АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама жаңа мемуарында Ресей президенті Владимир Путинді “криминалдық синдикатты” еске салатын үкіметтің басшысы деп атап, сөзбен түйреп өткен.
17 қарашада жарық көрген “Жерұйық” ("A Promised Land") атты естеліктер жинағында Обама Путинді 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында АҚШ қалаларын басқарған жемқор саяси басшыларға ұқсатқан. Обаманың жазуынша, ондай басшылар парақорлық пен патронажды “саудаласудың заңды құралы” деп білген.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Путин Ресейді "бәлкім, сескенетін, бірақ еліктеуге болмайтын" мемлекетке айналдырды деп атап көрсеткен. Дамушы елдер арасында Мәскеуге "сүйсіне қарайтын" адамдар табыла қояр ма екен деп күмәнданған.
2009-2017 жыл аралығында Ақ үй жетекшісі болған Обама Путинмен дүрдараз қатынаста болған. Ол Мәскеу Грузияны 2008 жылдың тамыз айында басып алғаннан кейін бірнеше айдан соң билікке келген.
Обама бастапқыда Мәскеумен қарым-қатынасты жақсарту жолын іздегенмен (оның әкімшілігінің тілімен айтсақ, "қайта іске қосу" саясаты) терең сенімсіздік, сыртқы саясатта ортақ мәмілеге келе алмау және Ресейдегі демократияның артқа кетуі сияқты факторлар оған кедергі келтірген.
Обама кітабында Путиннің белуарына дейін жалаңаштанып, атқа отырған суретін меңзеп, оның әрекеті "Инстаграмға суретін жариялауға құмар тинейджерді" еске салады деп жазған.
ПІКІРЛЕР