Ақтөбе полициясы Qaharman құқық қорғау қорының директоры Дана Жанайдың үстінен қылмыстық іс қозғады. Полиция ол "адамның жеке өміріне қол сұғып, оған қатысты деректерді таратты" деп күдіктеніп отыр.
Дана Жанайдың өзі бұл істі құқық қорғаушылық қызметімен байланыстырады. Айтуынша, қазан айының соңында жеке парақшасында бөліскен жазбада Ақтөбедегі полиция департаментінің учаскелік инспекторы мен тергеушісінің суреті, аты-жөні болған. Құқық қорғаушы бұл адамдар азаматтық белсенді Серік Оразовтың қазасына себепкер болды деп күдіктенеді.
– Олар туралы ақпарат интернетте кеңінен таралып жатты әрі оны көп адам оқыды. Мен өз парақшамда жазба авторларына сілтеме жасадым. Сондықтан біреудің жеке өміріне қол сұқтым деп санамаймын, – дейді Дана Жанай.
Ақтөбелік белсенді Серік Оразов биыл 15 маусымда 69 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, Серік Оразов сол күні күндіз өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келіп, жұлқысқан, содан кейін қайтыс болған. Оразовтың отбасы оның өліміне учаскелік инспекторды айыптайды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты "Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану" бабы (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін бұл іс "қылмыс құрамының болмауына байланысты" жабылды.
Құқық қорғаушы Дана Жанайдың сөзінше, Қазақстанда ақпан айынан бері 5 белсенді қаза тапқан. Ақтөбелік Серік Оразов солардың бірі.
– Билік құқық қорғаушылардың үстінен қылмыстық іс қозғап, қорқытып алғысы келеді. Осылайша Qaharman қорының саяси өлімдерді зерттеуіне кедергі жасамақшы, – дейді Дана Жанай.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті құқық қорғаушы Дана Жанайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бірақ Азаттыққа одан өзге мәлімет бермеді.
Биылғы 25 сәуірде Ақтөбенің ауданаралық соты Дана Жанайды "төтенше жағдай режимін бұзды" және "төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзуға итермелейтін әрекеттер жасады" деп айыптап, оған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (132 550 теңге немесе 370 АҚШ доллары) айыппұл салған. Бұған Жанайдың Ақтөбедегі қамау орнында отырғандардың аштық жариялағаны туралы Facebook-тегі бір ай бұрынғы посты себеп болған.
Жақында Ақтөбе қалалық әкімдігі Дана Жанай мен оның жақтастарының билікке қарсы митинг өткізу өтінішін екінші мәрте кері қайтарған.
ПІКІРЛЕР