Accessibility links

Тәжікстан Сириядағы азаматтарын қайтару үшін Асад үкіметімен келіссөз жүргізіп жатыр


Әл-Хол лагері.
Әл-Хол лагері.

Тәжікстан Сириядағы азаматтарын қайтару үшін Дамаск және халықаралық Қызыл Крест ұйымы өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

Тәжікстан СІМ-нің хабарлауынша, Тәжікстанның Кувейттегі елшісі Зубайдулло Зубайзода Қызыл Крест өкілдері және Сирияның сыртқы істер министрі Файсал әл-Микдадпен кездесу кезінде әл-Хол лагеріндегі тәжік азаматтарын елге қайтару мәселесін талқылаған.

Ақпарат бойынша, әл-Хол мен әл-Хасака лагерінде 500-ден астам тәжік әйелі мен бала бар. Бұлар - "Ислам мемлекеті" террористік тобы қатарында соғысқан содырлардың отбасы.

2017-2018 жылдары "Ислам мемлекеті" тобы жеңілгеннен кейін содырлардың отбасы күрд жасақтарының қолына түскен. Ізінше Сирияның бірнеше қаласындағы босқындар лагеріне орналастырылған. Дегенмен тәжік билігінің күрдтермен келіссөз жүргізіп жатқаны жайлы ақпарат әзірге айтылмайды.

Осыған дейін Тәжікстан билігі әйелдер мен балаларды бірнеше рет қайтаруға күш салған, бірақ індетке байланысты операция кейінге шегерілген.

Әл-Хол лагерінде тұрып жатқан тәжік әйелдерінің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне тәжік билігінің талпынысына қатты қуанатынын жеткізген. Ол Сирияға 2014 жылы күйеуінің нұсқауымен келген. Бірнеше айдан соң күйеуі қақтығыста қаза тапқан. Ол өзі сияқты күйеуі қысым жасап немесе алданып келген тәжік әйелдерінің көп екенін айтқан.

Душанбе тәжік азаматтарын қайтару үшін Башар Асад үкіметі өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Бірақ тәжік азаматтары күрдтер бақылауындағы лагерьлерде болғандықтан және күрдтер Асад әскеріне қарамағандықтан кездесулерден нәтиже шыға қоймаған. Сирия лагерьлеріндегі азаматтарын эвакуациялағысы келетін елдер әдетте дипломатиялық этиканы сақтап, Дамаскіге бір рет қана шығады. Кейіннен күрд жасақтарымен бөлек келіссөз жүргізеді.

Әл-Хол лагеріндегі әйелдердің бірі қазіргі кезде Ресей, Қазақстан, Өзбекстан билігінің лагерьлердегі азаматтарын қайтару үшін күрд жасақтарымен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан. Қараша айының соңында Өзбекстан үкіметі лагерьдегі шамамен 100 әйел мен баланы қайтару туралы күрдтермен келіссөз өткізген.

Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан Сириядағы жүздеген азаматын еліне қайтарған.

БҰҰ мәліметінше, Сириядағы Әл-Хол лагерінде шамамен 65 мың адам тұрып жатыр: 28 мыңы – Сирия, 30 мыңы – Ирак, шамамен 10 мыңы шетел азаматы. Арасында 570 тәжік бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG