Әзербайжан әскерилері Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтату туралы келісім аясында Армения қайтарған үш ауданның екіншісіне кірді. Әзербайжан қорғаныс министрі 25 қарашада әскерилердің Кельбаджар ауданы аумағына енгенін хабарлады.
Бастапқыда Кельбаджар ауданы әзербайжан жағына 15 қарашаға дейін қайтарылуы тиіс болған. Бірақ Әзербайжан гуманитарлық себептермен аумақты “қайтару мерзімін” ұзартқан.
Қорғаныс министрінің айтуынша, әскери бөлімшелер еркін жылжи алуы үшін жолдар қалпына келтіріліп, миналардан тазартылған.
Армения екі апта бұрын Баку, Ереван, Мәскеу қол қойған келісімге сәйкес, Таулы Қарабақ маңындағы үш аймақ: Агдам, Кельбаджар және Лачин аудандарын әзербайжан жағына қайтаруға келіскен. Агдам 20 қарашада қайтарылды. Лачин ауданы 1 желтоқсанға дейін берілуі тиіс.
Кремльдің хабарлауынша, 24 қарашада Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян телефонмен сөйлесіп, Мәскеудің араласуымен жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің орындалу барысын талқылаған. Кремль таратқан хабарламада тараптардың сонымен бірге гуманитарлық көмек және экономикалық мәселелерді де қозғағаны жазылған.
- Әзербайжанның Таулы Қарабақ және оған жапсарлас аймақтары 1990 жылдардың басынан бері этникалық армяндардың бақылауында болған. Қыркүйекте Әзербайжан бұл аймақты қайтару үшін әскери операция бастады. Әзербайжан әскері мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының біраз бөлігін, соның ішінде Шуша қаласын және оның маңайындағы аудандарды бақылауына алды. Атыс кезінде екі жақтан мыңдаған адам қаза болды. Олардың арасында әскерилер де, бейбіт тұрғындар да бар.
ПІКІРЛЕР