Accessibility links

Алматыда жаңа жыл кештері мен отырыстарын өткізуге тыйым салынды


Жаңа жыл қарсаңында безендірілген сауда орталығы. 9 желтоқсан 2020 жыл.
Жаңа жыл қарсаңында безендірілген сауда орталығы. 9 желтоқсан 2020 жыл.

Коронавирус бойынша "сары аймақта" тұрған Алматы қаласында жаңа жыл кештері мен отырыстарын өткізуге тыйым салынды. 9 желтоқсанда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деді.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа жыл қарсаңында және жаңа жыл түні көп адам жиналатын мереке ұйымдастыруға болмайды. Даладағы шыршалар маңында да іс-шара өткізуге рұқсат жоқ. Бекшиннің айтуынша, жаңа жыл түні дәмхана, мейрамханаларда келетін адамдар залдағы орынның 50 пайызынан аспауы тиіс.

Жаңа жыл қарсаңында ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты қысқарады. Қала бас санитарының айтуынша, жаңа жыл алдындағы қарбаласқа байланысты қаладағы ойын-сауық орталықтары 24 сағат бойы жұмыс істеуі мүмкін, алайда түпкілікті шешім шықпаған.

Бекшиннің айтуынша, әлеуметтік ахуалы нашар отбасыларға жаңа жыл сыйлықтары санитария талаптарын сақтай отырып, курьер арқылы таратылады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, коронавирустың күшеюіне байланысты алдағы бірнеше күнде Алматыда мынадай шектеулер күшіне енуі мүмкін:

  • қызметкері 15-тен асатын мекемелерді қызметкерлерінің 60-80 пайызын қашықтан істетуге міндеттеу;
  • ойын-сауық орталықтары жұмысын шектеу, сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат беру, жексенбі күні жабу;
  • дәмхана, мейрамханалардың таңғы сағат 7.00 мен түнгі 23.00 арасында жұмыс істеуіне рұқсат беру, залды 50 пайыздан артық толтырмау;
  • халыққа қызмет орталықтарына жай күндері - сағат 10.00-18.00, сенбі күні 10.00-15.00 аралығында істеуге рұқсат беру;
  • туристік нысандар жұмысын шектеу.

Алматы қаласында кейінгі уақытта күн сайын орта есеппен 65-70 науқас адам коронавирус инфекциясымен тіркеліп жүр. Бұл жөнінен Алматы Шығыс Қазақстан облысынан (17 329) кейін екінші (16 667) тұр.

Наурыз айынан бері Алматыда коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар арасында 341 адам қайтыс болған. Бұл - республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қалада қанша адамның коронавирус пневмониясынан қайтыс болғаны белгісіз. Билік тамызға дейінгі коронавирус пневмониясы жайлы ақпаратты толық берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG