Accessibility links

Оралда "әлеуметтік желіде билік өкілін қорлады" деп айыпталған белсендіге үкім оқылды


Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиев. Орал, 10 наурыз 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиев. Орал, 10 наурыз 2017 жыл.

2 желтоқсанда Орал соты "әлеуметтік желіде билік өкілін қорлады" деп айыпталған азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиевті кінәлі деп танып, 80 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Оған қоса, сот шығынын өтеуді үкім етті.

Істе екі полицей жәбірленуші ретінде танылған. Қылмыстық іс материалдары бойынша, полиция қызметкерлері 25 қыркүйекте КамАЗ көлігін тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексерген. Кабинада Әліпқалиев пен тағы бір адам болған. Құжаттарды тексеру кезінде Әліпқалиев оқиғаны мобильді телефонына түсіре бастаған.

— Әліпқалиев мессенжер арқылы видеоға түсіре бастады. Полиция қызметкерлерін балағаттады. Адамның намысына тиетін сөздер айтқан, – деген еді іс материалдарын оқыған судья Қайрат Өтешов.

Ал белсенді полицейлердің елде билікке қарсы митинг өтетін күні машинаны тоқтатқанын айтып, бұл әрекеттің саяси астары болуы мүмкін екенін меңзеген. (Сол күні оны шамамен үш сағат полиция бөлімшесінде ұстаған). Бірақ ол күні жұмыс істегендіктен "бәрібір митингіге үлгермес едім" деп айтқан.

Әліпқалиев қылмыстық іс саяси себеппен қозғалды деп санайды. Ол қудалауды өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады. Соттан кейін үкімді апелляцияға беріп, әуре болмайтынын да жеткізді.

Бауыржан Әліпқалиев – наразылық акцияларына белсене қатысып жүрген қала тұрғыны. Осы айда белсенді Орал қаласының азаматтық сотына арыз түсіріп, әкімдіктің бейбіт шеру өткізуіне рұқсат бермеуін заңсыз деп тануды өтінген.

Биыл қыркүйек айында шетелде тұратын қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қыркүйекте митингіге шақырып, карантинге байланысты биліктен өтемақы төлеуді талап етуге үндеген.

​Митинг қарсаңында Қазақстан аймақтарында жүзден астам адам ұсталып, жазаға тартылды. Құқық қорғаушылар мұны "митинг өткізбеудің амалы" деп атаған. 25 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында полиция митинг орындарында адамдарды ұстады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG