Accessibility links

Беларусь коронавирусқа байланысты елден шығуға уақытша тыйым салады


Беларусь-Литва шекарасындағы бақылау өткізу пункті.
Беларусь-Литва шекарасындағы бақылау өткізу пункті.

Беларусь билігі коронавирусқа байланысты 20 желтоқсаннан бастап шекарадағы бақылау-өткізу пунктері арқылы елден шығуға уақытша тыйым салады.

Беларусь үкіметінің қаулысында тек ерекше жағдайда ғана елден шығуға рұқсат берілетіні жазылған. Бірақ дипломаттар мен ресми делегация өкілдері, халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, ұшақ, кеме, пойыз қызметкерлері бұрынғыша шекарадан еркін өте береді. Денсаулық жағдайына байланысты да елден шығуға рұқсат берілуі мүмкін.

5 қарашада Александр Лукашенко шетел азаматтары ғана емес, "осындай күрделі шақта елін тастап кеткен" белорустарды да елге кіргізбеуді тапсырған.

"Кім болса да, бізге вирус тасудың қажеті жоқ. Оқуға кетсе - оқысын, жұмыс істеймін десе - істесін. Біз кетер кезде оларға кедергі жасаған жоқпыз ғой. Сондықтан сол жақта жұмысын істеп, емделсін" деген еді.

Соңғы айларда көрші елдерге кетіп, сол жақтан саяси баспана сұраған белорустар көбейген. Ақпарат құралдарының мәліметінше, қазір Польшада 500 белорус бар. Тамыз айының соңында Беларусьте наразылықтың ұзаққа созылатыны белгілі болған кезде Польша, Литва, Украина, Латвия белорус азаматтарын жеңіл тәртіппен қабылдауға әзір екенін айтқан.

  • 9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған.
  • Беларусь денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазірге дейін 152 453 адамнан коронавирус анықталған, 1230 адам қайтыс болған. Індет басталған шақта билік көпке дейін карантин енгізбеді. Лукашенко қолды жиі жуып, хоккей ойнауға кеңес берген. "Халықтың 97 пайызы коронавирустың симптомсыз түрімен ауырып жатыр, сол себепті одан қорқудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG