АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 15 миллионнан асты. Осы тұста билік коронавирус вакцинасын тез арада тіркеп, пайдалануға күш салып жатыр.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 8 желтоқсанда кемінде үш штат науқастар саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркеген. Денсаулық сақтау саласының мамандары АҚШ-ты күрделі кезең күтіп тұр деп ескертеді.
Осы аптада дәрі-дәрмек пайдалану ісін реттейтін қызмет Pfizer/BioNTech вакцинасы туралы ақпарат жариялаған. Вакцинаның тиімді әрі қауіпсіз екенін куәландыратын құжаттар 10 желтоқсан күнгі кездесуге орай әзірленген. Бейсенбі күні мамандар Pfizer/BioNTech вакцинасын пайдалануға шұғыл түрде рұқсат беру мәселесін талқылайды. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары преператты қолдануға рұқсат береді деп болжайды.
Өткен аптада Pfizer/BioNTech вакцинасын әлемде бірінші болып тіркеген Ұлыбритания 8 желтоқсанда тұрғындарға жаппай вакцина салу бағдарламасын бастаған. Вакцина бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80-нен асқан егде адамдарға салынады.
АҚШ-та күн сайын коронавирустан шамамен 2 мың адам қайтыс болады. Елдегі ауруханалардың басым бөлігі толған.
ПІКІРЛЕР