Accessibility links

Украинада коронавирусқа шалдыққан президент пен әкімшілік жетекшісі ауруханаға жатқызылды


Украина президенті Владимир Зеленский онлайн қатысып жатқан үкімет отырысы. 12 қараша 2020 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский онлайн қатысып жатқан үкімет отырысы. 12 қараша 2020 жыл.

Украинада коронавирусқа шалдыққан президент Владимир Зеленский мен әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак ауруханаға жатқызылды. Олар Киевтегі "Феофания" клиникалық ауруханасында емделіп жатыр. Бұл ақпаратты 12 қарашада Ермактың кеңесшісі Михаил Подоляк "Украинская газета" интернет-басылымына берген сұхбатында хабарлаған.

"Онда президент жиналыс өткізе алуы үшін арнайы кабинет жабдықталған. Міне, бүгін көптеген селекторлық отырыстар өткізді" деді Подоляк.

Оның сөзіне қарағанда, Ермак оқшауланған бөлек палатада жатыр.

9 қарашада Зеленский кеңсесі президенттен коронавирус анықталғанын хабарлаған болатын. Кеңсе өкілдері "президенттің жағдайы жақсы, оқшауланған режимде міндеттерін орындай алады" деп мәлімдеген.

Ермак та жағдайының жақсы екенін айтқан.

12 қарашада парламент спикері Дмитрий Разумков та өзінен коронавирус анықталғанын хабарлады. Бұған қоса, қаржы министрі мен қорғаныс министрі және өзге де жоғары лауазымды тұлғаларға коронавирус жұққаны хабарланды.

Украина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 қарашада елде 11 057 адамнан (бұл рекордтық көрсеткіш) коронавирус табылған және 198 адам қайтыс болған. Елде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионнан асқан, эпидемия басталғалы бері Covid-тен 9 145 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG