Accessibility links

Джо Байден америкалықтарды 100 күн маска тағып жүруге шақырды


Джо Байден.
Джо Байден.

20 қаңтарда инаугурациясы өтетін АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы атанған Джо Байден президенттігінің алғашқы 100 күнінде америкалықтарды маска тағып жүруге шақырды.

Байденнің пікірінше, бұл амал вирусты айтарлықтай тежеуге көмектесуі тиіс. Өкілетіне әлі кірісе қоймаған Американың келесі президенті бұл пікірін CNN телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Ол бұған қоса, Американың барлық үкіметтік мекемелерінде маска тағып жүруді міндеттейтін бұйрық шығаратынын да жеткізген.

Коронавирус індеті басталғалы бері АҚШ-та 14 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, шамамен 267 мың адам қайтыс болған. АҚШ коронавирус жұқтырғандар мен вирустан қайтыс болғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұр.

"Жүз күн ғана тағу. Сол кезде вакцинация да нәтижесін беріп, науқастар саны едәуір азаяды деп ойлаймыз" деді Байден телеарна тілшісіне.

АҚШ Конституциясы бойынша маманданған америкалық сарапшының айтуынша, президент азаматтарды маска тағып жүруге міндеттей алмайды. Бірақ CNN телернасына берген сұхбатында Байден вице-президент ретінде сайланған Камала Харриспен бірге бірінші болып өздері маска тағып, америкалықтарға үлгі көрсететінін айтқан.

Телеарнаға берген сұхбатында Байден Энтони Фаучиді АҚШ-тың бас инфекционист-сарапшысы ретінде қалдыратынын айтқан. Фаучи туралы айтып тұрып, вакцинаның қауіпсіздігіне тұрғындардың көзін жеткізу қажеттігін де алға тартқан.

Ал Энтони Фаучидің өзі BBC сайтына берген сұхбатында Ұлыбританияның неміс және америкалық компаниялар бірлесіп әзірлеген вакцинаны жылдам мақұлдауын сынағаны үшін кешірім сұраған. Екі күн бұрын Ұлыбританияның Pfizer/BioNTech вакцинасын жаппай қолдануды мақұлдағаны белгілі болған кезде Фаучи америкалық БАҚ-қа "Ұлыбритания тым асығыстық жасады" деген.

Ал Джо Байден вакцина қауіпсіздігіне байланысты қоғамда туындаған күмәнді сейілту үшін жұрт алдында коронавирус вакцинасын салдыратынын айтқан. Онымен бірге Американың бұрынғы басшылары Барак Обама, кіші Джордж Буш, Билл Клинтон да көпшілік алдында вакцина салдыруды жоспарлап отыр.

Осыған дейін америка-германиялық Pfizer/BioNTech және америкалық Moderna өздерінің вакцинасы 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген. Фирмалар АҚШ санитарлық қадағалау басқармасына вакцинаны тіркеу туралы өтініш те беріп қойған.

Ұлыбритания - Pfizer/BioNTech компаниясының вакцинасын мақұлдаған әлемдегі алғашқы ел.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG