Accessibility links

"Древний Римдегі" төбелеске айыпталған Нарек Гурурян 16 жылға сотталды


Аты-жөнін Нарек Гурурян деп таныстырған ер адамның видеомәлімдемесінен алынған скриншот.
Аты-жөнін Нарек Гурурян деп таныстырған ер адамның видеомәлімдемесінен алынған скриншот.

26 қарашада Қарағандыдағы сот "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелеске қатысты айыпталған Нарек Гурурянды 16 жылға соттады. Ол жазасын өтеп болған соң Қазақстаннан шығарылып, елге бес жыл кіре алмайды.

2019 жылы 31 желтоқсан түні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасындағы жанжалдан бір адам қаза тауып, бір адам ауыр жараланған. Тағы тоғыз адам зардап шеккен еді.

Гурурян төбелестен соң Ресейге қашып кеткендіктен, оның ісі басқа айыпталушылардан бөлек қаралды. Ол бұған дейін Қазақстанға экстрадицияланған еді.

Сот Гурурянды адам өлтіруге талпынды және бұзақылық жасады деп тапты. Оның 23 жастағы Рақымжан Жансейіттің өліміне қатысы болғаны дәлелденбеді, бірақ басқа адамды өлтіруге талпынды деп айыпталды.

Іс материалдарына сай, Гурурян 2019 жылы 1 қаңтарға ауған түні болған төбелеске қатысып, бірнеше еркектің денесін жарақаттап, бір адамды пышақтаған.

Прокурор Гурурянды 16 жылға соттауды және жазасын өтеп болған соң Қазақстаннан шығаруды сұрады. Қорғаушы оның бас бостандығынан айырмауды өтінді.

2019 жылы Жаңа жыл түні "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелестен кейін Юсиф Нурулуны 19 жылға сотталды. Арман Оганнисян, Болат Жұмамратов, Тигран Степанян және Илья Щурок үш жылға бас бостандығынан айрылды. Сот жаппай төбелеске қатысты деп айыпталған алты адам - Хачатур Оганнисян, Давид Галкин, Қайыр Нәдірбеков, Торгом Малхасян, Жасур Пиров және Васиф Нурулудың бас бостандығын төрт жылға шектеген еді.

Сот үкімін әркім әрқалай бағалады. Төбелес кезінде қаза тапқан Рақымжан Жансейіттің әкесі кейбір сотталушыларға көбірек жыл берілуі керек еді деген. Юсиф Нурулудың шешесі Жансейіттің басқа адамның қолынан қаза тапқанын айтып, бірақ ұлының қауіпсіздігіне байланысты кінәлінің атын атай алмайтынын жеткізген.

Сот 13 сотталушының төртеуін – Арменияның үш азаматы мен Өзбекстанның бір азаматын жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығаруды бұйырды. Олардың бес жылға дейін Қазақстанға келуіне тыйым салынды. Сот кезінде айыпталушылардың жартысы тағылған айыпты жартылай мойындаған, кейбірі айыппен келіспеген еді.

16 қарашада апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.

"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес қоғамда наразылықты күшейткен. Қарағандыда жұрт наразылыққа шығып, кінәлілерді қатаң жазалауды сұраған. Интернет пен желіде армяндардың төбелеске қатысқаны жайлы ақпарат тараған. Қазақстан мен Армения билігі бұл тұрмыстық төбелес екенін, оған ұлтаралық сипат беруге болмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG