17 қарашада Қазақстанда 268 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 85 адам жазылды, өткен тәулікте пневмонияның бұл түрі бойынша адам өлімі тіркелмеген.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға бөлек код беріп, пневмонияның сол түріне шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 40 488 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 421 адам қайтыс болған, 29 719 адам жазылған.
Сейсенбі күні коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 7 адам өлімі тіркелген, наурыз айынан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 1959 адамға жетті. Елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 122 335 адам бар: 110 835-і жазылған.
Қазір 9 541 адам коронавирустан емделіп жатыр, 468-і - бала. 2 991-і - ауруханада жатыр. 227 адамның жағдайы - ауыр, 24 адамның жағдайы - өте ауыр, 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қазақстанның Covid бойынша ресми статистикасына коронавирус жұққан бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес - ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адам өлімі енгізілмеген. Соңғы айларда өткен жылдармен салыстырғанда адам өлімі көп тіркелді.
Елде коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер де бар. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.
ПІКІРЛЕР