Accessibility links

Молдовадағы президент сайлауы: Батысшыл кандидат алға шықты


Майя Санду.
Майя Санду.

Жексенбі күні Молдовада өткен президент сайлауының екінші турында оппозиция кандидаты Майя Санду қарсыласы қазіргі президент Игорь Додоннан көбірек дауыс жинады. Сайлау учаскелерінің 90 пайызынан астамында дауыс саны есептелгеннен кейін сайлаушылардың 51 пайызы - Майя Сандуға, 49 пайызы қазіргі президент Игорь Додонға дауыс бергені анықталды. Молдова аумағынан тыс жерде дауыс бергендердің бюллетеньдері әлі толық қаралып бітпеген. Сайлаудың бірінші кезеңінде олар Сандуды қолдаған.

Осыған дейін Молдованың қоғамдық саясат институты жүргізген экзитпол қорытындысы Сандудың - 54,7 пайыз, Додонның 45,3 пайыз дауыс жинайтынын көрсеткен еді.

"Интеллект груп" агенттігі жүргізген сауалнама қорытындысы да соған ұқсас нәтиже шығарған.

Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін Игорь Додон Молдова аумағында қарсыласынан айтарлықтай дәрежеде озғанын мәлімдеді. Ол азаматтарды тыныштыққа шақырып, тәртіпсіздікке жол беруге болмайтынын айтты.

15 қараша күнгі сайлауға сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан. Бірінші турда шамамен 43 пайызы ғана қатысқан еді.

Соңғы ақпарат бойынша, Молдованың өзінде - 1 млн 300 мың адам, шетелде шамамен 250 мың адам дауыс берген. Сарапшылар шетелде тұратындардың Сандуды қолдауға бейім екенін айтады.

Майя Санду - еуропашыл "Әрекет және ынтымақ" (PAS) партиясының кандидаты. Бірінші турда ол - 36 пайыз, Додон 32 пайыз дауыс жинаған. Социалистер партиясы атынан қатысқан Додон ресейшіл кандидат болып есептеледі. Санду Еуропамен тығыз байланыс орнатуды қолдағанмен Мәскеумен де ара қатынасты бұзғысы келмейтінін айтады. Оның пікірінше, Молдованың басты мәселесі - жемқорлық.

2016 жылы президент сайлауына қатысқан Санду Додоннан жеңіліп қалған. 2019 жылы премьер-министр қызметін атқарған Санду күтпеген жерден олигарх Влад Плахотнюкпен альянс құрып, ақыры олигарх елден кетуге мәжбүр болған. Ал қызметінен босатылған Санду оппозиция жетекшісіне айналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG