Accessibility links

Еуроодақтың кедей елі саналатын Румынияда парламент сайлауы өтіп жатыр


6 желтоқсанда өтетін парламент сайлауы кандидаттарының постерлері. Румыния.
6 желтоқсанда өтетін парламент сайлауы кандидаттарының постерлері. Румыния.

Бүгін, 6 желтоқсан күні парламенттік-президенттік басқару формасындағы Румынияда парламент сайлауы өтіп жатыр. Қазір билік партиясы саналып отырған батысшыл либералдар коронавирус пандемиясымен тиімді күресе алмағаны үшін сынға қалып, олардың солшыл қарсыластарын қолдаушылар күшейді.

Өткен жылы Социал-демократиялық партияның (PSD) кабинеті жемқорлық дауы мен жаппай наразылыққа тап болып отставкаға кетті де, үкіметті жасақтау құқығы парламенттегі азшылық саналатын Ұлттық либералды партияға (PNL) өтті.

Кейінгі сауалнамада премьер-министр Людовик Орбан бастаған либералдарға сайлаушылардың 28 пайыздан астамы қолдау білдірген. Ал социал-демократтар 23 пайызбен екінші орында болған. Бірақ екі партияның арасындағы алшақтық қазан айынан бері қысқарып келеді. Ол кезде либералдарда 35 пайыз, социал-демократтарда 22 пайыз болған.

Маркетинг және сауалнама институтының (IMAS) 2 желтоқсандағы сауалнамасында Румынияны құтқару одағы мен Еркіндік, бірлік және солидарлық партиясының оңшыл-центристік одағы 18 пайызбен үшінші орын алған. Бұл одақ Румынияның саяси аренасында салыстырмалы түрде жаңа күш саналады. Одақтың ықпалы біртіндеп артып келеді.

Румыния – Еуроодақтың ең кедей елдерінің бірі. Бастапқыда румын үкіметі ауруханалардың ескілігіне, медқызметкерлердің елден жаппай кетуіне және жемқорлыққа қарамастан коронавирус пандемиясына тойтарыс бере алды. Орбанның үкіметі жылдам шаралар қабылдап, екі айға төтенше жағдай енгізді. Бұл вирустың тарауын тежеп, өлім санының өсуіне жол бермеді, бірақ экономиканы әлсіретіп жіберді.

Алайда жаз айларында індет екінші рет өршіген тұста, үкімет бұрынғыдай батыл қадамдарға бара қоймады. Бірінші толқыннан кейін енді қалпына келе бастаған денсаулық сақтау жүйесіне қайтадан үлкен салмақ түсті. 6 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 19,3 миллион халқы бар Румынияда барлығы 508 мыңнан астам коронавирус науқасы тіркелген. Covid ауруынан қайтыс болғандар 12 мыңнан асқан.

Румындар 136 сенатор мен 329 депутатын сайламақ. Сайлаушылардың 40 пайызы дауыс беріледі деп күтіліп отыр. Төрт миллионға жуық румын Батыс Еуропа елдерінде тұрады. Олар әдетте социал-демократтарға қарсы дауыс береді, себебі олар елден кетуге мәжбүр болғаны осы партияны және ондағы жемқорлықты кінәлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG