйлердің бәрі орталық қазандықтан жылитын. Қалған өмірімізді бірдеңе етіп сүрерміз, қайтеміз, тек соғыс болмасын, - дейді зейнеткер Милита Екель Азаттық тілшісіне.

Оң жағалаудағы көпқабатты үйлердің кей тұрғындары Азаттық тілшісін пәтерлеріне кіргізіп, баспананы қалай жылытатынын көрсетті. Кейбірі қолдан жасалған электр жылытқыш қосып отыр, енді біреулері буржуйка пеш жағады. Тұрғындардың айтуынша, дүкенде сатылатын кәдімгі жылытқыштан аязда қайран жоқ – үйді жылыта алмайды. Орталық жылу жүйесінің жоқтығы және жылытқыш құралдарды көп қосқандықтан, тұғындардың көбі электр қуаты үшін ай сайын 25-30 мың теңге төлеуге мәжбүр.

Манай Қазақпаев өзі тұратын үйдің алдында. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл
Манай Қазақпаев өзі тұратын үйдің алдында. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл

Өзбекстаннан әке-шешесімен бірге көшіп келген Манай Қазақпаевтың Оң жағалаудағы құлайын деп тұрған төрт қабатты қаусаған үйде тұрып жатқанына үш жылдай болған. Бірнеше жыл бұрын бұл үй және осыған ұқсас үйлер қаңырап бос тұрған. Өйткені орталық жылу жүйесі мен суы жоқ болғандықтан, оларды бұрынғы тұрғындары біртіндеп тастап кеткен. Қазір әлгі үйде көбінесе қаладан өзге баспана сатып алуға шамасы жоқ оралмандар тұрады. Жас жігіт пәтерді амалдап жылытып отырғанын айтады.

- Светті мүлде көп жағып жатырмыз, ақша да көп кетіп жатыр. Пәтерімізді қолдан жасап алған және кәдімгі жылытқышпен жылытамыз. Үйде ыстық су болсын деп үлкен "титан" орнаттық, - дейді Манай Қазақпаев Азаттыққа.

ҰМЫТ ҚАЛҒАНДАР…

Теміртау қаласының үлкен аудандарының бірі саналатын Соцгород ауданында да жағдай мәз емес. Бұл жерде орталық су құбыры, кәріз және жылу жүйесі дегеннің көзден бұл-бұл ұшқанына 20 жылдың жүзі болған. Бірнеше жыл бұрын Соцгородта су таратқыш қондырғы мен кәріз желісі құрылысының жобасы және сметалық құжаттарын дайындауға ақша бөлінген, бірақ жоба сол күйі қағаз бетінде қалған. Тұрғындардың шамасы жеткендері қосылып ақша жинап, су мен кәріз жүйесін өздері тартып алған. Бірақ ондай жандар аз, өйткені коммуникация желісін тарту өте қымбатқа түседі.

- 1990 жылдары бізде бәрі болған, ал кейін бәрі жым-жылас жоғалды. Қашанғы сусыз, кәріз құбырынсыз өмір сүреміз? Біз де адам сияқты кір-қоңымызды жуып, әжетханаға барғымыз келеді. Тұрғындардың көбі бұрынғысынша даладағы әжетханаға барады, суды колонкадан тасиды, неге екенін қайдам, бірақ суы тұзды, пеш жағуға мәжбүр, - дейді Соцгород тұрғыны Наталья Хусаинова Азаттық тілшісіне.

1990 жылдары есірткі іздеген нашақорлар жосып жүретін ең криминалды аудан саналған АБВ кварталында қазір жағдай ол жағынан тәуірлеу. Бірақ мұндағы тұрғындарды енді өзге мәселе мазалайды – жұрт билік кварталға назар бұрмай отыр деп шағынады. АБВ кварталы тұрғындарының сөзінше, жолды жөндеп, кәріз жүйесін тартуды сұрап әкімдіктің табалдырығын тоздырғандарына талай жыл болған. Жұрттың айтуынша, үйінің жанына такси шақыру қиын, ал жедел жәрдем көлігі бұл кварталған әрең кіреді.

- Біз, АБВ кварталы тұрғындары әкімге талай бардық. Өзімнің барып жүргеніме жеті жыл болды, әкімдіктің қабылдауына бірнеше рет кірдім. Бізде мүлде ештеңе жоқ, квартал қараусыз қалған. Кәріз жүйесі де, жарық та, жол да жоқ, - дейді тағы бір тұрғын Хаджар Әскерова.

Теміртау металлургия комбинатынан ауаға тарап жатқан түтін. 26 ақпан 2018 жыл
Теміртау металлургия комбинатынан ауаға тарап жатқан түтін. 26 ақпан 2018 жыл

АБВ кварталына көрші үйлердің тұрғындары да адамша өмір сүруге жағдай жоқ деп шағынады. Бірақ олар бәрінен бұрын қаладағы экологиялық ахуалдың нашарлап бара жатқанына наразы. "Қазгидромет" кәсіпорнының дерегінше, қаңтарда Теміртау ең лас қалалар қатарына енген. Қаңтарда ауадағы күкірт диоксиді, күкіртті сутегі, фенол, көміртегі мен азот диоксиді және аммиак тәрізді заттардың шекті мөлшерден асып кеткені тіркелген. Теміртау тұрғындары қаладағы экологиялық ахуалды реттеуді талап етіп тағы хат жазып жатыр.

- Не болып жатқанын қараңызшы! Әсіресе жел біз жаққа қарай соққан кезде мүлде тыныс ала алмай қаламыз. Мүмкін олардың тазартқыштары жұмыс істемейтін шығар? Біз не үшін мынадай улы газды жұтуымыз керек? Бірнеше жыл бұрын мұндай болмаған еді ғой, қазір экология мүлде нашарлап кетті. Тіпті бақшамыздағы жерді қашамас бұрын, мына шаң-тозаң мен ысты сыпырып тастауға тура келеді, - дейді Александр Фролов.​

Теміртаудың "ұмыт қалған" тұрғындары. Азаттық фотогалереясы:

"ШЫДАЙ ТҰРЫҢЫЗДАР, КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН КІРЕМІЗ"

Өркениет игіліктерінен ада қалған Теміртау ауданы тұрғындарының айтуынша, билік миллиондаған ақшаны орталықты абаттандыруға жұмсап, қаладағы өзге аудандарға мүлде көңіл бөлмейді. Олар "салық төлеп отырған біздің де жөні түзу жағдайда тұруға құқымыз бар ғой" дейді.

Билік шеткері аудандардың проблемаларынан хабардар екенін айтады. Бірақ бюджетте қаржы онша көп емес, сондықтан тұрғындардың мұндай проблемаларын бірден шешіп тастау мүмкін емес дейді.

Теміртаудағы АБВ кварталындағы жолдың жағдайы. 26 ақпан 2018 жыл
Теміртаудағы АБВ кварталындағы жолдың жағдайы. 26 ақпан 2018 жыл

Халыққа есеп беру жиынында Теміртау әкімі биыл қаланың шеткі аудандарының проблемаларымен айналысуға кезекті рет уәде етті.

- Сіздердің проблемаларыңызға алғашқы күннен қанықпын, білемін. 21 ғасырда сусыз, кәріз құбыры жоқ үйде тұру дұрыс емес екенін түсінемін... Бірақ бұл өте қымбатқа түсетін жоба. Сәл шыдаңыздар, сіздерге кезең-кезеңмен тартамыз. Бүкіл шаруаны бір күнде тындыра алмаймыз, мұны дұрыс түсініңіздер. Бәрін істеу үшін қаншама жоба мен сметалық құжаттарға тапсырыс бердік, тағы береміз. Түсінсеңіздер, бәріне құжат керек, ақша сұрау үшін мемлекеттік сараптама жасалған жоба мен сметалық құжаттар керек. Проблемаларыңызды шешуді тездетеміз, - дейді Теміртау әкімі Ғалым Әшімов қала тұрғындарының сұрақтарына берген жауабында.

Қалалық мәслихаттың дерегінше, Соцгород ауданына су құбырын тарту жобасы мен сметалық құжаттарын құрастыруға тапсырыс берілген. Ал кәріз жүйесі жобасы мен сметалық құжаттарын жасауға тапсырыс биыл берілмек.

- Жылу мәселесі – үлкен проблема, бұл жерде бәрін есептеп, байқап көру керек, меніңше, ТЭЦ-2 жылу станциясы қуатына қарай шамалау керек, ол жақта жаңа қазандық салу жоспарланған. Бірақ негізі, шынын айтсақ, қазір ол жақта жылу проблема емес. Ал қиын аудан саналатын АБВ кварталына келсек, ол жақта кәріз желісін тартып алмай жолды жөндегеніміз жөнсіз болады. Ал кәріз желісін тарту үшін құжаттарға тапсырыс беру керек. Көшелерді жарықтандыру жағына келсек, қазір жобасы мен сметалық құжаттары жасалып жатыр. Тиісті құжаттар дайын болғаннан кейін облыстан, республикадан ақшаны батыл сұрай аламыз, өйткені мұндай ақша бөлуге жергілікті бюджеттің ешқашан шамасы келмейді, - деп комментарий берді қалалық мәслихат хатшысы Алексей Ломакин Азаттық тілшісіне.

Көпқабатты үйдегі пәтерінде қолдан жасалған пешке от жағып отырған тұрғын. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл
Көпқабатты үйдегі пәтерінде қолдан жасалған пешке от жағып отырған тұрғын. Теміртау, 26 ақпан 2018 жыл

Депутаттың Оң жағалау инфрақұрылымы қатысты болжамдары онша үміттендірмейді. Ломакиннің сөзінше, көпқабатты үйлердің тұрғындары сұрап жүрген орталық жылу жүйесін тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұрын коммуникация болғанына қарамастан, екі үйге бола ешкім жаңа желі тартпайды. Депутаттың сөзінше, бұл ауданда қазандық салу мәселесін қарастырған дұрыс болмақ. Бірақ депутат ол жақтағы тұрғындардың көбі зейнеткер болғандықтан қазандық құрылысына ақша жинау қиын болатынын түсінеді. Алайда қазандық құрылысына бюджеттен де ақша бөлуге болмайды, өйткені тұрғын үйлер жеке меншікте. Алексей Ломакиннің айтуынша, мұның бір амалы – үйлерді газбен жылытуға көшу. Бірақ қалалық мәслихат хатшысының дерегінше, Теміртауда газ тарту жұмыстары 2020 жылы ғана басталады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG