Accessibility links

HRW: Еуроодақ ОА елдерімен қарым-қатынаста адам құқығын бірінші орынға қоюы тиіс


Алматыда "Демпартия" митингісі өтеді деген күні көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері.
Алматыда "Демпартия" митингісі өтеді деген күні көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері.

Орталық Азия (ОА) елдерінің үкіметтері адам құқығы мәселелерін шешуді кейінге ысыра берсе, Еуроодақ мұны назарсыз қалдырмауы тиіс. Еуроодақтың Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуіне бір күн қалғанда халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы мәлімдеме таратып, ЕО-ны аймақтағы адам құқығы мәселесіне назар аудартуға тырысты. Штаб-пәтері Лондонда шоғырланған ұйым Еуроодақ ОА елдерімен қарым-қатынас мәселесінде адам құқығын бірінші орынға қоюы керек деп есептейді.

Ұйым мәлімдемеде Орталық Азия елдеріндегі саяси-қоғамдық өзгерістерге шолу жасап, үкіметтердің коронавирус індетімен күресіне тоқталған. Аймақтың індеттен айтарлықтай зардап шеккенін атап көрсеткен ұйым коронавирусты шектеу шараларымен қатар адам құқығын таптау фактілері де жиілегеніне назар аударады.

"Пандемияның кесірінен аймақта экономикалық мәселелер ушығып, теңсіздік ұлғайған" делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеменің Қазақстан туралы бөлігінде ұйым президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформа жасау туралы уәде беріп, оны орындаған сыңай танытқанмен одан айтарлықтай пайда болмады деп жазған.

"Бейбіт жиын туралы жаңа заң қабылданғанына қарамастан бейбіт демонстранттар қудаланып, ұсталып жатыр. Кәсіподақ туралы заңға енгізілген өзгерістер заң жүзінде шектеулерді жойғанмен тәуелсіз еңбек ұйымдарына кедергі сол күйінше қалды. Үкімет дефамация үшін қылмыстық қудалауды жойды, бірақ көптеген журналист кәсіби міндетін атқарғаны үшін қудаланып, шабуылға ұшырап жатыр. Белсенді Макс Боқаев заңсыз түрмеге қамалды. Қазақстан заңнамасы отбасылық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодекс баптарымен жазаламайды және отбасында зорлық-зомбылық көрген адамдарды қажетті дәрежеде қорғау тетігін қалыптастырмады" делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары егер ОА елдерінің үкіметтері адам құқығы саласында берген уәделерін орындамаса, саяси салдары болатынын білуі тиіс дейді.

"Егер ОА елдері Еуроодақпен қарым-қатынасының жақсы болғанын қаласа, азаптауды жойып, белсенділерді күштеп ұстауды тоқтатуы тиіс. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Боррель әріптестеріне осыны ескерту тиіс. Реформа бойынша алған міндеттемелеріне сәйкес, олардың адам құқығын жақсартуға анық мүмкіндіктері бар және ЕО Орталық Азия азаматтарының еркіндікке, ашықтыққа ұмтылысын қолдауы тиіс" делінген мәлімдемеде.

Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.

Қазақстандық белсенділер былтыр желтоқсан айында Еуроодақтың Нұр-Сұлтандағы өкілдігі алдында акция өткізіп, Еуроодақты елдегі адам құқығы ахуалына назар аударуға шақырған. Наразылар бейбіт жиналу, пікір айту еркіндігі сияқты негізгі құқықтардың сақталмай жатқанына шағымданып, Нұр-Сұлтанға осы тұрғыда қысым жасауға үндеген еді.

Қарай отырыңыз: Митинг заңы өзгерсе де, белсенділерді ұстау тоқтамады (12 қазан 2020 жыл).

Митинг заңы өзгерсе де, белсенділерді ұстау тоқтамады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG