Accessibility links

"Алдамшы бәсеке". "Нұр-Отан" партиясы сайлауында өз адамдары ғана озды


Биліктегі "Нұр-Отан" партиясының съезі. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2019 жыл.
Биліктегі "Нұр-Отан" партиясының съезі. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2019 жыл.

Биліктегі "Нұр Отан" партиясы праймериз өткізді. Бірақ партияның "кадрлық ресурс жаңарады" деген уәдесі орындалған жоқ – праймериз нәтижесінде көп өңірде мемлекеттік орган басшылары мен шенеуніктер жеңіске жетті. Азаттық сөйлескен сарапшылар партияның жаңа адамдардан қорқатынын, тек режимге адал, сенімділерге иек артатынын айтады.

"НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІНІҢ ДӘУІРІН ҰЗАРТУ ҮШІН СЕНІМДІ АДАМДАР КЕРЕК"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Нұр Отан" партиясының праймеризін "саяси қойылым" деп бағалайды. Билік кадр жаңартып, өз қатарына өзгеше ойлайтын азаматтарды тартуды мүлде ойламаған. Ұйымдастырушылар саяси процеске бірінші рет қатысқан қоғам қайраткерлерін халық назарын аудару үшін ғана пайдаланып, жеңісті дауыс берудің қалай жүретінімен жақсы таныс, билікке адал партия мүшелеріне берген.

Билікті ішінен өзгерту" мақсатымен бәсекеге түскендер праймеризге қоғам назарын аудару, партияның қатары жаңарғандай сыңай таныту жолындағы құралға айналды.

– Кез келген билік белгісіздіктен қорқады. Олар өз қатарында Назарбаев жүйесінің дәуірін ұзартқысы келетін сенімді адамдар болғанын қалайды. Партия шенеуніктері мен мемлекеттік ұйымдардың басшылары бір тілде сөйлейді. Олар бұрын да дауыс берушілердің сайлауға қатысуын қамтамасыз етіп, әріптес болған. Алдағы сайлауларда да әріптес болады. Ал "билікті ішінен өзгерту" мақсатымен бәсекеге түскендер праймеризге қоғам назарын аудару, партияның қатары жаңарғандай сыңай таныту жолындағы құралға айналды, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Сарапшының пікірінше, билік адамдарды сайлауға қатыстыру үшін қолданылатын ерікті түрде-күш көрсету әдістерінің әлі де жұмыс істейтініне көз жеткізген.

– Билік қоғамға "Нұр Отанның" ішінен өзгеруге қабілетті жалғыз күш екенін көрсете алмады. Нәтижелер ештеңе өзгермегенін көрсетті. Истеблишмент өкілдері басым дауысқа ие болды. Олар "партияның бәсекеге толы ашық сайлауға дайын екенін көрсету" деген праймериздің басты мақсатына жете алмады, – дейді ол.

ПРАЙМЕРИЗ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ: ӘКІМДЕР, ДЕПУТАТТАР, РЕКТОРЛАР

"Нұр Отан" партиясының праймеризінде негізінен басшы кандидаттар жеңіске жеткен. Мысалы, Алматы қаласының Алмалы ауданы бойынша 3900 дауыс (барлық дауыстың 65 пайызы) жинаған Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев жеңімпаз атанған. Праймеризде бағы жанған тағы бір кандидат Мәди Ахметов – "Нұр Отан" партиясының жастар қанаты – "Жас Отанның" төрағасы (2 668 дауыс, 44 пайыз).

Алматының Медеу ауданы бойынша ең көп дауыс алғандар: қалалық №5 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Болат Садықов (65 %), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев және физика-математика бағытындағы Назарбаев интеллектуалды мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова.

Алматының Әуезов ауданында 78 пайыз дауыспен "ППСП Казахстан 2050" қоғамдық қорының президенті Ербұлат Қасымов, Жетісу ауданында 2525 дауыспен (53 %) мәслихат депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі, блогер Қайрат Құдайберген жеңіске жеткен. Жеңімпаздар үштігіне Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев та кірген. Instagram желісінде 2,5 миллион оқырманы бар вайнер Мейіржан Төребаев 707 дауыс (15 %) жинап, мәслихаттағы бәсекелестерінен едәуір айырмашылықпен жеңілген. Ол сайлау қорытындысы туралы пікір беруден бас тартты, бірақ әлеуметтік желіде праймериз өткені туралы жазба жариялады.

"Аудиториясы бар" тағы бір кандидат, "Халықаралық әлеуметтану және саясаттану институты" қоғамдық қоры директорының орынбасары Марат Шибұтов 129 дауыс (2 %) жинаған. Осыған дейін праймериз арқылы халықтың тілегін билікке жеткізуді көздейтінін айтқан Шибұтов та сайлау нәтижесі жайлы пікірін бөлісуге құлық танытпады.

Тағы бір блогер, қоғамдық белсенді Ғалым Байтық небәрі 101 дауыс (2 %) жинаған. Белсендінің пиар-кампаниясы да, праймериз алдында "Нұр Отанға" сенім білдірген мәлімдемесі де бұл сайлауда оған көмектеспеген. Ол додаға түскен Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданы бойынша жеңіске жеткендер арасында: "ABC Partners" компаниясының директоры Куреш Солсанов, BI Holding төрағасының орынбасары Талғат Қожахметов, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық институты басшысының орынбасары Айтжан Әбдіров бар. Олардың әрқайсысы 1300 дауыстан көп жинаған. Кейінірек Байтық Facebook парақшасына жариялаған жазбасында праймериз жеңімпаздарын пікірсайысқа шақырған.

Корпоративті келісімдер жасалды. Мысалы, бір фирма екіншісіне "менің адамдарым саған, сенің адамдарың маған дауыс берсін" деп айтады.

– Әдетте үнсіз қалатын біздің электорат, әсіресе партия сайлаушылары мұндай дауыс беруге дайын емес. Мұнда кәсіпорындар мен (мемлекеттік) басқармалардың ішіндегі әкімшілік ресурс факторы қосылған. Олар сайлаушыға дұрыс дауыс беруге мүмкіндік бермеген. Праймеризде көп заңбұзушылықтар болған. Жергілікті жердегі адамдар, өңірдегі басшылар өз міндетін дұрыс атқармағаннан осындай қадамға баруға тура келген. Корпоративті келісімдер жасалды. Мысалы, бір фирма екіншісіне "менің адамдарым саған, сенің адамдарың маған дауыс берсін" деп айтады. Бірақ бұған тыйым салынбаған. Сайлау нәтижесіне қатысты шағым бермеймін, айтар арызым жоқ. Неге бара жатқанымды жақсы білдім, – дейді Ғалым Байтық.

Праймериз кезінде дауыс беруге мәжбүрлеу және белгілі бір кандидаттың дауысын қолдан көбейту фактілері туралы шағымдар болды. Мысалы, праймеризге қатысқандар дауыс беру кезіндегі әділетсіздік туралы шағым беру үшін "Нұр Отан" партиясының астанадағы бөлімшесіне барған.

– Праймеризге қатысқандардың ұйымдастырушыларға айтқан шағымына қарағанда, "Нұр Отан" өзінің ішкі сайлауына да дайын болмаған сияқты. "Нұр Отан" парламент сайлауында 80 пайыз дауыс жинаса да, партияның "бюджет қызметкерлері бізді қолдайды" деген сыңай танытуы оның легитимділігін қамтамасыз ете алмайды деп ойлаймын. Праймеризде партияішілік бәсеке мен бюджет қызметкерлерінің қолдауына ие болу имитациясы көрінді, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

"ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕГЕНІН ӨЗДЕРІ ДЕ ТҮСІНДІ"

Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев праймериздің басты мақсаты – "Нұр Отан" партиясының бетіне қалың бояу баттастыруды көздеді деп есептейді.

– Партияның беделі төмен, ол ешқашан электоралды сипаттағы классикалық партия болған жоқ. Өйткені партия ешқашан бәсекеге толы сайлауға қатысып көрмеген, – дейді "Нұр Отанның" праймеризін "сәтсіз саяси технология" деп бағалаған Сәтпаев.

Сарапшы "Нұр Отанның" праймеризі мен алдағы парламент сайлауы адамдарға емес, саяси элитаға керегін айтады.

Өз позициясынан айырылғысы келмейтін элитаның бұл бөлігі билікте қалу үшін түрлі саяси әдіс-тәсілді қолданып, бар күшін салады.

– Бұл жерде элита ішіндегі астыртын ойын элементтері бар. Гипотетикалық тұрғыдан алғанда, Назарбаевпен тығыз байланыстағы элита өкілдері Назарбаев кетіп, бар билік Тоқаевтың қолында қалса, ол элита ішіндегі қатынасты өз пайдасына өзгертуге тырысады деп қауіптенеді. Әрине, мұндай жағдайда көп жыл бойы бірінші президентпен жұмыс істеп келген элита өкілдері шетке ығысады. Сондықтан өз позициясынан айырылғысы келмейтін элитаның бұл бөлігі билікте қалу үшін түрлі саяси әдіс-тәсілді қолданып, бар күшін салады. Сондай әдістің бірі – парламенттің рөлін күшейту. Олар мұны демократияландыру, президенттік-парламенттік республика құру ұранымен жүргізуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олар парламентті тек бір мақсат – "Нұр Отан" партиясының басымдығын арттыру үшін ғана күшейткісі келеді.

Сарапшы сайлаудың ресми қорытындысы тәуелсіз бақылаушылар мойындамай, соңы жаппай наразылықтарға ұласқан былтырғы кезектен тыс президент сайлауынан кейін Ақорда парламент сайлауын қалай өткізерін білмей, алаңдай бастағанын айтады. Сәтпаевтың пікірінше, билік президент сайлауы сияқты парламент сайлауы да әлеуметтік шиеленісті ушықтыруы мүмкін деп қауіптенеді.

– Әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету үшін оларға "Нұр Отан" партиясын кадрлары жаңарып, модернизациядан өткен кейіпте, жаңа қаптамаға орап көрсету керек болды. Бірақ бұл саяси жүйені өзгертпей жүргізілген партияішілік іріктеу механизмінің имитациясы ғана болып шықты. Атты арбаның соңына жегіп қойды. Әуелі партиялар туралы заңды өзгерту арқылы партиялық жүйені реформадан өткізу керек еді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстандағы саяси жүйе "ескі сүрлеуіне" салып, билеуші партиядан жаңа кадр дайындап шығаруға бейіл емес.

Алғаш қатысқан жаңа адамдар өзін шынайы саясаткер сезініп, жоғарының айтқанымен жүрмей қояды деген әдеттегі қорқыныштан арылмай отыр.

– Алғаш рет қатысқан жаңа адамдар өзін шынайы саясаткер сезініп, жоғарының айтқанымен жүрмей қояды деген әдеттегі қорқыныштан арылмай отыр. Билікке талай сыннан өткен бұрынғы адамына сенім артқан әлдеқайда жеңіл. Сондықтан ескі пьесадағыдай, босағадағы ілулі қару қойылым соңында әйтеуір атылады. Саяси қойылымға құмар адамдар іштей еш өзгермеген дүниені жаңа қаптамаға орап, сыртын өзгертіп ұсына береді, – дейді Сәтпаев.

Азаттық сөйлескен сарапшылар билеуші партия праймериздің көмегімен сайлаушылардың маңызды бөлігінің назарын аудара алмады деп есептейді.

– Бұған дейін де "Нұр Отан" партиясына деген сенім сұйық еді. Праймериз бұл сенімді күшейткен жоқ. Саяси тұрғыда өсемін деп үміттенген көп адамның керісінше, сенімі азайды. Ал қазақстандықтардың басым бөлігі праймериз өтіп жатқанын естіген де жоқ. Оларға қазір праймериз деп аталатын саяси процестің кезекті имитациясына қарағанда күн көру мәселесі әлдеқайда маңызды. Бұл мәслихатқа немесе сенатқа сайлау сияқты. Олар бұл процеске қатыспайды. Праймериз бірінші кезекте, Назарбаев пен элитаның маңызды бөлігіне "Нұр Отанның" әлі де қауқары барын көрсету үшін ұйымдастырылған. Бірақ ештеңе өзгермегенін өздері де түсінді, – дейді Досым Сәтпаев.

Ресми дерек бойынша, "Нұр Отан" партиясының праймеризіне 10 мыңға жуық кандидат қатысқан. Олардың 70 пайызы – өзін-өзі ұсынған. Партия хатшысы Арман Қырықбаев 5 қазанда өткен сайлау нәтижесі туралы "билеуші партия елдің саяси алаңындағы көшбасшылығын іс жүзінде дәлелдеп, партия мүшелері мен жақтастарының қатарын жаңартты" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG