Accessibility links

АҚШ-та коронавирус ахуалы нашарлап барады. Еуропада локдаун тиімділігін дәлелдеді


Маска таққан адамдардың суреті бейнеленген баннер жанынан жүгіріп өтіп бара жатқан ер адам. АҚШ, Льюистон (Мэн штаты), 16 қараша 2020 жыл.
Маска таққан адамдардың суреті бейнеленген баннер жанынан жүгіріп өтіп бара жатқан ер адам. АҚШ, Льюистон (Мэн штаты), 16 қараша 2020 жыл.

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Билік шектеу шараларын біртіндеп күшейтіп жатыр. Ал Еуропада локдаунның арқасында вирустың тарауы сәл бәсеңдеді.

COVID Tracking Project жобасының мәліметі бойынша, соңғы аптада АҚШ-та күніне орташа есеппен 150 мың адамнан коронавирус анықталған. Күн сайын 73 мың науқас ауруханаға жатқызылады, 14 мыңы реанимация бөліміне түседі.

Сарапшылар коронавирустан қайтыс болғандар арта береді деп болжайды. Қазір бір тәулік ішінде шамамен 1100 адам өлімі тіркеліп жүр.

Кейбір аймақта билік шектеу шараларын қайтадан енгізе бастады. Тұрғындардың маска тағуы әдепкі көрініске айналған. Денсаулық сақтау саласының мамандары Ризашылық білдіру күніне (26 қараша) арналған шаралар жағдайды ушықтыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Ал Еуропада енгізілген шектеу шаралары тиімділігін дәлелдеген. Соның арқасында кейбір елдерде инфекцияның тарауы бәсеңдеген, алайда жаңа науқас пен адам өлімі көрсеткіші жоғары күйінде қалып отыр. Аурухана қызметкерлеріне ауыр салмақ түскен.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Италия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Францияда коронавирус жұқтырғандар қараша айының басындағы көрсеткішпен салыстырғанда азайған. Дегенмен Еуропа үкіметі тұмау-сырқау жиілейтін қысқы маусымда сақ болу қажеттігін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG