Өткен тәулікте Ресейде коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны рекордтық шамаға жетті.
Ресейдің індет бойынша оперативті штабының мәліметі бойынша, өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырған 24 822 адам тіркелген. Бұл – көктемдегі максимумнан екі еседен де көп шама. Бір тәулік ішінде 467 адам осы дерттен көз жұмды, бұл да пандемия басталғалы бергі ең үлкен көрсеткіш. Статистика бойынша, қайтыс болғандар саны 35 мың адамнан асқан.
Сонымен бірге, төртінші тәулік қатарынан ауырғандарға қарағанда, жазылғандар көбірек тіркеліп жатыр, яғни дәл қазір ауырып жатқан науқастар саны азайып келеді. Осы күні елде 400 мыңдай адам Covid-тен емделіп жатыр.
Мәскеу қаласында да бір тәулікте ауырғандар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 7 мыңнан астам адам анықталды, 1,5 мың науқас ауруханаға жатқызылды.
Індет келгелі Ресейде 2 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, ауырғандар саны жөнінен Ресей әлемде бесінші орында тұр.
Ресейдің біраз өңірінде індетке байланысты көп шектеу енгізілген. Мәскеуде мектептердің бір бөлігі және университеттер қашықтан оқу тәртібіне көшкен, клубтар мен тамақтану орындары түнгі уақытта жабылады, музейлер жабық, ал театрлардағы орындар саны шектелген. Дегенмен көктемдегідей карантин мен "оқшаулау" шаралары енгізілмеді. Елдің көп аймағында ауруханаларда орын жетіспей жатқаны, дәрі-дәрмектің қаттығы, медицина қызметкерлерінің тапшылығы туралы көп айтылады.
ПІКІРЛЕР