Accessibility links

Күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылына жасалған шабуылдан соң қозғалған қылмыстық іс тоқтады


Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.
Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

13 қарашада Жамбыл облысы Талас аудандық соты осы аудандағы күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылына шабуыл жасады деп айыпталғандарға қозғалған қылмыстық істі тоқтатты.

Судья Гүлмира Әлімқұлова айыпталушылар мен жәбірленушілердің келісімге келгенін айтты.

Биыл 11 тамызға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Жамбыл облысы Талас ауданындағы этникалық күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылында тәртіпсіздіктер болып, "ауылдағы үйлердің терезелері сындырылғаны, белгісіз біреулер шабуылдағаны" туралы хабар тараған еді. Тұрғындар түнде белгісіз адамдардың ауылға кіріп, тас лақтырып, үйлер бүлінгенін айтқан. Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Айыпталушылар ретінде Талас ауданында тұратын 1990-96 жылдары туған он адам ұсталған еді. Тоғыз адам: Қасқабұлақ ауылының жеті тұрғыны, оқиға кезінде терезесі шағылған мәдениет клубының директоры және Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері жәбірленуші деп танылған.

13 қарашадағы сот отырысы кезінде жәбірленушілер "айыпталушылардың толығымен материалдық шығынды өтегенін, кешірім сұрағанын, ешқандай шағымдары жоқ екенін және олардың жас екенін ескеріп, істі тоқтату туралы талап-тілектерін" жеткізді.

Айыпталушыларды қорғаған алты адвокат та олардың жас екенін, кейбірінің отбасылары бар екенін, бұрын сотты болмағанын, тергеу кезінде істі ашуға көмектескенін, істері үшін өкінетінін және екі жақтың келісімге келгенін" айтып, соттан істі тоқтатуды сұрады. Прокурор істі тоқтатуға қарсылық білдірмеді.

Айыпталушылар сот отырысының бірінде 10 тамызда WhatsApp желісі арқылы "күрд жігіттің қазақ қызын зорлағаны туралы" хабарлама келгенін, сол күні кешке Қасқабұлаққа барып, "мәселені анықтауға" барғанын айтқан. Олар сотта "ашуға беріліп, үйлерге тас лақтырып, терезелерін шаққанын" деген.

1200-ге жуық тұрғыны бар Қасқабұлақ ауылы Талас ауданы орталығы Қаратау кентінен 20 шақырым жерде, тау ортасындағы өзен жағасында орналасқан. Негізінен этникалық күрдтер тұратын ауылда әкімдік, орта мектеп, медициналық пункт, полиция учаскесі мен кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар бау-бақша салып, мал бағып күн көреді.

Қазақстанның оңтүстігінде этникалық ұлт өкілдері топтасып тұратын елді мекендер аз емес. Билік Қазақстанды "жүз ұлт пен ұлыс" пен сан түрлі діни конфессиялар өкілдері тату-тәтті тұратын ел ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ ел тәуелсіздігін жариялағаннан бері әр аймақта өзге ұлт өкілдері тұратын елді мекендерде жанжалдар болған.

Биыл 21 шілде күні Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасындағы кикілжің жаппай қақтығысқа ұласып, бірнеше үй мен көлік бүлінген. Түнгі оқиға кезінде үш тұрғын, бір полицей жараланды. Ауылға полицияның арнайы жасағы кіргізілді.

Ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында этникалық дүнгендер шоғырланып тұратын бірнеше ауылда қазақтар мен дүнгендер арасында болған қақтығыста 11 адам қайтыс болды. 140 тұрғын және 20 полицей жараланған. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қирап, 342 адам жәбірленуші деп танылған.

Қазақстан билігі мұндай оқиғалардың барлығын "тұрмыстық жанжал" деп сипаттайды.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG