Accessibility links

Сталинизмнің Қазақстандағы салдары жайлы монография жарық көрді


27 қарашада Алматыда таныстырылған "Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру" монографиясы.
27 қарашада Алматыда таныстырылған "Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру" монографиясы.

Қарашаның 26-сында Алматы қаласында "Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру" деп аталатын ұжымдық монографияның онлайн-презентациясы өтті.

Тарихшылар Жұлдызбек Әбілхожин, Михаил Акулов, Зәуреш Сақтағанова, зерттеуші журналист Екатерина Кузнецова, жазушы Юрий Серебрянский, мәдениеттанушылар Александра Цай, Мариника Бабаназарова, Гүлдана Сафарова және суретші Әсел Қадырхановалардың еңбектері кірген монографияда 1930-1940 жылдары Қазақстанда болған сталиндік қуғын-сүргін тарихы, естеліктер мен қазіргі қоғамның сталинизм туралы ұғымы сөз болған.

Жинақ "Тарих", "Зерде", "Өнер" және "Көрме" деп аталатын бөлімдерден тұрады. Авторлар ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, индустрияландыру, мәжбүрлеп жер аудару, жаппай қуғын-сүргін және еңбекпен түзеу лагерьлері кезіндегі зорлық-зомбылық, азап пен жоқшылықтың халық жадында қалай таңбаланғанын баяндайды, халықтың рухани жарақатын өнер құралдары арқылы көрсетуге талпынады.

Зерттеуші Зәуреш Сақтағанова 1950 жылдары Ұлттық ғылым академиясының зерттеушілері мен академия президенті Қаныш Сәтбаевтың үстінен жазылған арыздардан мынадай мысал келтіреді:

"...Қазақ КСР Ғылым академиясында саяси тұрғыдан жат адамдардың көптігі кездейсоқ емес. Академия төралқасының жетекші мүшелері: вице-президент Кеңесбаев (байдың ұлы), академик-хатшы Галузо (троцкистің ағасы) саяси сенім білдірмейді... Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтбаев байдың баласы. Оның екі ағасы кеңес өкіметінің жауы ретінде репрессияға ұшыраған. Өзі 1918 жылы контрреволюциялық буржуазиялық "Алаш Орда" ұлтшыл партиясының жұмысына белсенді қатысқанын партиядан жасырады... Тексеру материалдарын алдағы Қазақстан БК(б)П ОК бюросында талқылауға байланысты Қазақ КСР Ғылым академиясының басшылығын жаңарту туралы ұсыныстар енгізу қажет деп санаймыз...".

Жинақтың екінші бөлімі Қазақстанға депортацияланған поляктар мен корейлер туралы. "Өнер" бөлімінде ҚарЛагтың суретшілері жайлы баяндалады. Төртінші бөлімде осы тақырыптағы көрме материалдары берілген.

"Жадыңнан өшпес" жинағын Open Mind жобасы Сорос-Қазақстан қорының "Адам құқықтары" жөніндегі бағдарламасы бойынша құрастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG