Армения президенті Армен Саркисян Таулы Қарабақтағы соғыс кесірінен қалыптасқан саяси дағдарыстан шығу үшін мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді ұсынды.
Алты аптаға созылған соғыста Армения Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы біраз жерден айырылды, бұл сайлау "елді дүрбелеңнен сақтайды" деді Саркисян 16 қарашада халыққа арнаған үндеуінде.
Ол премьер-министр Никол Пашнинянды және ол басқаратын "Менің қадамым" альянсын ерте сайлау өткізудің "жол картасын" жасауға шақырды. Бұл сайлауды уақытша құрылған "ұлттық келісім үкіметі" өткізуі керек деді Армения президенті.
"Қазіргі жағдайды, халықтың талабын ескерсек, ішкі саяси дүрбелеңді болдырмау үшін ерте парламент сайлауын өткізуден басқа жол жоқ" деді Саркисян түрлі саяси топтартың өкілдерімен кездесуден соң.
Ел басқаруда көп өкілеті жоқ Саркисян соңғы күндері өзі кездесіп, кеңескен саяси партия басшылары мен саясаткерлердің басым көпшілігінің көзқарасын айтып отырғанын жеткізді.
Ол партиялардың кейбірі Пашинянның соғыс кезіндегі шешімдеріне наразылық білдіріп, оның отставкаға кетуін талап етіп, Ереванда шеру өткізіп жүр. Премьер-министр бұл талапты орындамайтынын мәлімдеді.
Президент Саркисян мен оппозиция премьер Пашинянның Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қою шешіміне наразылық білдіріп, қысымды күшейткен соң Пашинян 16 қарашада үкіметте ауыс-түйіс жасап, сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканянды орнынан алып тастады.
Отыз жылдай бұрын армян сепаратистерінің қоластында қалған Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аймақты қайтару соғысы кезінде Әзербайжан біршама жеңіске жеткен. 10 қарашада Ресейдің араағайындығымен қол қойылған бітім шартына сәйкес, Әзербайжан Таулық Қарабақ пен оның айналасындағы аудандардың басым бөлігін қоластына алатын болды.
Пашинянның отставкасын талап еткен 17 оппозициялық топтың ұстанымын қолдаған мыңдаған адам 16 қарашада Ереванда наразылық шеруін өткізді.
Армения билігі оппозицияның бұл наразылығы заңға қайшы деп санайды, себебі Қарабақ соғысы басталған 27 қыркүйекте елде төтенше жағдай жарияланып, мұндай жиындарға тыйым салынған. Наразылық басталғалы оппозициялық партиялардың жетекшілері бірнеше рет қамалып, босатылды.
Пашинян басқаратын "Менің қадамым" партиялар альянсы 132 орындық парламенттің басым бөлігін алып отыр, сондықтан үкіметке сенімсіздік білдіру сценариі жүзеге аспауы мүмкін.
Оппозиция бойкот жариялап, қатыспаған парламенттегі жиында сөз сөйлеген Никол Пашинян Арменияның бұл бітім келісіміне қол қоюдан басқа амалы қалмағанын тағы да мәлімдеді.
Аймақтағы бейбітшілікті қадағалау үшін Таулы Қарабақта Ресейдің 2 мың бітімгер әскері орналасады. Олар Таулы Қарабақтың қалған бөлігін Армениямен жалғап жатқан Лачин дәлізін де күзетпек.
Пашинян Лачин дәлізі қайта ашылып, босып кеткен Қарабақ тұрғындарының басым бөлігі үйлеріне қайтып оралады деді. Аймақтағы 150 мыңдай тұрғынның 75-90 мыңы үйлерінен кетіп қалған. Ал Әзербайжанға берілген аймақтан кеткен армяндардың ағылуы Арменияда экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер тудыруы мүмкін деген болжам бар.
Алты аптаға созылған соғыс кезінде екі жақтан 5 мыңға жуық адам қаза тапты деген болжам бар.
ПІКІРЛЕР