Демалыс күндері Александр Лукашенкоға наразылық кезінде Минскіде ұсталған Азаттықтың Беларусь қызметінің тілшісі 10 күнге қамалды. Бұл ақпаратты тілшінің туыстары хабарлады.
Ихар Карней - 15 қарашада Беларусьтегі митинг кезінде ұсталған мыңнан астам адам арасында болған. 9 тамыз күнгі президент сайлауында Лукашенко жеңді деп жарияланғаннан кейін елде күн сайын наразылық акциялары өтіп жатыр. Батыс елдері сайлау нәтижесін мойындамай, биліктің бейбіт шеруге шыққандарды күшпен жазалауын айыптаған.
Жексенбі күні Карнеймен бірге Азаттық жобаларына қатысып жүрген тағы үш тілші: фототілші Андрей Шаулюха, оператор Андрей Рабчык, монтажер Юлия Котская да ұсталған.
17 қарашада Минск соты "рұқсат етілмеген акцияға қатысты" деп айыпталған Шаулюханы 15 күнге қамаған. Тілші сот кезінде тағылған айыпты жоққа шығарып, митингіге қатыспағанын, оқиғадан тілші ретінде ақпарат таратқанын айтқан. 16 қарашада Рабчык те "заңсыз митингіге" қатысқаны үшін 15 күнге қамалды. Ол да тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Ал Котскаяның соты бейсенбі күні өтеді.
ПІКІРЛЕР