Accessibility links

Сапарбаев "командамен көшу" жайлы: "Жақсы маман керек болды"


Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев.

Азаттық тілшісі Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтан облыс басшылығына келген соң басқа аймақтарда бұрын өзімен бірге істеген шенеуніктерді командасына шақырып алғаны жайлы сұрады.

67 жастағы әкім бұл сұрақ өзіне "жиі қойылатынын" айтып, "Қазақстанның кез келген азаматы Қазақстанның кез келген жерінде жұмыс істеуге хақылы" деді.

- Әкім орынбасары қызметінен босатылды. Ол әлеуметтік салаға жауап беретін. Сондықтан осы саланы білетін адам керек болды. Жылқыбаевты алдық. Ал прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментінің басшыларын мен тағайындамаймын. Бас прокуратур мен ҰҚК төрағасы тағайындайды. Жамбыл облысындағы жағдайды ескеріп, осындай мәселелерді бұрын көрген кадр керек болған шығар. Ақтөбе облысында теракт болғанда олар сол жақта жұмыс істеген, - деді ол.

Сапарбаев "аймақта маман тапшы ма?" деген сауалға әкім орынбасары болып тағайындалған Талғат Мамаев пен облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанатбек Мәдибек Жамбыл облысынан екенін айтты.

Сапарбаев биыл ақпанда Жамбыл облысындағы қазақтар мен ұйғырлар арасындағы ұлтаралық қақтығыстан кейін аймаққа басшы болып келген. Ақпанда Сапарбаевтың орынбасары болып, Ержан Жылғыбаев тағайындалған. Сапарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрғанда Жылқыбаев оның орынбасары болған еді.

Жамбыл облысына Сапарбаев келген соң аймақ прокуроры болып Нұрғалым Әбдіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы болып Марат Ирменов тағайындалды. Екеуі де Сапарбаев Ақтөбе облысы әкімі болып тұрғанда осы аймақта басшылық қызмет атқарған.

Қыркүйекте Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы болып Әсет Қалиев бекітілді. Ол да Сапарбаев Ақтөбе облысы әкімі болып тұрғанда осы облыстың денсаулық саласын басқарған.

Сапарбаевтың Қалиевтің Жамбыл облысына келуін "жақсы маман керек болды" деп түсіндірді.

– Коронавирус эпидемиясына байланысты маман керек болды, оны шақырдық. Конкурс арқылы өтіп, тағайындалды. Жақсы жұмыс істеп жатыр, - деді әкім.

Сапарбаевтың Ақтөбе облысына әкім болып барғанда да командамен жүретіні жайлы айтылған. Сол кезде Сапарбаевтың артынан бұл аймаққа өзі әкім болған ШҚО мен ОҚО-дан мамандар барған. Сапарбаев Ақтөбе облысын басқарғанда онымен бірге Шымкентте жұмыс істеген Ілияс Спанов Ақтөбе қаласы әкімі болып тағайындалды. Ал Сапарбаев ШҚО-ны басқарғанда онымен бірге істеген Жандос Байырханов Ақтөбе әкімнің орынбасары болды.

Қазақстанда әкімдер мен министрлердің командамен жүретіні жиі байқалады.

Биыл маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Алтай Көлгіновті Нұр-Cұлтан қаласының әкімі етіп тағайындады. Көлгінов жаңа қызметке ауысқанына бір ай толғанда, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде қарамағында істеген Алтынбек Қайсағалиевті (2013 жылдан 2019 жылға дейін Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейінірек орынбасары болған) өзіне орынбасар етіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев та бұрын Батыс Қазақстан облысында осыған ұқсас қызмет атқарған.

2016 жылы Батыс Қазақстан облысын Көлгіновке дейін басқарған Нұрлан Ноғаев көрші Атырау облысына әкім боп тағайындалған кезде, Батыс Қазақстандағы бұрынғы қызметкерлері жаңа орындағы маңызды қызметтерге жайғасты.

Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек биыл маусымда биліктегі ауыс-түйістен соң "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары боп тағайындалды. Байбек Алматы әкімі болған кезде қарамағында істеген бұрынғы қызметкерлері енді партия хатшысына айналды.

Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың бір мәселесі "командамен көшу" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG