Accessibility links

Ақтөбеде субсидиясыз қалған фермерлер наразылық білдірді (Видео)


Субсидия ала алмаған ақтөбелік фермерлер наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Мал азығы үшін бөлінген субсидияны ала алмаған 30-дан астам фермер 4 желтоқсанда Ақтөбе облысы әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Субсидия бөлу кезінде заңсыздықтар болғанын растаған әкімдік өкілдері мәселені шешуге уәде берді.

Алға ауданынан келген фермер Қыдырбай Ксуповтың айтуынша, биыл облыс бюджетінен мал азығына 3 млрд 400 млн теңге субсидия бөлінген. Алғашқы транш бойынша түскен қаражат - 1 млрд 600 млн теңге мыңға жуық қожалыққа үлестірілген.

- Субсидия ірі қожалықтарға ғана берілді. Олардың арасында мал басын көбейтіп көрсеткендер де бар, - дейді Қыдырбай Ксупов.

Фермер Руслан Шүйіншалин "шаруашылықтардың 80 пайызға жуығы мемлекет қолдауынсыз қалды" деп оған ауыл шаруашылығы басқармасын кінәлады.

- Субсидия алғандар арасында күмәнді шаруашылықтар көп. Сондай шаруашылықтардың бірінде шілде айындағы есеп бойынша, 100 сиыр болған. Ал қаржы бөлінетін қараша айында тағы 150 сиыр пайда бола қалады. Бұл - қылмыс! Меніңше, осының бәрі ауыл шаруашылығы басқармасының немқұрайлығынан туындап отыр, - дейді Руслан Шүйіншалин.

Наразы фермерлермен кездескен Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембаев субсидия тарату кезінде заңсыздықтар болғанын растады. Оның айтуынша, алғашқы транш кезіндегі заңсыздарға байланысты басқарма прокуратураға шағым жазбақшы. Ал субсидияның екінші траншы яғни, 1 млрд 800 млн теңге желтоқсанның соңына дейін таратылады.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин наразы фермерлердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 4 желтоқсан 2020 жыл.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин наразы фермерлердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 4 желтоқсан 2020 жыл.

- Заңбұзушылықтар пайда болып жатыр. Үйіндегі малын шаруашылығына жазып алып, серіктестігіне жазып алып, ақша алу мақсатында құжат тапсырған. Малдың саны екі есе өсіп кетіп тұр. Мемлекеттің ақшасы болғаннан кейін бұған ауыл шаруашылығы басқармасы жауап беруі керек. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді фермерлерді сабырға шақырған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Субсидия даулаған отыз фермер облыс әкімдігінің дәлізінде екі сағат тұрғаннан кейін тарап кетті.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында 7500-ден астам шаруа қожалығы бар. 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG