Accessibility links

"ВИЧ-ке бола азаматтық бермей отыр". Түркіменстаннан келген қазақтың хикаясы


Түркіменстанда тұрған қазақ Салауат Кабжалелов ВИЧ жұқтырғаны үшін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. 27 қараша 2020 жыл.
Түркіменстанда тұрған қазақ Салауат Кабжалелов ВИЧ жұқтырғаны үшін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. 27 қараша 2020 жыл.

Қазақстанда туып, 20 жылдан астам уақыт Түркіменстанда тұрған Салауат Кабжалелов 2011 жылы тарихи отанына оралған. Ол оралман мәртебесін алғанымен, әлі күнге Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүр. Салауат азаматтық алудың әуресін өзінің ВИЧ дертіне шалдығуымен байланыстырады. Сарапшылар ВИЧ диагнозы қойылған адамдарға азаматтық алу қиын екенін, олардың қоғамда дискриминацияға көп ұшырайтынын айтады.

Салауат Кабжалеловпен "Реванш" қоғамдық қорында кездестік. Ол мұнда ерікті ретінде ВИЧ диагнозы қойылған адамдарға көмектесумен айналысады. Салауаттың айтуынша, ВИЧ-ке шалдыққан адамдар құжат рәсімдеу, жұмысқа тұру, баспана табу және жеке өмірін құруда көп қиындыққа кезігеді. Ол басынан өткен қиындықтарын жымия әңгімелеп, сөз арасында күлкінің денсаулыққа пайдалы екенін атап өтті.

— Қазақстаннан 80-жылдары кеттік. Ата-анам ажырасқаннан кейін, анам Түркіменстан азаматымен танысты. Бөтен елге бірінші өзі барып, жағдаймен танысқан соң, балаларын көшіріп алды. Отбасында төрт баламыз. Бізге қарайтын ешкім болмады. Анам үнемі жұмыста жүретін. Сондықтан бәріміз мемлекеттік мектеп-интернатта оқыдық. Үйге демалыс күндері ғана келетінбіз, — дейді Салауат Кабжалелов.

Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті. 27 қараша 2020 жыл.
Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті. 27 қараша 2020 жыл.

Салауат мектеп бітіргеннен кейін жоғары не кәсіптік білім алмаған. 90-жылдары жас жігітке отбасын асырау үшін жұмыс іздеуге тура келген. Ол кондитер болып істеп, Ашхабадтағы базарлардың бірінде түрік киімдерін де сатқан. Салауат ол кезде жан бағу үшін көбі саудамен айналысқанын айтады.

1999 жылы Салауат Наталья есімді қызбен танысып, сегіз айдан кейін үйленген. Олар бір жарым жыл бірге тұрғаннан кейін, Салауат түрмеге түскен.

— Мені адам өлтірді деген айыппен ұзақ мерзімге түрмеге жапты. Сотқа куәгер ретінде қатыстым, қолда бар деректің бәрі қылмысқа қатысым жоғын көрсетіп тұрды. Бірақ кейін айыпталушы болып шықтым. Түркіменстанда заң қатаң: сот 20 жыл түрме жазасына кесті. Бірнеше жылдан кейін жаза мерзімін 10 жылға дейін азайтты, президент ауыр қылмыс бойынша отырған тұтқындардың жаза мерзімін жартылай қысқартты, — дейді Салауат Кабжалелов.

Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті. 27 қараша 2020 жыл.
Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті. 27 қараша 2020 жыл.

Салауат түрмеде болғанда отбасы Қазақстанға көшуге бел буған. 2010 жылы Салауаттың әйелінен басқалардың бәрі азаматтық алған. Айтуынша, әйелі Наталья ұрлатып алған құжатын қайта жасату үшін Түркіменстанға барған. Ол Түркіменстаннан Қазақстанға екінші рет қайтқанда елден шыққаны туралы анықтама алмағандықтан, Түркіменстаннан кеткенін растай алмаған.

— Осы уақыт ішінде мерзімінен бұрын түрмеден босап шықтым. Қазақстанға көшу үшін құжат жинай бастадым. 2011 жылы Түркіменстаннан біржола кетіп, отбасыммен бірге Талғар ауданына қоныстандым. Оралман куәлігін алып, Қазақстан азаматтығына өтініш бердім. Бірақ азаматтық алу оңайға соқпады: бірде заң өзгеріп, қосымша құжат жинауды сұрады, енді бірде сотталмағаным туралы анықтама қажет болды. 2018 жылы ерікті болып жүргенімде көші-қон полициясынан маған неге азаматтық берілмегені жөнінде жазбаша жауап талап ету керегін естідім. Осылай азаматтық алуыма жыныстық жолмен берілетін ауруға шалдығуым себеп болғанын білдім. Жауапта аурудың аты көрсетілмеген, бірақ олардың ВИЧ-ті меңзеп отырғаны айтпаса да түсінікті ғой, — дейді ол.

Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорының кеңсесінде отыр. 27 қараша 2020 жыл.
Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорының кеңсесінде отыр. 27 қараша 2020 жыл.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның заңгері Анна Солодованың пікірінше, Салауат Кабжалеловтің жай ғана басқа елден келген шетелдік емес, тарихи отанына оралған этникалық қазақ екенін түсіну өте маңызды.

— Құқықтық тұрғыдан мұны дискриминация деп бағалауға болады. Салауаттың жағдайы прецедент туғызуы мүмкін, өйткені елімізде не көмекке, не құжатқа қол жеткізе алмай жүрген адам көп. Салауатқа осы іс бойынша сотта қорғадық. Қазір ол азаматтық алудан үміттеніп жүр. Билік құжаттарды қабылдаса, онда ресми жауапты күту керек. Содан кейін ғана әрекетке көшуге болады, — дейді Анна Солодова.

"БІРДЕН КӨНДІГІП КЕТТІМ"

Салауат Кабжалелов ВИЧ диагнозы туралы азаматтық алуға құжат жинап жүрген кезінде білген. Көп құжаттың арасында СПИД-орталығынан анықтама әкелу туралы талап та болған. Салауат жайсыз хабардан есін жиған бойда диагнозын әйеліне, анасы мен жақын туыстарына айтқан. Көп ұзамай әйелі Натальяға да ВИЧ жұққаны анықталған. Бес жылдан кейін ол онкологиялық аурудан көз жұмған. Салауат әйелінің қазасынан кейін Алматыға көшіп, волонтерлікпен айналыса бастаған.

—ВИЧ диагнозыма бірден көндігіп кеттім. Ауру туралы алғашқы ақпаратты дәрігерлерден алдым. Олар қандай препараттар қабылдау керегін айтып, "дәріні үзбесең, өмір сүресің" деді. Қоғамдық ұйымдардың әртүрлі тренингтері арқылы ВИЧ туралы көбірек біле бастадым. ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың лагері болды. Бес күн бойы тауда, қолайлы жағдайы жоқ шатырда тұрып, өзіміз тамақ дайындап, таңертең жаттығу жасап жүрдік. Бізбен психолог пен психотерапевт жұмыс істеді. Осының бәрі өте жылы атмосферада өтті. Лагерьде ВИЧ туралы көп жаңа ақпарат білдім. Бұл қандай терапия екенін, оның ағзаға қалай әсер ететінін, не үшін керегін түсіндім, — дейді ол.

Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті болып жұртқа көмектесіп жүр. 27 қараша 2020 жыл.
Салауат Кабжалелов "Реванш" қоғамдық қорында ерікті болып жұртқа көмектесіп жүр. 27 қараша 2020 жыл.

Салауат қорда жұмыс істеп жүріп ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың дискриминацияға жиі ұшырайтынын, көбіне мұндай диагнозы бар адамдарды жұмысқа алмайтынын, кризистік орталықтарға қабылдамайтынын көрген.

— Басында баспанасы не баратын жері жоқ адамды ВИЧ диагнозы болғаны үшін мүгедектер үйіне алмай қойғанына куә болдық. Біраз уақыттан кейін әлгі адам көшеде қайтыс болды. Дискриминацияның басты себебі — сауатсыздық. Адамдар ВИЧ пен СПИД-тің айырмашылығын білмейді, ал бұл ақпаратты интернеттен бір минут ішінде табуға болады. Әртүрлі акциялар өткізіп тұрамыз. Мысалы, "Мені құшақташы" акциясы арқылы халыққа ВИЧ-тің ауа-тамшы жолымен тарамайтынын түсіндіреміз. Түсінесіз бе, көп адам әлі күнге қолымды алуға қорқады, - дейді Салауат.

ДИСКРИМИНАЦИЯ

"ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың Орталық Азия қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Любовь Воронцованың айтуынша, ВИЧ-ке шалдыққаны үшін азаматтық бермеу тек Салауаттың ғана басындағы жағдай емес.

— Бір қызығы, азаматтық бермеуге себеп болатын аурулар тізімінде ВИЧ-инфекциясы жоқ. Бұл — жүйелі мәселе. Біз ол туралы көп айтып, ішкі істер министрлігі өкілдерімен кездесіп, жазбаша құқықтық түсініктемелер алғымыз келеді, — дейді Любовь Воронцова.

Любовь Воронцованың дерегінше, ВИЧ-пен өмір сүретін адамдар көбіне медициналық мекемелерде, жұмыста, азаматтық алу кезінде дискриминацияға ұшырайды. Ауруханаларда ВИЧ диагнозы қойылған адамдарға медициналық қызмет көрсетуден бас тартатын, науқастың жыныстық және репродуктивті құқықтары шектелетін кездер аз емес.

— Емханаға ВИЧ диагнозы бар жүкті әйел есепке тұруға барса, дәрігерлер оны баланы алдырып тастауға көндіре бастайды. Балаға бір жағдай болса, емхананы жауапқа тартпайтыны жөнінде нотариус бекіткен өтініш әкелуді сұрайды. Әрине, бұл заңға қайшы әрекет, сондықтан мұндайға жол бермеуге тырысамыз, — дейді Любовь Воронцова.

Воронцованың айтуынша, жұмыста да дискриминациялық кедергілер көп кездеседі, елде жұмыс орындары ВИЧ-ке қан тапсырып, анықтама әкелуді талап етеді.

— Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жұмысқа тұрарда ВИЧ-ке тест тапсырудың қажеті жоқ. Бұл — жұмыс берушінің бірде-бір нормативтік-құқықтық актіде көрсетілмеген жеке бастамасы. Сауда орталығындағы сатушы-кеңесшіге ВИЧ-ке тест тапсырудың керегі не? Соған қарамастан, жұмыс іздеген адамдарға ВИЧ-ке қан тапсырып, анықтама әкелуге тура келеді. Көбіне ВИЧ-ке шалдыққан адамдар “жұмысқа қабылдамайтын шығар” деп анықтама сұрайтын мекемелерге бармайды, — дейді Любовь Воронцова.

Ауруына байланысты дискриминацияға ұшыраған адамдар арасында істі сотқа жеткізіп, өз құқығын қорғауға тырысатындар жоқтың қасы. Любовь Воронцованың пікірінше, бұған адамдардың өз диагнозын жариялаудан қорқуы және құқықтық сауаттылықтың төмендігі (көбі сотта құқық бұзушылық фактісін дәлелдеп шығуға болатынына сенбейді) себеп болып отыр.

— Бізде емнің қолжетімділігін бақылау мақсатында құрылған сайт бар. Белгілі бір қаладағы науқас өз дәрісін уақтыла алмаса, сайтқа жазады. Біз мұндай фактілерді тіркеп, жиналған ақпаратты денсаулық сақтау министріне көрсетеміз. Кейінгі екі жылда осындай 100-ге тарта хабарлама алдық. Қазір сайтқа дискриминация бөлімін қостық. Өйткені науқастар сайтты біледі, онлайн хабарлама қалдыру бойынша жақсы тәжірибе қалыптасқан. Жазда Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс қабылданды. Онда біз үшін оң өзгерістер бар. Мысалы, енді ВИЧ диагнозы бар адамдар басқа азаматтармен тең дәрежеде бала асырап алуға құқылы. Қазір басқа заңдар мен ережелер кодекске сәйкес өзгертіліп жатыр. Келер жылы ВИЧ-ке шалдыққан адамдар бала асырап алу мүмкіндігіне ие болады деп үміттенеміз. Жаңа кодексте жұмысқа тұру бойынша жеке бөлім бар, заңда ВИЧ-пен өмір сүретін адамдарды жұмысқа алмауға немесе диагнозына байланысты қызметінен босатуға болмайды деп жазылған.

Салауат Кабжалелов Қазақстан төлқұжатын алғысы келеді.
Салауат Кабжалелов Қазақстан төлқұжатын алғысы келеді.

2019 жылдың желтоқсан айындағы дерек бойынша Қазақстанда 24 794 адамға ВИЧ диагнозы қойылған. Олардың басым көпшілігі (22 мыңнан астам адам) —15-49 жас аралығындағы адамдар. Алматы ВИЧ-инфекциясына шалдыққан науқас саны бойынша елде көш бастап тұр: қалалық СПИД-орталығында 3 660 адам тіркелген. Статистикаға сәйкес, жаңадан тіркелген ВИЧ-инфекциясының 80 пайызы — жыныстық жолмен, 18 пайызы тамырға есірткі салу кезінде ортақ ине арқылы жұғады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG