Accessibility links

Шымкенттегі Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары қыстың суығында көмірдің тоннасын 20 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр екендерін айтады. Жергілікті билік өкілі көмір бағасы одан арзан дейді.

ГАЗ ТАРТЫЛМАҒАН, КӨМІР ҚЫМБАТ

Әбілсейіт Жолдасов Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайына осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы ауылдардың бірінен көшіп келген. Өз айтуынша, бұрын газ құбыры тартылған ауылда тұрған ол Қайнарбұлаққа келген соң көмір жағуға мәжбүр болған.

- Көмір сатып алу қиын. Қыстан шығу үшін 8-10 тонна көмір кетеді. Оның тоннасын 20 мың теңгеден сатып алып жүрміз. Газ құбыры мұнда жоқ. Баллондағы газ түкке жетпейді, - деп шағынады тұрғын.

Әбілсейіт Жолдасовтың көршісі Кристина Лишутина үйін газ баллонның көмегімен жылытып отыр. Келіншек бір баллон газ үш күнге жететінін, ол таусылып қалса, қашан күйеуі келіп ауыстырғанша кішкентай баласымен суық үйде тоңып отыратындарын айтады.

ВИДЕО: Газ бен көмірге мұқтаж тұрғындар.

Газ бен көмірге мұқтаж тұрғындар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

- Газ баллонды 3 мың теңгеден сатып аламыз. Көмір одан да қымбат – тоннасы 20 мың теңгеден асады. Амал жоқ, газбен үй жылытып отырмыз, - дейді Кристина Лишутина.

Қайнарбұлақ саяжайында тұрып жатқанына 15 жыл болған Мұхамедияр Кенжаев мұндағы тұрғындарға «газ ауадай қажет» дейді.

- Қазақстан әлемдегі озық елу елдің қатарына қосылады дейді. Біз де соған сай өмір сүргіміз келеді. Жиырма бірінші ғасырда күнде қара күйе болып пешке от жағамыз. Бала-шағаны жалғыз тастап кетуге қорқамыз, - дейді ол.

Тұрғын көмірді тонналап сатып алуға отбасының шамасы жоғын айтады.

- 25-30 келілік бір қап көмірді мың теңгеге сатып аламыз. Мұның өзі қалтамызға салмақ салады, - дейді Мұхамедияр Кенжаев.

Азаттық тілшісі тілдескен саяжайдағы көмір сататын саудагерлер отын бағасы қымбат екенін жоққа шығармайды. Олардың бірі Нұрқанат Әбдурахимовтың айтуынша, жылу маусымы басталғаннан бері бір тонна көмірдің бағасы 20 мың теңгеден, бір қап көмір – 900 теңгеден түспеген.

- Қайнарбұлақта көмірді тонналап алуға халықтың қалтасы көтермейді, сондықтан көбіне қаппен сатып алады. Тұрғындар әдетте 200 келі, ары кетсе жарты тонна көмір алады. Біз де көмірді базадан қаншаға сатып аламыз, соған қарай бағасын қоямыз. Көмірдің тоннасын 13 мың теңге, кейде 14 мың теңгеден сатып аламыз. Мұнда оны 20 мың теңгеден сатамыз, - дейді көмір сатып тұрған Азамат Қайтбаев.

«ОНДАЙ БАҒА ЖОҚ»

Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов Қайнарбұлақта бір тонна көмір 20 мың теңгеден сатылып жатқанын жоққа шығарады.

- Шымкентте көмір жеткілікті. Баға тұрақты. Қайнарбұлақта бір тонна көмірдің бағасы 20 мың теңге дегенді естіген жоқпын. Жақында ғана зерттеу жасадық, қалада көмірдің бағасы 13 мың теңге, - дейді шенеунік.

Нұрлан Бектұрсыновтың Азаттыққа айтуынша, газдандыру мәселесі бойынша әкімдікке Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары бірнеше рет өтініш тастаған. Ол бір кездері саяжай болған Қайнарбұлақтың «тар көшелері газ құбырын тартуға жарамайды» деп түсіндіреді.

Қайнарбұлақтың орталық көшесіндегі үйлердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы.
Қайнарбұлақтың орталық көшесіндегі үйлердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы.

- Газ құбыры жеке тұрғын үйлерден кем дегенде 5 метр қашықта болуы керек. Қайнарбұлақта мұндай мүмкіндік жоқ. Егер тар көшенің бойымен газ құбырын тартатын болсақ ол қауіпсіздік талаптарын сақтамаған болып есептеледі, - дейді әкімдік өкілі.

Қайнарбұлақ тұрғыны Ақмарал Өмірзақова қалалық әкімдік өкілінің газ құбырын тартуға қатысты жауабына қанағаттанбайды.

- Мыңдаған адам өмір сүретін саяжайда суықта қиналып жатырмыз. Газ жоқ, пеш жағамыз. Көмір болса қымбат. Балаларды жалғыз тастап кетуге қорқамыз. Үй өртеніп кете ме, иіс тиіп қала ма деп қорқамыз. Әкімдік амалын тауып газ тартып беруі керек, - дейді ол.

Тұрғын саяжайда газ бен көмірден өзге де проблемалар барын айтады.

- Бір ғана орталық жолымыз бар. Кеш батқанда қараңғыда қорқып жүре алмаймыз. Көшеде қаңғыбас ит көп, балаларымыз мектептен келгенше алаңдаймыз. Жарықтандырып беріңіздер деп талай сұрадық. Әлі нәтиже жоқ, - дейді Ақмарал Өмірзақова.

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, жалпы аумағы 702 гектарды алып жатқан Қайнарбұлақ саяжайындағы 7 мыңнан аса жеке тұрғын үйде 33 мыңға жуық адам тұрады. 200-ден астам көшенің 12-сіне асфальт төселген. Табиғи газ құбыры тартылмаған, жарық және ауыз сумен қамтылған елді мекенде бір жалпы орта мектеп және екі жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Орталықтан 3 қоғамдық көлік қатынайды.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG