Accessibility links

Миллиондаған бюджет ақшасын наразы көңіл-күйді анықтауға жұмсаудың мәнісі не?


Компьютердің алдында отырған адам.

Әкімдіктер салық төлеушілерден жиналған қаржының қаншасын олардың наразы көңіл-күйін анықтауға жұмсап отыр? Азаттық сарапшылардан Қазақстан өңірлерінде биліктің неліктен мұндай "зерттеулерге" тапсырыс беретінін сұрады.

Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президентінің тапсырмалары мен үндеулерін жұрт қалай қабылдайды? Ал мемлекеттік бағдарламаларды ше? Тұрғындар наразылық акциясына шығуы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін Шығыс Қазақстан облысы билігі бюджеттен 2 678 571 теңге (ресми айырбас бағамы: 1 доллар = 412,18 теңге) бөлген. Өңірлік ішкі саясат басқармасы маусымда мемлекеттік сатып алу сайтында "Қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг" деп аталатын қызметке тапсырыс берген. Бір күннен соң кейінгі бір жарым жылда басқармадан 300 мың доллардан астам қаржыға мемлекеттік тапсырыс алған ұйым – "Шығыс Қазақстан облысының сараптау және болжау институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (ЖШС) келісім жасалған.

СЕРІКТЕСТІК ТҮРІНДЕГІ ИНСТИТУТТЫҢ ТЕНДЕРДЕГІ ЖЕҢІСІ

Қызмет көрсетуші ұйым әр тоқсан сайын жүргізуі тиіс әлеуметтік зерттеу "мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің деңгейін арттырып, практикалық кеңестер ұсыну" үшін әлеуметтік көңіл-күй мен оның динамикасын анықтау мақсатын көздейді. Тапсырыс берушінің талабында "халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өзін қалай сезінетінін" зерттеп, облыс қалалары мен аудандарындағы көкейкесті әлеуметтік мәселелерді анықтау керегі жазылған.

Серіктестік түріндегі институт ішкі саясат басқармасынан бірінші рет тендер алып отырған жоқ. Өткен айдың басында ЖШС "өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін" бағалау жөнінде зерттеу жүргізу үшін келісімге отырған. Қызмет көрсетуші ұйымның міндеті – жастардың әлеуметтік тұрғыда өзін қалай сезінетінін, негізгі қажеттігі мен миграциялық көңіл-күйін анықтау. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 785 714 теңге бөлінген.

Шығыс Қазақстан облысында наразылық акциялары сирек болады. Әдетте елде митингіге шығуға талпынғандар тосқауылға кезігеді, полиция қарсылық акциясы өтеді деп алдын ала белгіленген жерге жақындаған адамдарды ұстап әкетеді. Суретте: полиция арнайы жасағы наразылар жиналады деп хабарланған жерде тұр. Семей, 6 маусым 2020 жыл.
Шығыс Қазақстан облысында наразылық акциялары сирек болады. Әдетте елде митингіге шығуға талпынғандар тосқауылға кезігеді, полиция қарсылық акциясы өтеді деп алдын ала белгіленген жерге жақындаған адамдарды ұстап әкетеді. Суретте: полиция арнайы жасағы наразылар жиналады деп хабарланған жерде тұр. Семей, 6 маусым 2020 жыл.

Үш ай бұрын, сәуірде, басқарма қызметті бір көзден сатып алу тәсілі бойынша, яғни, байқауға өзге ешкімді қатыстырмай, дәл осы институтпен 7,7 миллион теңгеге (атқарылған жұмыс актісі бойынша – 8,65 миллион теңге) келісім жасаған. Билік бұл ақшаға 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы деректер бойынша облыстағы қоғамдық-саяси тұрақтылық жөнінде интерактивті жинақ картасын құрастыруға тапсырыс берген.

Лот сипаттамасына сәйкес, "наразылықты алдын-ала болжау және азайту" үшін ағымдағы қоғамдық-саяси жағдайды анықтау керек. Ерекше назар аударатын дерек: зерттеу барысында қала/аудан әкімінің қызметіне оң баға беретін азаматтар үлесін анықтау да көзделген.

Облыс билігі "қоғамдық-саяси тұрақтылық жөніндегі жинақ картасына" әр тоқсан сайын тапсырыс береді. Мысалы, 2019 жылдың төртінші тоқсанында осындай зерттеуге бюджеттен 13 140 335 теңге (акт бойынша – 14 717 176 теңге); былтыр үшінші тоқсанда жоспар бойынша – 8,4 миллион теңге, акт бойынша – 9,5 миллион теңге; екінші тоқсанда жоспар бойынша – 8 миллион теңге, акт бойынша – 9 миллион теңге; ал бірінші тоқсанда жоспар бойынша – 8,9 миллион теңге және акт бойынша – 10 миллион теңге бөлінген. 2018 жылы карта 20,5 миллион теңгеге (акт бойынша – 23 миллион теңгеге) түскен.

Шығыс Қазақстан облысының сараптау және болжау институты наразы көңіл-күй мен қоғамдық-саяси жағдайға ғана "мониторинг" жүргізбейді. 2019 жылдың қазан айында институт тендер арқылы "әлеуметтік-экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне мониторинг" жүргізуге 7,6 миллион теңге алған. Бұл мониторинг әртүрлі әлеуметтік топқа жататын азаматтарды алаңдататын себептер мен наразы топтардың құрылуына әкелетін алғышарттарды анықтау мақсатын көздейді. Институтқа жүктелген міндеттер "картаға" қойылған талаптармен ұқсас.

Коронавирус пандемиясы өршіп, Қазақстан үкіметі бюджет қаржысын үнемдеу және шығындарды бақылауға алу қажеті жөнінде мәлімдеме жасаған шілде айында Шығыс Қазақстан облысындағы институт жергілікті басқармадан жаңа тапсырыс алған. Бұл жолы институтқа екінші тоқсанда өңірлік және республикалық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жүргізілген "мониторинг нәтижесі туралы есеп дайындау" (келісім құны – 4 464 285 теңге) және облыстық "Журналистер форумын" ұйымдастыру (1 964 285 теңге) жүктелген.

ТАПСЫРЫС БЕРУШІ МЕН ОРЫНДАУШЫ БІР КЕҢЕСКЕ МҮШЕ

2019 жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған жалпы құны шамамен 140 миллион теңге болатын (қазіргі валюта бағамы бойынша 344 мың доллардан астам) ондаған тендерді жеңген серіктестік 2007 жылы ақпанда тіркелген. Қызмет түрі: қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар. Басшысы – облыстық мәслихат депутаты, биліктегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі Олег Чернышов. Чернышов сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсын да басқарады.

Қызметке тапсырыс беруші ұйым – облыстық ішкі саясат басқармасын 2019 жылдың мамыр айынан бастап Ирина Смит басқарады. Назар аударатын бір факт: Чернышов пен Смит бір қоғамдық кеңеске мүше және екеуі де өңірлік қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары жөніндегі комиссия құрамына кіреді.

Азаттық тілшісі Олег Чернышовтан пікір алуға тырысқан еді. Бірақ ол сыпайы түрде бас тартып, барлық сұрақты тапсырыс беруші – ішкі саясат басқармасына қойған жөн болатынын айтты.

Қоғамдық пікір сауалнамасы наразы топтарды анықтауды көздемейді.

Азаттықтың жолдаған хатына жауабында басқарма наразы көңіл-күй "көкейкесті мәселелер мен оларды шешу жолдарын анықтау" мақсатында зерттелетінін жазған.

Басқарма басшысы Ирина Смит қол қойған хатта "Қоғамдық пікір сауалнамасы наразы топтарды анықтауды көздемейді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелер, елдімекендерді дамыту перспективасына көзқарас, наразылық шараларына қатысу ықтималдылығы, наразылық себептері зерттеледі" делінген.

Басқарма хатында неге наразы көңіл-күйді анықтайтын "қоғамдық-саяси жағдай мониторингінен" бөлек, осыған ұқсас мақсатта жасалатын "жинақ карталарына" тапсырыс берудің себебі түсіндірілмеген.

Әкімдікке қарасты басқарма жауабында "тапсырыс беруші (Смит) пен тапсырысты орындаушы (Чернышовтың) (қоғамдық кеңестегі) диалог алаңдарына бірге қатысуы мемлекеттік сатып алуға қатысуға кедергі бола алмайды" делінген.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, облыс билігі өңірдегі наразы көңіл-күй деңгейін анықтауды кем дегенде 2017 жылдан бастап қолға алған. Бірақ сараптау және болжау институтының сайтында 2009-2010 жылдары жасалған есептер де кездеседі. Басқарма жауабында "сауалнама нәтижесін институт сайтынан көруге болады" деп жазылғанымен, ол жерден басқа есептер табылмады (мүмкін басқа сайт бар шығар).

"АЗАМАТТАРҒА ҚАРСЫ ҚОЛДАНЫЛМАЙТЫНЫНА ЕШКІМ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ"

Шығыс Қазақстан облысындағы халықтың наразы көңіл-күйін анықтауға берілген тапсырыс – Қазақстанда сирек кездесетін жағдай емес. Мұндай зерттеулер басқа өңірлерде де жүргізіледі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында ішкі саясат басқармасы мамырда қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жүргізуге 3,2 миллион теңге бөлген. "Бір көзден алу" тәсілімен өткен тендерді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жеңген. Басқарма Азаттықтың хатына жауап бермеді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов бюджет қаржысын мұндай тапсырыстарға жұмсауды "нонсенс" деп атайды. Ол шығындардың тиімді жұмсалуы мен мұндай мониторинг жүргізу қажеттігіне күмәнмен қарайды.

- [Зерттеулерге] аз ақша жұмсалып отырған жоқ деп ойлаймын. Олар (қызмет көрсетушілер. – ред.) тапсырысты компьютерлік бағдарлама көмегімен орындайды, яғни, менің ойымша, бұл жұмыс көп адам капиталын, интеллект пен ақылды қажет етпейді. Мұны жақсы бизнес деп атауға болады, – дейді сарапшы.

Бұл деректердің азаматтарға қарсы қолданылмайтынына ешкім кепілдік бермейді.

Нұрсейітов тұрғындардың көңіл-күйін зерттеу – дамыған демократиялық елдерде қолданылатын қалыпты тәжірибе екенін, бірақ Қазақстанда деректердің қалай қолданылатынына байланысты сұрақтар барын айтады.

- Айталық, АҚШ-та Трамптың эмиграцияға байланысты саясатына азаматтар қарсы. Ал Трамп бұл деректерді қайтадан сайлану үшін пайдаланады, бұл – қалыпты құбылыс. Сондай-ақ саяси бәсекелестер бір-бірі туралы зерттеу жүргізетін Opposition research бар. Бірақ бұл елде заңдар жұмыс істеп, саяси бәсеке бар кезде ғана жүзеге асатын дүние. Қазақстанда саяси бәсеке жоғын ескеру керек. Бізде әділ сайлау өтпеген. "Әртүрлі саяси ағымдар, әртүрлі идеология болуы мүмкін, азаматтардың биліктің позициясымен сәйкес келмейтін өз пікірін білдіруге құқығы бар" деген түсінік жоқ. Сондықтан "мониторинг жүйелері мен фокус-топтар арқылы жиналған деректер қалай қолданылады?" деген сұрақ туады. Қоғамның наразы көңіл-күйін ескеріп, азаматтарға пайдалы шараларды қолға ала ма, әлде бұл деректерді саяси қудалау мен қысымды күшейтуге пайдалана ма? Бұл деректердің азаматтарға қарсы қолданылмайтынына ешкім кепілдік бермейді, - дейді саясаттанушы.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис билік наразы көңіл-күй туралы зерттеулерге тапсырыс беру арқылы оппозициялық базаны анықтауға қол жеткізетінін айтады.

- Жалпы алғанда, адамдарды не толғандыратынын білуге тырысқанда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ біз елде сөз бостандығы мен әділ сот жоғына үйреніп қалғандықтан, оппозициялық база зерттеліп, оларды жақтаушылар анықталуы мүмкін. Шын мәнінде қоғам өкілдері (оның ішінде билікке қарсы наразы азаматтар да бар) мемлекетке өз құқығының қорғалуы үшін салық төлейді. Бірақ мемлекет адамдардың ақшасын оларды бақылауда ұстауға жұмсап отыр. Бұл – авторитарлы мемлекеттің классикалық сипаттамасы, - дейді Жовтис.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG