Американың үш медицина қауымдастығының жетекшісі президент Дональд Трампты жаңадан сайланған Джо Байден командасына коронавирусқа байланысты қолда бар маңызды ақпараттарды беруге шақырды.
Америка медицина қауымдастығы, медбикелер қауымдастығы және ауруханалар қауымдастығының жетекшілері қол қойған хат Трамп әкімшілігіне 17 қарашада жеткен. Қауымдастық өкілдері індетпен тиімді күресу үшін Ақ үй дәрі-дәрмек, медицина жабдықтары және адам ресурсы туралы ақпараттарды Байден командасына беріп, бірге әрекет етуі тиіс деп санайды.
Трамп 3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін әлі мойындаған жоқ, соның кесірінен Байден командасы қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай келеді.
Осыған дейін Байден Ақ үйге келгеннен кейін коронавируспен күрес мәселесіне басымдық беретінін айтқан. Осы аптада "Трамп әріптестіктен бас тарта берсе, зияны қарапайым адамдарға тиеді" деп ескерткен.
Соңғы уақытта АҚШ-та індет өршіген, бір тәулік ішінде орташа есеппен 73 мың науқас ауруханаға жатқызылады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та 11,3 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 250 мыңы қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР