Accessibility links

Қазақстанда интернет еркіндігі "тым нашарлап кеткені" айтылды


Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернетте қолданушы құпиялығын шектеуге және цензураға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.

Қарашаның 5-і күні Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы "Интернеттегі еркіндік" (Freedom on the Net-2019) есебін жариялады. Онда Қазақстанда "бір жыл ішінде интернеттегі еркіндік тым нашарлап кеткені" айтылған. Ұйым Қазақстанды "интернеті еркін емес ел" деп таныды.

ТРОЛЛЬДЕР, БОТТАР ЖӘНЕ ГИПЕРПАРТИЗАН КОММЕНТАТОРЛАР

Халықаралық құқық қорғау ұйымы Freedom on the Net – "Интернеттегі еркіндік" есебінде "әлем елдерінде билік өкілдері технологияны цифрлық авторитаризмге бұрып, әлеуметтік желіні сайлау нәтижесіне әсер етуге және азаматтарын бақылауда ұстауға пайдалануын жиілетті" деп жазады. "Осының әсерінен дүние жүзіндегі интернеттегі еркіндік тоғыз жылдан бері нашарлап келеді" дейді Freedom House. Ұйым есепке кірген 65 мемлекеттің қырығында билік әлеуметтік желіні бақылайтын арнаулы бағдарлама қолданатынын анықтаған.

Freedom House ұйымының жазуынша, интернеттегі еркіндік азая түскен 33 елдің арасында Қазақстан да бар.

"Ұпайы қатты азайған елдер – Судан мен Қазақстан. Одан соң – Бразилия, Бангладеш пен Зимбабве" деп жазады ұйым. Freedom House Қазақстанға 100-ден 32 ұпай (0-39 балл арасы – "интернеті еркін емес" дегенді білдіреді) берген. Қазақстанмен бір қатарда Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Пәкістан, Өзбекстан мен Иран тұр.

Freedom House биылғы есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылары немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын" елдердің қатарына енгізген.

Ұйым есебінше, Қазақстанда "билікшіл тролльдер интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастырады".

"Қазақстанда жұртты шатастыратын немесе билікті, саяси партияның аппаратын қолдайтын контенттерді тарату үшін боттарды, гиперпартизан комментаторларды, жаңалық сайттарын, желідегі топтарды пайдаланады" деп жазылған есепте.

Freedom House ұйымы "Қазақстанда адамдардың жеке деректерін бақылау күшейгенін" де атап өткен.

Freedom on the Net есебіндегі Қазақстанға байланысты айтылған негізгі фактілер:

  • Қазақстанда ұзақ уақыт президент болған Нұрсұлтан Назарбаевтың күтпеген жерден өкілетін тоқтатуы, ол таңдаған кандидаттың қолдан ұйымдастырылған сайлауда жеңіске жетуі елде наразылықты өршітті. Билік сайлау уақытында интернет жұмысына жиі кедергі келтіріп, жергілікті және халықаралық ақпарат сайттарын бұғаттады. Белсенділердің үнін өшіру үшін әлеуметтік желілердің жұмысын шектеді.
  • Қазақстанда биліктің ұялы байланыс нарығын монополизация жасауы және тұрғындарды бақылауда ұстауы интернет еркіндігінің нашарлауына әкеп соқты.
  • Қазақстан Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қатысы бар және АҚШ-тың санкциясына ілінген компаниядан ("Квант" институты – ред.) 4,3 миллион долларға қоғамдағы наразылық көңіл-күйді анықтап, талдау жасау үшін әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу жүйесін сатып алған. Бұл жайт 2018 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Жүйе әлеуметтік желілерде "мемлекетке нұқсан келтіретін мақалаларды" анықтай алады. Қазақстан бұл құрылғы арқылы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын қолдаған жазбаларды анықтап, азаматтарды соттауы мүмкін.

"FAKE АККАУНТТАРДА FAKE САЯСАТ ЖҮРІП ЖАТЫР"

Freedom House ұйымының есебі жайлы Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар да соңғы кезде Қазақстанда интернетте шектеу күшейіп, онлайндағы еркіндік тарылып келе жатқанын айтады. Құқық қорғаушы, қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Freedom House есебінде айтылған фактілермен толық келіседі.

- Елдегі интернет жағдайы нашарлап барады. Біріншіден, көптеген органдарға интернетті, желіні бұғаттауға рұқсат берілді я болмаса бұғаттау жолы жеңілдеді. Екіншіден, елде 174-бап (Араздықты қоздыру) және 405-бап (Экстремистік ұйым жұмысына араласу) бойынша қозғалған қылмыстық істердің түгелі органдардың интернетте бақылау орнату салдарынан қозғалып жатыр. Елде интернет толық бақылауда және адамдар интернеттегі жазбалары, лайк басқаны және жазбаларды бөліскені үшін жауапқа тартылып жатыр. Қазір билікте жалпы сөз бостандығын шектей алатын мықты ресурс бар. Сондықтан Қазақстан Fredoom House тарапынан осындай бағаға лайық, - дейді ол.

АҚШ-тың Мичиган университетіндегі Censored Planet зерттеу тобының құрамында Qaznet Trust Network сертификатын тестілеуден өткізген ресейлік IT-маман Леонид Евдокимов "Қазақстанда бір жылда интернеттегі еркіндік бойынша ештеңе өзгерген жоқ" деп санайды. Ол 2019 жылдың басында Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов Франциядан тікелей эфирге шыққанда елде Youtube пен Telegram сынды желілер бұғатталғанын да еске алды.

Маман Қазақстан билігінің "Қауіпсіздік сертификатын" орнату идеясы да азаматтардың жеке бас деректеріне, еркіндіктеріне үлкен қауіп төндіргенін айтады (Қазақстан билігі халықаралық ұйымдар мен елдегі қарсылықтан кейін бұл сертификаттан бас тартты. Билік "Қауіпсіздік сертификаты" сынақ болғанын, елдің ақпараттық кеңістігіне қауіп төнсе қайта іске қосылатынын мәлімдеді).

- "Қауіпсіздік сертификатының" мақсаты мен оған қатысы бар құрылғы халыққа үлкен қауіп төндірді. Бұл сертификаттың бейресми идеясының бірі Facebook пен Youtube желісіндегі кейбір контенттерді бұғаттау болды. "Қауіпсіздік сертификатын" пайдаланбай желідегі кейбір материалдарды бұғаттау өте қиын. Ал "Қауіпсіздік сертификатының" ресми мақсатын "алаяқтар мен "заңсыз контенттерден қорғау" деді. Қазақстан билігі өзін сынаушы Мұхтар Әблязовты (елде тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі – ред.) "алаяқ" деп, оның интернетте жариялаған дүниелерін "заңсыз контент" деп тани салуына ешкім де кедергі келтірмейді, - дейді маман.

Respublika қозғалысының мүшесі, Қазақстан билігінің ұялы телефондарға "Қауіпсіздік сертификатын" орнату идеясына қарсы шыққан белсенді Бэлла Орынбетова да "елде интернеттегі қысым мен бақылау жыл сайын күшейіп бара жатыр" деп санайды.

- Билік "Қазақстанда бәрі жақсы" деген картина жасағысы келеді. Жақсы жағдайды шын өмірде жасай алмаған соң оны интернетте жасап жатыр. Елде институт атын жамылған тролльдер фирмасы бар. Қазақстанда fake аккаунттармен fake саясат жүріп жатыр. Respublika қозғалысының чаттарында биліктің адамдары да болғанын білдік. Getcontact қосымшасы арқылы чатымызда орган адамдары барын анықтадық. Осы арқылы билік барлық процестерді қадағалау емес, басқаруға, еркіндікті шектеуге тырысады, - дейді ол.

Ал қазақстандық IT-маман Садық Шерімбек биліктің интернеттегі еркіндікті шектеуі халықтың ашу-ызасы мен сенімсіздігін күшейте түседі деп санайды.

- Былтырдан бері елде болып жатқан "түсініксіз" оқиғалардың салдары ескі биліктің елдегі ақпараттық саясатты жасауға қауқарсыз екенін анық көрсетті. Елдегі тоқтаусыз бұғаттаулар мен ақпараттық шектеулер сол дәрменсіздіктің көрінісі деп білемін. Министрліктің қоғам алдындағы ашық өтіріктеріне соңғы мезеттерде халық жай ғана күліп қарайтын болды. Ресми ақпаратқа ешкім де сенбейтін халге жеттік. Интернет беттерінде ойларын ашық жеткізген белсенділерге талай рет қоқан-лоқы жасалғанына куә болып келеміз. Ал бүкіл халықтық қауіпсіздік сертификатын әлемдік техноөнім жасаушылардың өздері (Apple, Mozilla, Coogle Chrome "Қауіпсіздік сертификатын" бұғаттайтындарын хабарлаған – ред.) "қара тізімге" қосып жіберді. Қазір биліктің халық алдында абыройын көтеретін жалғыз жол бар. Ол – шынайылық. Өз азаматтарының ақпараттық құқығын шектеу арқылы жүйе тек сүйкімсіздікті арттыра бермек, - дейді ол.

Freedom House есеп жүргізіп келе жатқан 2011 жылдан бері Қазақстан бірде-бір рет "интернеті еркін ел" деп аталған емес. 2014 жылға дейін Қазақстан "интернеті жартылай еркін ел" деп саналып келген. Ал 2015 жылы Қазақстанның көрсеткіші нашарлап, "интернеті еркін емес елдер" қатарына қосылған. Содан бері Қазақстан бұл тізімнен шыққан жоқ.

Ресми Нұр-Сұлтан елде интернет бұғатталатынын мойындамайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Асқар Жұмағалиев те үкіметтің интернетті бұғаттауға қатысы жоғын бірнеше рет айтқан.

Министр Дәурен Абаев: "Интернеттегі бөгетке қатысымыз жоқ" (15 қаңтар 2019 жыл)

Министр Абаев: "Интернеттегі бөгетке қатысымыз жоқ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:20 0:00

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG