Accessibility links

Ақтөбеде комиссия коронавирус пневмониясына шалдыққан бала өлімінің себебін зерттеп жатыр


Рентген суретке қарап тұрған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Рентген суретке қарап тұрған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы 18 қарашада қайтыс болған коронавирус пневмониясына шалдыққан 9 жасар баланың өлімінің себебін тексеріп жатыр. Баланың коронавирус пневмониясына шалдыққаны ауруханаға түскеннен кейін төрт күннен соң бір-ақ анықталған.

- Бала өліміне не себеп болғанын, қай тұста қандай қателік жіберілгенін арнайы комиссия анықтайды. Бала денесінен алынған анализдер Алматыдағы гистология зертханасына жіберілді. Нәтижесі екі апта аралығында белгілі болады, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев 24 қарашада Азаттық тілшісіне.

Исаевтың мәліметінше, пациент Хромтау аудандық ауруханасына 13 қараша күні түскен. Жағдайы нашарлай бастағандықтан 16 қарашада Хромтаудан облыс орталығы Ақтөбеге жеткізілген. Алдымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылған науқас ертесінде инфекциялық ауруханаға жеткізілген.

- Ішек инфекциясына шалдықты делінген бала бізге 17 қарашада түнгі үштер шамасында түсті. Оған дейін төрт тәулік бойы қайта-қайта құсып жатқан. Қатты әлсіреп қалыпты. "Жұқпалы ішек инфекциясына шалдықты", "гастрит" деген диагнозбен жеткізілген баланы рентгенге түсірдік. Рентген қортындысына қарап, екі жақты пневмонияға шалдыққанын білдік, - дейді Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нуритдинова.

Коронавирус пневмониясына шалдыққаны бірнеше күннен кейін анықталған бала 18 қарашада Ақтөбе медицина орталығының реанимациясында қайтыс болған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, балаға жүргізілген ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен.

Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында білім беру мекемелерінде 18 адамнан коронавирус анықталған. Біреуі - оқушы, 10-ы - мұғалім, үшеуі - жұмысшы, төртеуі - балабақшаға барып жүрген бала.

17 қарашада денсаулық сақтау министрлігі жыл басынан бері Қазақстанда 241 мұғалім мен 1042 оқушыға коронавирус жұққанын, бір баланың вирус пневмониясына шалдыққанын хабарлаған.

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі 1 қыркүйектен бері қашықтан білім алып жатыр. Тек кейбір мектептерде бастауыш сыныптарға арналған "кезекші сыныптар" ұйымдастырылған. Бұған қоса, кейбір аймақта бала саны 300-ден аспайтын шағын мектептерге дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG