Accessibility links

Алматы әкімі мемлекеттік тапсырысқа миллиондаған қаржы жұмсауды "қалыпты" деп санайды


Алматы әкімі Бақытжа Сағынтаев.
Алматы әкімі Бақытжа Сағынтаев.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттің ақпарат саясатын жүзеге асыру үшін қала бюджетінен миллиондаған қаржы жұмсауды "қалыпты жағдай" санайды. 7 желтоқсанда орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген қала әкімі биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша материалдар жариялауға шамамен 700 миллион теңге (1,6 миллион доллардан астам) жұмсалғанын айтты.

— Бұл қала әкімінің жұмысын жарнамалау үшін жасалып отырған жоқ. Менің Instagram-да өз парақшам бар, сол жақта есептерімді жариялаймын. Маған оның (жарнама) қажеті жоқ. Өзімнің баспасөз хатшым бар, ол да жұмысын істеп жатыр. Бірақ егер қалада қандай да бір шаруалар атқарылып жатса, бәлкім оны көрсету керек шығар. Ол туралы айту керек. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мемлекеттің ақпарат саясаты деген осы ғой. Мәселе "мен төледім, сен мақтада" тұрған жоқ. Ақпарат құралдарына бізді мақтасын деп ақша төлемейміз. Біз өз жұмысымызды көрсетеміз. Бұл қала әкімінің ғана шаруасы емес - тұтас мемлекеттің ақпарат саясаты, — деді Сағынтаев.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы мемлекеттің ақпарат саясатын қағаз басылымдар мен интернет сайттардың көмегімен жүзеге асыру үшін бюджеттен 728 млн теңге бөлінген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6 млн теңгеге көп.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпарат бойынша, 2019 жылдан бері Алматы әкімдігінен көп қаражат алатын жекеменшік сайттар арасында NewTimes.kz (35,3 миллион теңге), Zakon.kz (28,1 миллион теңге), Qamshy Media (23,7 миллион теңге), NewTimes.kz иесі ретінде көрсетілген "Рысбай-ЕЛ" (17,8 миллион теңге) бар. Мемлекеттік БАҚ арасында әкімдіктен "Қазақстан" телеарнасы - 23 млн теңге, "Хабар" арнасы - 22 млн теңге, республикалық "Егемен Қазақстан" басылымы 17,4 млн теңге алған.

Әкімдік ақпараты бойынша, 2019-2020 жылдары мемлекеттік тапсырыс шығыны 1,5 млрд теңгеге де жетпеген. Бірақ Алматы әкімдігінің бюджетінен телеарналар мен басылымдарға бөлінген жалпы қаражат көлемі 4,8 млрд теңгені құраған.

Шенеуніктер қызметі туралы ақпарат таратқаны үшін БАҚ-қа ақша төлеу практикасы Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Әкімдік тапсырмасымен жарияланған материалдарда мемлекеттік бағдарламалар мен бұрынғы және қазіргі президент тапсырмаларының орындалу барысы сияқты ақпарат болады. Әдетте мұндай мақалалар немесе бағдарламаларда шенеуніктер мен мемлекеттік органдар жақсы жағынан көрініп, мәселелер тасада қалып қояды. Салық төлеушілердің ақшасы есебінен әзірленген медиаөнімдерге "мемлекеттік тапсырыс" немесе "әріптестік материал" деген белгі қойылмайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жекеменшік ақпарат құралдарына бюджеттен нақты қанша ақша бөлінгені туралы толық ақпаратты жарияламайды. Қазан айында ведомство жетекшісі Аида Балаева Азаттыққа кейбір ақпарат құралдары өздеріне қанша ақша бөлінгенін айтқысы келмейді деп мәлімдеген.

Осыған дейін "Құқықтық медиа орталық" ұйымы мемлекеттік тапсырыс алушылар туралы толық ақпарат бермеудің заңсыз екенін айтып, министрлікпен соттасқан. Сот үкіметтік емес ұйымның шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Азаматтық қоғам өкілдері жоғарғы сотқа қайырылғанмен "Құқықтық медиа орталығының" шағымы қанағаттандырылмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG