Accessibility links

Журналист, ақын, кәсіпкер. "Ауыл" партиясы депутаттыққа ұсынылатын кандидаттар тізімін бекітті


"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының съезі. Нұр-Сұлтан, 18 қараша 2020 жыл.
"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының съезі. Нұр-Сұлтан, 18 қараша 2020 жыл.

Сәрсенбі, 18 қарашада елдегі тіркелген алты партияның бірі – "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін бекітті. Үміткерлердің үштен бірі жастар мен әйелдерден құралған.

Партия мәжіліс сайлауына кандидат ретінде 19 адамды ұсынып отыр. Тізімде мемлекеттік "Хабар" арнасының тілшісі Зейін Әліпбек, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, партия төрағасының бірінші орынбасары, былтыр президент сайлауына қатысқан Төлеутай Рахымбеков, тіл маманы Қанат Тасыбеков, Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов бар. Партия өкілдері мыңнан аса адамның кандидаттығын қарап, осы тізімді бекітуді ұйғарғанын жеткізді.

654 кандидат партия атынан мәслихат сайлауына қатысады.

Партия сайлауалды бағдарламасын да қабылдаған, бірақ оны үгіт-насихат кезеңі басталғаннан кейін яғни, 10 желтоқсаннан кейін жариялайтынын айтты.

Сәрсенбі күні таңертең партияның кезектен тыс 18-съезі өтетін қонақ үй әкімшілігінің журналистерді кіргізуіне қарсы болғаны жайлы ақпарат тараған еді. Дегенмен партия жиынына барған журналистер кіргізілген.

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2002 жылы ресми түрде тіркелген. Бірақ ешқашан мәжіліс құрамына енбеген. Қазақстан заңнамасы бойынша, парламенттің төменгі палатасына сайлаушылардың кемінде 7 пайыз қолдауына ие болған саяси партиялар ғана өте алады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қазір республика бойынша мәслихаттарда "Ауылдың" бірнеше депутаты ғана бар.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға қатыса алмайды.

Билік партиялық тізім "саяси жүйені нығайтып, партиялардың белсенділігін арттырады" деп сендіреді. Ал сыншылар Қазақстандағы партиялық алаң мемлекеттің бақылауында екенін, биліктің көңілінен шыққан саяси ұйымдар ғана тіркеуден өте алатынын айтып, "бұл өзгерістер азаматтардың сайлау құқығын шектейді" деп есептейді. Белсенділер биліктен партиялық тізімді жойып, азаматтардың да сайлауға жеке кандидат ретінде түсуіне рұқсат беруді сұрап келеді.

Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG