Accessibility links

Тәуелсіз кандидаттар қатыса алмайды. Мәслихаттың жаңаша сайлауына қоғам пікірі


Қазақстанда сайлау өтетін күннің қарсаңында сайлау учаскесін дауыс беруге дайындап жатқан адам. Көрнекі сурет.

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Халық мәжіліспен қоса, алғаш рет мәслихат депутаттарын да партиялық тізіммен сайлайды. Тәуелсіз кандидаттар сайлауға түсе алмайды. Сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл өзгеріс адамның сайлану құқығын шектейді, жергілікті мәселелерді "үлкен саясаттың" қатысуынсыз шешкісі келетін белсенді азаматтарға кедергі жасайды деп есептейді.

"БІЗ ПАРТИЯ МҮШЕСІ ЕМЕС, ЕҢ АЛДЫМЕН АЗАМАТПЫЗ"

57 жастағы Тараз тұрғыны Жанна Папинаның үкіметтік емес ұйымы бар. Ол әрдайым қаладағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүр. Қолы бос уақытында өзге еріктілермен бірге үйсіз-күйсіз жануарларға қамқорлық жасайды. Кейбірін өзі асырап алады, басқаларын жан-жануарлар үйіне өткізіп, иесін табуға жәрдемдеседі. Аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, адам құқығы мәселелеріне араласып отырады.

Қала белсендісі ретінде Жанна Папина жергілікті мәслихатқа депутат сайлаудың жаңа тәртібін "азаматтардың құқығына қайшы" деп есептейді.

Жанна Папина.
Жанна Папина.

– Бұған дейін партияда болмасаң да, өз кандидатураңды ұсына алатын едің. Біз партия мүшесі болып тумаймыз, біз азамат ретінде өмірге келеміз. Шетелдік болсын, Қазақстан азаматы болсын, ол – бірінші кезекте азамат. Конституция бойынша, елдің негізгі байлығы – адам. Бізде заңда бір нәрсе жазылғанымен, шын мәнінде басқаша болып отыр. Адам ешқандай партияда болғысы келмейді, тек қоғам азаматы ретінде қалғысы келеді, – дейді тараздық белсенді.

Жанна Папинаның айтуынша, мәслихатқа партиялық тізіммен сайлану "қаланы басқаруға, қала өміріне араласқысы келетін қарапайым адамдар үшін кедергі".

– Сонда 18 миллион халықтың бәрі партия мүшесі болуы керек пе? – дейді ол.

Депутаттыққа түсу үшін партияға өтіп жатқандар да бар. Солардың бірі – Тараздағы қаржы орталығында бөлім басшысы болып жұмыс істейтін 45 жастағы Николай Пак. Биыл ол "Ауыл" партиясының атынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидатурасын ұсынбақ. Николай қала бюджетінің бөлінісін бақылап отыру үшін партия атынан сайлауға түсуге бел байлағанын айтады. Дегенмен ол да депутат болғысы келгендерді партияға кіруге мәжбүрлеу дұрыс емес деп санайды.

– Себебі, адам – тұлға. Неге ол жеке адам ретінде депутат болып өз көзқарасын білдіре алмайды? Бұл мүмкіндік пен таңдауға шектеу қояды. Президенттің (Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) сөзін тыңдасаңыз, "инклюзивті" деген сөзді жиі естисіз. Бұл – елдегі процесстердің бәріне қоғам болып араласу мүмкіндігі, оны әрдайым дамыту керек. Неге бәрі партия мүшесі болуы керек? – дейді Николай Пак.

Серік Бейсембаев.
Серік Бейсембаев.

"Азаматтарды саяси процесстерден шеттету соңғы кездегі трендке айналғанын" әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та айтады. Оның сөзінше, қоғам белсенділерін азаматтық басқарудан тыс қалдырудың салдары көп болмақ.

– Бірнеше қоғам белсендісі басқа партиялардан кандидат ретінде өздерін ұсынбақшы. Партияға кірмей, бұл мүмкіндіктен бас тартқан қоғам белсенділері бар. Олардың саны көбірек. "Бұл кісілерді саяси өмірге қалай араластырамыз? Мүмкіндігін, әлеуетін қалай пайдаланымыз?" деген сұрақ туады. Қоғам белсенділері шеттеп қала берсе, бұл наразылықтың күшеюіне алып келеді. Олар сайлауға араласа алмаса, дауыс беру кезінде бұрмалау болса, бұл лидерлердің радикалдануына әкелуі мүмкін, – дейді сарапшы.

"ПАРТИЯ ІШІНДЕ ТЕҢДІК БОЛМАДЫ"

Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Батырбек Құлекеев бұл саяси ұйымда биыл өткен ішкі іріктеу (праймериз) – осы жаңа тәртіптегі мәслихат сайлауына дайындықтың басы дейді. Яғни, ішкі іріктеуде аймақтарда көп дауыс жинаған кандидаттар енді жалпы сайлаушылар арасында додаға түседі. Құлекеев АҚШ-тағы жақында өткен президент сайлауын мысалға келтірді. Енді Қазақстанда да партиялардың әр аймақта жинаған дауыс саны маңызды бола түседі дейді ол.

– Бұл – көп жыл бойы дәлелденген, шетелден келген тәжірибе. Біз соған сүйеніп енгізіп отырмыз, жұмыс істеген, халыққа берілген адам [мәслихатқа] өтеді, – дейді ол.

Қазір Тараз қалалық мәслихатындағы 25 адамның барлығы "Нұр Отан" партиясынан. Батырбек Құлекеевтің айтуынша, енді одан бөлек, "Ауыл", "Ақ жол" және Қазақстанның коммунистік халық партиясы (ҚКХП) мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуды жоспарлап отыр. Яғни, аймақтарда партиялық бәсеке артады.

Дегенмен саяси белсенділігімен көп таныла бермейтін партиялар аймақтарда өз кандидаттарын ұсынып, бәсеке туғыза аларына күмәнданатындар көп. Тіпті "Нұр Отанның" өз ішінде әлжуаз топтардың, азшылықтың үні естілмейді деген пікірлер айтылады.

"Нұр Отан" праймеризіне қатысып, аз дауыс алғандардың бірі – Ерлан Сейдәзімов те сондай пікірде. Қоғамдық бірлестігі бар ол мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғап, әлеуметтік мәселелерін көтерумен айналысады.

Ерлан Сейдәзімов.
Ерлан Сейдәзімов.

– Праймеризге мүгедектердің құқығын қорғау үшін қатыстым, бірақ тым аз дауыс жинадым. Ең көп дауыс алғандар – артында өз командасы бар ірі басшылар. Осы жағынан теңдік болмады, – дейді Сейдәзімов. Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың барлығы бірдей партия мүшесі болмағандықтан, олардың мұң-мұқтажын көп жұрт ескере бермейді.

Ерлан Сейдәзімов қазір "Нұр Отанның" қалалық кадрлар резервінде тұр, партияның оны мәслихат депутаттығына ұсынар-ұсынбасы да белгісіз.

– Праймеризге қатысқанда партияның белсенділері де қолдады, бірақ бәрібір аз дауыс жинадым. [Тек партия мүшелері емес], қарапайым халық дауыс беретін болса, басқаша болар ма еді? – дейді Ерлан Сейдәзімов.

"БАТЫСТЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ" МЕ, ӘЛДЕ "ПРОФИЛАКТИКА ШАРАСЫ" МА?

Қазақстанның "Сайлау туралы" заңына бұл өзгеріс 2018 жылғы 29 маусымда енгізілген. Елдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі биліктің барлық тармағына, соның ішінде аймақтардағы билік органдарына үстемдік жүргізіп отырған "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы тамыздағы партия жиынында пропорционал сайлау жүйесін "әлемдегі ең озық демократиялық үлгі" деп сипаттаған. Бұға қоса мәслихаттардың да партиялық тізіммен сайлануы "саяси жүйені нығайтып, демократияны дамытады, саяси партияларды жандандыра түседі" деген.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) биліктегі “Нұр Отан” партиясының съезіне қатысқан сәті. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) биліктегі “Нұр Отан” партиясының съезіне қатысқан сәті. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Назарбаев былтыр наурызда президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін, 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президент сайлауына "Нұр Отаннан" түсіп, жеңіп шыққан Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 21 қазанда мәжіліс және мәслихат сайлауын тағайындау туралы үндеуінде Назарбаевтың дәл осы пікірін сөзбе-сөз қайталаған.

Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл өзгеріс – адам құқықтары тұрғысынан да, азаматтардың саяси өмірге қатысуы тұрғысынан да дамуға "үлкен кедергі" дейді.

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

– Бұл ешқандай өзгеріс емес, тек профилактикалық шара. Коронавирус індетіне, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты елдегі экономикалық жағдай нашарлап жатыр. Мәселе осының бәрінің наразылыққа ұласуында ғана емес. Биліктің оны реттеп отыратын ресурстары өте көп. Олар жағдайды бақылауында ұстағысы келеді. Қазіргі жағдайда мәжіліс пен мәслихат "Нұр Отан" партиясынан құралады, тек басқа партиялардан бірен-саран депутат отыруы мүмкін. Осы арқылы бәрін бақылауда ұстап, күтпеген әрекет жасамайтындай мәслихат құру міндеті қойылған, – дейді Жовтис.

Жовтистің сөзінше, билік азаматтардың өз сайлау құқығын пайдалануына мүдделі емес, сондықтан "бөтен ойды бұғаулауға" түрлі айла-шарғы қолданып жатыр. Бұл – соның бірі ғана.

– Біріншіден, саяси партияларға арналған қатаң режим бар. Оппозициялық саяси күш қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Конституцияда не жазылғаны бәрібір, [партия құру үшін жиналатын қол саны] жиырма мыңға дейін, тіпті бес мыңға дейін түсірсе де, ол ешнәрсе өзгерте алмайды. Бұл – советтік тарихы бар елдегі саяси режим. Оппозицияның қалыпты өмір сүруі үшін ешқандай саяси кеңістік қалдырмайды, – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, сайлауды қыста өткізу де билікке ыңғайлы, себебі күн суық болғандықтан, сыртқа көп адам шықпайды. "Жердің кеңдігін, қалалар арасындағы қашықтықты назарға алсақ, сайлауды тіпті жазда да өткізу қиын" дейді құқық қорғаушы.

Жовтистің пікірі бойынша, республикаға тарайтын ақпарат құралдарынан ашық саяси дебаттар берілмесе, "демократияның озық үлгісінің ауылы алыс", себебі партия өкілдерін жұрт танымайды, ашық саяси бәсеке болмайды.

Конституцияға сәйкес, мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Қазақстанның жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.

Қазір Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Оның үшеуі парламентке өткен. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл делінетін "Ақ жол", ҚКХП (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Сайлауға қатысу немесе бойкот. Қайсы дұрыс?

Сайлауға қатысу немесе бойкот. Қайсы дұрыс?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG