Accessibility links

Шымкентте азаматтық белсенділер Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев үйқамаққа алынды


Шымкент қаласының тергеу соты
Шымкент қаласының тергеу соты

15 қараша күні Шымкент қаласының тергеу соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деп қылмыстық іс қозғалған азаматтық белсенділер Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаевты екі айға үйқамаққа алуға санкция берді. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің туыстары хабарлады.

Мұрат Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова берген сот қаулысында 42 жастағы Аштаевтың күдікті ретінде танылғаны жазылған. Оның үстінен экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) іс қозғалған. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасының тергеушісі жазған. Аштаевтың әрекеті "орта дәрежелі құқық бұзушылық" деп танылған.

– Мұрат қазір үйде. Жағдайы жақсы, – деді Мөлдір Нұранова.

38 жастағы белсенді Ерлан Файзуллаевты үйқамаққа алу туралы шығарылған қаулы мен Аштаевқа шығарылған қаулы бірдей. Олар 20 қазан күні Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, Нұр-Сұлтан соты экстремистік деп танып, жұмысына тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚТД) және "Көше партиясы" ұйымын қолдап, "халықты жергілікті атқарушы органдарға қарсы митингіге шақырды" деп айыпталған.

Қылмыстық іс 23 қазан күні Абай аудандық полиция басқармасына тіркелген. 13 қараша күні полиция екі белсендімен бірге азаматтық белсенді Нұржан Әбілдаевтың үйін де тінтіген. Әбілдаевтың үстінен де "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деп қылмыстық іс қозғалған. 14 қарашаға қараған түні Нұржан Әбілдаевты полиция босатқан.

Белсенділер тағылған айыппен келіспейді. Шымкент қалалық полиция департаменті белсенділердің үстінен іс қозғалып, тінту жүргізілгені жөнінде Азаттыққа қандай да бір ақпарат бермеді.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы наурызда сот бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаев, Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін "жерді сатуға қарсы шығу", "саяси тұтқындарға бостандық", "Қытай экспансиясына жол жоқ" сынды тақырыптарда өткен наразылық шараларына қатысқан. Бұл үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG