Accessibility links

19 қарашада 791 адамнан коронавирус анықталды, Алматыда науқастар көбейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Кеше, 19 қарашада Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 791 адам анықталды. Бір күнде 311 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, бейсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (242) тіркелген. Коронавирус жұққандардың елдегі ең ірі қала - Алматыда да өскені байқалады. Мұнда бір күнде 91 науқас анықталған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 42 болған.

Солтүстік Қазақстан облысында - 85, Павлодар облысында - 85, Қостанай облысында - 63, Нұр-Сұлтан қаласында - 53, Ақмола облысында 48 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Қызылорда, Маңғыстау облыстарында өткен тәулікте науқас анықталмаған.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 123 888 адамға жетті: 111 мыңнан астамы жазылған, 1964-і қайтыс болған.

Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 40 690 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 423 адам қайтыс болған, 30 мыңға жуығы жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус картасында екі мәлімет (коронавирус пен коронавирус пневмониясы есебі) қосылып көрсетілгенмен Джонс Хопкинс университеті коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендерді ғана картасына енгізіп отыр. Қазақстан билігі басында бұл екі мәліметті біріктіріп көрсетуге уәде бергенмен орындамады.

Қазақстанның коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.

Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бірқатар аймақтарда деректерді жасыру анықталды" деп мәлімдеген. Ізінше мәселеге түсініктеме берген кейбір аймақтың денсаулық сақтау саласындағы басшылары "мәселе 50 шақты науқаста болып отыр, бұл мәселенің себебі анықталып, шешілді" деп айтқан.

Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG