Таулы Қарабақта соңғы қақтығыс кезінде қолға түскен этникалық армян солдаттары қатыгездікке ұшырап, соққыға жығылған. Әзербайжан солдаттары көп жағдайда олармен дөрекі қарым-қатынас жасап, намысына тиетін әрекеттер істеуге мәжбүрлеген. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы есебінде осы мәселені баяндап, жағдайға алаңдаған.
Ұйымның жазуынша, әлеуметтік желіде тараған видеоларда Әзербайжанның әскери қызметкерлері деп сипатталған адамдардың "армян тұтқындарын ұрып, теуіп, нұқып жатқаны көрінеді". Кейбір видеоларда армян тұтқындарын Әзербайжан туын сүюге мәжбүрлеу, президент Ильхам Әлиевті мадақтау, Армения премьер-министрі Никол Пашинянға ант бергізу, "Таулы Қарабақ - Әзербайжанға тиесілі" деп айтуға мәжбүрлеу сияқты көріністер бар.
Human Rights Watch ұйымы "армян тұтқындарын қорлады" делінген ондаған видеоның 14-ін мұқият зерттеп көрген. Ұйым өкілдері қорланған адамдардың бесеуінің отбасы мүшелерімен де сөйлескен. Видеолар Телеграмдағы Kolorit 18+, Karabah_News және Инстаграмдағы бірқатар парақшаларда жарияланған.
Есеп авторлары қарулы қақтығысқа қатысты халықаралық гуманитарлық құқық пен заңнама кез келген тарапты қандай жағдай болмасын, тұтқындармен адамгершілікке сай қарым-қатынас жасауды міндеттейді деп атап өткен.
Биыл қыркүйекте 1990 жылдардан бері алғаш рет Таулы Қарабақ пен оның айналасында үлкен қақтығыс басталған. Ресейдің араағайындығымен 9 қарашада қол қойылған келісім бойынша, Армения отыз жылдай бақылауында ұстаған Таулы Қарабақ айналасындағы үш аудан – Агдам, Келбаджар және Лачинді Әзербайжанға қайтаруға уағдаласқан.
Соңғы ақпарат бойынша, бұл үш ауданның барлығы да Әзербайжан бақылауына өткен.
1,5 айға жуық созылған қақтығыс кезінде екі жақтан мыңдаған адам қаза болды. Олардың арасында әскерилер де, бейбіт тұрғындар да бар.
ПІКІРЛЕР