Accessibility links

Беларусьте "қауіпсіздік күштерінің қолынан қаза болған" жігітті еске алуға арналған акция өтіп жатыр


31 жастағы Роман Бондаренконы еске алу шарасы. Туыстары бұрын оның ішкі әскерде қызмет еткенін айтады. Минск, 13 қараша 2020 жыл.
31 жастағы Роман Бондаренконы еске алу шарасы. Туыстары бұрын оның ішкі әскерде қызмет еткенін айтады. Минск, 13 қараша 2020 жыл.

13 қарашада Беларусьтің көптеген қалаларында болжам бойынша қауіпсіздік күштерінің қолынан қаза тапты делінген 31 жастағы Роман Бондаренконы еске алу шарасы өтті. Оған жүздеген адам жиналды.

Әлеуметтік желіде "ынтымақ шеруіне" шақырған ұрандар тарады. Минск мен бірқатар қалаларда оппозицияның ақ-қызыл түсті туы мен "Мен шығамын" (Бондаренконың маска таққан белгісіз біреулермен жанжалдаспай тұрып айтқан сөзі) деген жазуы бар плакат ұстаған адамдар шеп құрды.

Минскіде жүздеген адам Бондаренкоға шабуыл жасалған орында "бір минуттық үнсіздік" жариялады.

Могилев қаласында күштік құрылымдар тұрғындардың шеп құруына кедергі келтірді.

Бейсенбі күні Бондаренконың маска таққан белгісіз адамдардың қолынан қаза болғаны жайлы ақпарат тарағаннан кейін кешке Минскідегі "Өзгерістер алаңына" гүл шоқтары мен майшам ұстаған жүздеген адам жиналған. Кейбірі "Ұмытпаймыз, кешірмейміз", "Фашизмді тоқтатыңыздар", "Трибунал" деп айқайлаған. Жексенбі күні жаппай наразылыққа шығуға шақырған.

Жұма күні куәгерлер сөзіне сүйенген Tut.by сайты Бондаренкомен болған оқиғаның жай-жапсарын жазды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, сәрсенбі күні кешке жақын азаматтық киім киген маска таққан белгісіз адамдар Бондаренконың ауласына келіп, оппозицияның символы ретінде қабылданатын ақ-қызыл түсті ленталарды түсірмек болған. Мән-жайды анықтауға тырысқан Бондаренко біреуімен сөзге келіп қалып, ақыры соққыға жығылған. Көршілерінің айтуынша, "кәсіби түрде қимылдаған" маска таққан адамдар оны микроавтобуспен алып кеткен.

Tut.By сайтының мәліметінше, Роман Бондаренко бейсенбіге қараған түні ми ісігі, қан тамырлар ісігі (гематома), бас сүйек жарақаты сияқты ауыр диагноздармен реанимация бөліміне түскен. Бірақ дәрігерлер пациентті құтқара алмаған. 12 қарашада кешке туыстары Романның қайтыс болғанын хабарлады.

Тергеу комитеті Бондаренконың мас болғанын айтса, медициналық құжаттар оның қанының құрамында алкоголь болмағанын көрсеткен.

31 жастағы Роман Бондаренко өнер академиясын тәмамдаған, жергілікті сауда желілерінің бірінде істеген. Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциясына қатыспаған.

Еуроодақ Бондаренконың өліміне Беларусь билігін кінәлады. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі мәлімдемесінде Бондаренко қазасын "азаматтарын қудалап қана қоймай, оларды адам құрлы көрмейтін Лукашенко бастаған биліктің зығырданды қайнататын өрескел әрекеті" деп атаған.

Минск мен елдің өзге қалаларында наразылық акциясы 9 тамыздан бері жалғасып жатыр. Наразылар президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп есептейді. Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконы сайлаудың жеңімпазы деп атаған. Батыс елдері Лукашенконың жеңісін мойындамады, өткен аптада ЕҚЫҰ Минскіні елде халықаралық стандартқа сай қайта президент сайлауын өткізуге шақырған. Еуроодақ Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG