Accessibility links

Оралда митингіге рұқсат ала алмаған белсенді тағы да пикетке шықты


Бекболат Өтебаев пикетке шыққан сәт. Орал, 27 қараша 2020 жыл.
Бекболат Өтебаев пикетке шыққан сәт. Орал, 27 қараша 2020 жыл.

27 қарашада Орал қаласындағы орталық алаңда жергілікті белсенді Бекболат Өтебаев бір адамдық пикет өткізді. Ол бұған дейін әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш беріп, рұқсат ала алмаған. Ол осыдан соң бір адамдық пикетке шығуға бел байлағанын айтады.

Өтебаев орталық алаңдағы Абай ескерткіші алдына "Demand social justice" (Әлеуметтік әділдікті талап етемін - Ред.) және "Stop выборам без права выбора" (Таңдауы жоқ сайлауға стоп - Ред) деген жазуы бар плакат ұстап шықты.

20 минуттан соң белсендінің жанына әкімдіктің екі қызметкері келіп, Өтебаевтан акциясын тоқтатуды талап етті. Ал белсенді жауап ретінде "бір адамдық пикетке тыйым салынғаны көрсетілген" құжат болса ғана кететінін айтты.

- Мен кетпеймін. Бұл – пикет менің конституциялық құқығым және мен өз пікірімді айтамын, - деді ол.

Өтебаев митинг өткізуге рұқсат ала алмаған соң үшінші рет пикетке шығып тұрғанын айтады.

- 4 желтоқсанда алаңға жиналып, қымбаттаған тариф туралы және сайлау құқығымыз туралы айтпақ едік. Маған рұқсат бермеді. Ешкім митингіге келмей қойсын, себебі билік мұны рұқсат етілмеген шара деп тануы мүмкін, - деді ол.

Әкімдік белсендіге "митинг өткізіледі деп көрсетілген жер бейбіт шара өткізу үшін белгіленбеген" деп рұқсат бермеген және карантин шектеулерін алға тартқан.

Шара 40 минутқа созылды, одан кейін белсенді плакатын жинап кетіп қалды.

Бейбіт митинг туралы жаңа заңға сай, бір адамдық пикетке рұқсат алып қажет емес. Ал жұрт митинг, наразылық маршын өткізем десе, жергілікті билікке өтініш жазуы тиіс. Құқық қорғаушылар сынаған жаңа заңда митинг өткізуге рұқсат бермейтін 13 пункт бар. Билік жаңа заңды алға басу десе, құқық қорғаушылар билікпен келісілмеген митингіге қатысушыларға жаза күшейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG